Әлеумет
«Әдебиет әлемінің жарық жұлдызы
Жуырда ауданымызға Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, Қазақстанның Мәдениет қайраткері, көптеген халықаралық, республикалық мүшәйралар мен байқаулардың жүлдегері, ақын Ертай Ашықбаев келді. Аудандық мәдениет үйінде аудан жұртшылығымен кездесіп, өмір жолы мен өнер жолынан сыр бөлісті. Аудандық орталықтандырылған кітапхана ұжымының ұйытқы болуымен өткен шара шақырылған қонақтары мен өлеңге сусаған жұртшылықты бір серпілтті.
Кездесу кешінің шымылдығы Ертай Ахатұлының өнер жолындағы әртүрлі кездесулермен бірге артында өлмейтін мұра боп қалған кітаптары тізбектелген бейнебаянмен түрілді. Одан кейін мектеп оқушылары ақын ағамыздың алдында оның өлеңдерін жатқа оқыса, аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары оның сөзіне жазылған әндерді тарту етті. Өзінің өлеңдерін оқыған өрендерге ризашылық ілтипатын білдірген ақын өзі де сағыныш сезімі тұнған ой салар бірнеше өлеңдерін оқып берді. «Елге сәлем» атты кездесу кешінде ақынға көрермен тарапынан бірнеше сұрақтар қойылып, ашық сұхбат болды. Тарқатып айтсақ, ақын ағамызға көрермен тарапынан «Кейінгі жас буын жазып жүрген поэзияның сапасы қандай?, Жабық байқау қалай өтеді?, Проза жазып көрдіңіз бе?, Ақын ретінде қазақтың болашағына көзқарасаңыз қалай?», деген сауалдар қойылды. Бірінші сауал бойынша «Біз мән беріп қарасақ, қоғамдық өмірде өзгеріс болған уақытта барлығы да өзгереді. Ғылым да, техника да, музыка да, әдебиетте өзгеріп отырады. Өйткені еш нәрсе бір орнында тұрмайды. Әрдайым дамумен болады. Оның ішінде әде-биетке қатысты айтсақ, XX ғасыр-дың басында Мағжан Жұмабаев бастаған көптеген ақындар Еуропа дәрежесінде үлгі алған жаңа буын келді. XXI ғасырда қазақ әдебиеті жаңа бір белеске көшті. Ел тәуелсіздік алғаннан кейін көркем әдебиеттің қайсын оқимын десең де мүмкіндік туды. Қазіргі әдебиет пен бұрынғы әдебиетті салыстыруға да келмейді. Қазіргі жастарымыз мүлде басқаша формада жазылып, басқаша ойлар айтылады. Сонымен бірге шетел әдебиеттеріне еліктеп, сол ыңғайда жазуға көшті. Бірақ та, ол кейінге қала ма, қалмай ма белгісіз. Өйткені басқа елге ерген әдебиет әрі-беріден кейін өзінің құндылығынан ажырап қалады. Жазылған өлеңнің ішінде қазақтың сезімі болмаса, оны жеткізе алмаса, онда өлең халыққа түсініксіз болады. Шетел әдебиеттерін оқыған дұрыс. Бірақ жастарға айтарым тәжірибемен шыңдалған озады. Біздің тамырымыз мықты. Оған күмән келтіруге болмайды» — деп жауап берді. Келесі сауал бойынша өткен шақпен сыр бөліскен Ертай ақын ол кездердегі жабық байқау әділ өтетін болған. Жабық байқаулардың талай рет жүлдегері атанған ақын ағамыз студент кезінде «Жалын» баспасы ұйымдастыратын жабық байқауға қатысып ІІІ орын алған. Расымен де студенттің атақты ақындармен бірге байқауға қатысып үшінші орын алуы сенсациялық оқиға. Ал, проза жазу бойынша бар шындығын жасырмай, аталған жанр бойынша бір-ақ рет қалам тербегенін айтты. Әзірге поэзияның жалауын желбіретіп жүрген ақын «алдағы уақытта проза жазу, жазбауым белгісіз» — дейді. Шынымен де шығармашылық адамы үшін кез келген шығарманы жайшылықта жаза салу деген болмайды. Соңғы сауал бойынша әдебиет саласында орны бөлек тұлға ретінде еліміздің болашағына нық сеніммен қарайтындығын ашық айтты. «Қазір еліміз ең жас мемлекеттердің қатарында. Сондықтан қоғамдағы болып жатқан оқиғалардың орын алуы тосыннан болатын нәрсе емес. Солай болуы заңдылық. Еліміз етек-жеңін жиып алпауыт елдердің алдыңғы қатарына шығу үшін бізге уақыт керек. Әр қазақ ұлтым деп еміреніп елге қызмет қылуын тоқтатпай, алауыздықты тиып, бітімгершілікпен өмір сүрсе, әрине біздің болашағымыз жарқын болары сөзсіз» — деді. Сондай-ақ атап өтсек, әдебиет әлемінде балаларға арнап өлең шығару оңай нәрсе емес. Бірақ мұндай қасиет Ертай Ашықбаевтың бойына қонған қасиеттің бірі еді. Алайда оның айтуынша адамға аз ғана талант беріледі. Оны ары қарай дамыту үшін үнемі ізденіс үстінде жүр керек.
Айтулы кеште бірнеше кітаптың авторы Ертай ағамызды жиылған көпшілік, әсіресе кейінгі жас буын сан ғасырлық тарихы бар Ойылға жат еместігін жүректен туған өлеңдері арқылы білді. Расында Темір ауданының Бабатай ауылында дүниеге келген өлеңнің өр тұлғасы іргелес жатқан қос ауылдың маңдайына біткен әдебиет әлеміндегі жарық жұлдызы десек артық айтқандық болмас. Сондықтан ақынның әр өлеңін ыстық ықыласпен бар зейінін салып тыңдаған қалың жұртшылық ыстық қошеметін аямаса, аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Айдарбаев аудан әкімдігі атынан шапан жауып, сый-сыяпатын табыстады.
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.