Әлеумет

Құс шаруашылығына құлшыныс бар

Біздің елімізде құс етін тұтыну бойынша екінші орынды қаз еті алады. Әрине, тауық еті қаз етіне қарағанда өсіру көлемі мен тұтыну бойынша асып кетеді,  бірақ қаз етінің дәмі, сапасы мен пайдалы қасиеттері тауық етінен асып түседі.

Қаз жұмыртқасының мөлшері тауықтың жұмыртқасынан  үлкен және дәмі онша емес,  ал ұзақ уақыт бойына әртүрлі аурулардан емдейтін құс майының пайдасы туралы көп айтуға болады. Міне бүгінде дәл осындай құс шаруашылығымен соның ішінде қаз шаруашылығын бизнеске айналдырып отырған азаматтарымыз да біздің ауданымызда көбейіп келеді. Солардың бірі  Шолпан Дәукен. «Бастау бизнес» кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курстарын оқып, «Атамекен» бағдарламасы аясында 505 мың теңге қайтарымсыз  грант ұтып алып, қаз шаруашылығын дамыту кәсібін қолға алды. Жас болса да, осы кәсіпті бастап, құс шаруашылығын дамытпақшы. Жалпы саны 80 қаз алды. Оның ішінде 70-і Тамбовский тұқымды қаз болса, қалған оны  Линда қазы. Ол осы қаздардан балапан бастырып шығарып, солардың жұмыртқасынан пайда көрмекші. Сол үшін арнайы инкубатор сатып алған. Балапандарды бағу қаздарды бағумен салыстырғанда қарапайым үдеріс. Бұл қаздардың жұмыртқасының салмағы 200 грамм, бұл тауықтардың жұмыртқасына қарағанда үш есе үлкен болады екен.

 Бұл еңбекті көп қажет етеді және қаз балапандарын бағуда барлық ұсақ-түйек пен бөлшектерді ескеру керек. Қаз жұмыртқаларын сақтау температурасы — + 8 -18 градус. Егер жұмыртқалар ұзақ уақыт далада жатып қалса, оларды инкубаторға салмас бұрын бөлмелік температурады қыздырып алған дұрыс. Бұл қаздардың бап-күтімі өте ерекше. Кейбірі қысқа төзімді болса, кейбірі ыстыққа шыдамды екен. Әрине, біреудің табысын санау әбестік. Дегенмен, «Бастау – бизнестің» басты мақсаты – халықтың кәсіпкерлікке оқыту арқылы табыс табуға баулу. Ал, жас кәсіпкердің жұмысын насихаттау үшін табысы туралы айтпай кетуге тағы болмайды. Өйткені, қаздың бір дана жұмыртқасы базарда 500 теңге екенін ескерсек, жұмыртқасын сатса да, біраз табыс қа кенелуге болады. Ал,бір қаз жылына кемі 25-30 жұмыртқа туады. Ал, инкубатордан шыққан балапанның құны – 1300-1500 теңге. Демек, қаз бағу арқылы да кәсіптің «қанатын жаюға» болады.

Елімізде әрі дәмді, әрі адам ағзасына өте пайдалы құс етіне деген сұраныс өте жоғары. Сондықтан, қаз өсіру анағұрлым тиімді, әрі жеңіл кәсіп. Ал, қаз суыққа төзімді, жем-азықты да көп талап етпейді, жылдам жетіліп, тез оңалады. Елімізде қаз етіне деген сұраныстың тұрақты болуы, оны сату кезінде де еш қиындық туғызбайды.

Әсел СИСЕНОВА,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар