Әлеумет
Шөптің жәрмеңкесі қызып келеді
Өткен сенбіде аудан орталығында кезекті ауылшаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Бұл жолғы жәрмеңкеде негізінен мал азығына маңыз берілді. Сондықтан, шаруашылықтар төрт мыңға тарта тюк пен 35 рулон шөп әкелді.
Ал, сиыр етін іздегендерді «Мұрагер» шаруа қожалығы қарқ қылды. Бағасы базардан әлдеқайда арзан етті талап кетті десе де болады. Қараойдан келген «Жолдығали» шаруа қожалығы әкелген 80 кг қой еті де сөреде көп кідірген жоқ. Тамыз туа қыстың ызғары сезілгесін шөпке де сұраныс күшейіп келеді. Тұрғындар оның сапасы күн өткен сайын кеми беретінін де түсінген сыңайлы. Содан болса керек, жәрмеңкеге әкелінген шөптер тез өтіп кетті. Сонымен қатар, жәрмеңке сөресінен сары май мен қаймақ, тары-талқан да табылды.