Әлеумет
Қараусыз мал қалтаны қақпасын десек, малдың күтіміне мән берейік!
Бұрын ата-бабаларымыз малдың жайын жақсы біліп, оқу-ғылымсыз-ақ күтімі мен бабын, ем-домын жасай білген. Ал, қазір ше? Ата-кәсіпті жалғастырып, малмен күнелтіп отырған қарапайым жандардың мал басын көбейтіп, оны асылдандыруға көптеген мемлекеттік бағдарламалар қарастырылған. Асыл тұқымды мал өсіру үшін оның күтімі мен баптау технологиясы түгелдей дерлік зерттеліп қойған. Біздің аудан ата-кәсіптен қол үзбей келе жатқандықтан мемлекеттік бағдарламалар арқылы төрт түлігін асылдандырып, мал басын көбейту жұмыстары мардымды іске асып келеді.
Өйткені мал баққанға бітетінін біз айтпасақта әр шаруа жақсы біледі. Мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп отырғандар да осы шаруа қожалықтар. Алайда малдың жазғы жайылымы, күтімі, кезектесіп бағу сынды шаралар кейбір елді-мекендер мен округтерде әлі де реттелмеген десек артық айтқандық емес. Бұл шаралар көктем мезгілінде көппен бірге ұйымдастырылғанымен істің соңы шикі болып шығады. Аты жоқ бақташы мен аты-жөні жоқ көше кезген күтусіз малымыз күтпеген жерден шыға келеді. Оған қоссаң, айына бір түгендеп қоятын өзен бойлары мен түбектерде толып жүрген қараусыз малдарымыз тағы бар. Мал бағуды дұрыс жолға қоятын уақыт әбден жеткен тәрізді. Өйткені әр ауылдағы ағайын малдан табыс тауып отырғандықтан оны күтіп-баптап, бағуына немқұрайлылық таныту асқан әбестік деп білеміз. Жылда қыс жайлы болатын. Ал, биыл керісінше сәуірдің басына дейін жатқан қалың қар малдардың өріске шығатын уақытын созып жіберді. Мал азығының жетіспеушілігінен арамызда малдарын қыстан аман алып шыға алмағандарда болды. Тіпті жол бойындағы қамбар ата төлінің сүрініп, көкке ілікпей қалып жатқанында көзімізбен көрдік. Сай-саланың бойы толған су. Қыстан қоңсыз шыққан малдар қараусыз қалған жағдайда балшыққа батып, ұймалап қалуы әбден мүмкін. Қазірдің өзінде далалықта қараусыз жатқан мал көп. Бір күні күтусіз жүрген мал жоғалса, ұрланды деп дабыл қағып полиция қызметіне жүгінеріміз шындық. Қазіргі уақытта малдарын қараусыз жіберген мал иелері анықталған жағдайда Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 408 бабы бойынша 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынуда. Оған қоса әр ауылдық округте қараусыз, қадағалаусыз малдар анықталған жағдайда әкімшілік белгіленген мал тұрақтары бар. Иесі анықталғанша сол аулада бағылады. Иесі табылғаннан кейін малдың шөп-жемі, бақташының еңбегі төленіп, мал иесіне айыппұл салынады. Бұл жағдай қайталана берген жағдайда, айыппұл салу тоқтатылмайды. Жыл басынан бері аудан бойынша қараусыз жүрген малдар үшін 18 адамға айыппұл салынған. Еркін жайылыстан жоғалған малдар, ұрлық дерегі анықталмаған малдар бойынша іздестіру шараларына мал иелерінен кеткен шығындарды кейін қайтару үшін ұсыныс жіберілетін болады. Бұл қыстан есеңгіреп шыққан ағайынды қыспаққа алып жатқандық емес. Керісінше арқаны кеңге салып, малдарын қараусыз қалдырған ағайынға мал ұрлығы бойынша мәселенің-мән жайын түсіндіру. Сондай-ақ малдың күтіміне мән беруге шақыру. Аудандық мәслихаттың үй жануарларын асырау қағидалары бойынша ауыл шаруашылығы жануарларының иесіне жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтауды ескертеді. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы жануарлары ауруларының алдын алуды, оларды асырауды, өсiруді және пайдалануды ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) қағидалар мен ветеринариялық нормативтерге сәйкес жүзеге асыруды ескертеді.
Біз «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы», — деген елдің ұрпағы болғандықтан ата-кәсіптен ажырамай, оның күтіп, баптау ережелерін сақтауға тиіспіз!
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.