Әкімдік
Мәжіліс депутаттары Ойылға келді
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының Ақтөбе облысындағы жұмыс сапары өткен жұма Ойыл ауданында жалғасты. Яғни, түс әлетінде ауданға ат басын тіреген халық қалаулылары Құралай Қарекен мен Асылбек Смағұлов және Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты Талғат Салфиковтар аудан тұрғындарымен кездесті.
Алдымен сөз алған Асылбек Айжарықұлы агроөнеркәсіп саласын дамытудағы мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру үшін облыстағы ауылдық жерлердің инфрақұрылымын дамыту жұмыстарына оң баға бере келе, өткен жылы Парламент қабырғасында талқыланған заңдарға тоқталды.
— Заң алдымен қарапайым халықтың игілігіне қызмет етуі тиіс. Президент Жолдауында айтылған мәселелердің орындалуы үшін елімізде бірқатар заңдардың қажет болғаны да рас. Өткен жылдың өзінде 77 заң жобасын талқыладық, өзгерістер енгіздік. Заңдардың басым көпшілігі — халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға арналған. Өйткені, ел қазынасынан жұмсалатын қаражаттың 50 пайыздан астамы әлеуметтік салаға бағытталып отыр. Ал, қылмыстық жауапкершілік туралы заңдардың күшейтілуі Ата Заңымыздағы «Қазақстанның оның ең қымбат қазынасы — адам және адамның өмірі» — деген ұстанымның куәсі. Сондықтан, елімізде қылмыстың бірнеше түріне белгіленетін жаза күшейді. Бір ғана мысал, мас күйінде көлік жүргізгендердің кесірінен орын алған оқиғаларда қаза болғандар туралы деректерге көз жүгіртсек, адамның жаны түршігеді. Демек, олармен заңды күшейту арқылы ғана күрес жүргізіп, тосқауыл қоюымыз керек. Сонымен қатар,, Қылмыстық кодексте мал ұрлығына қатысты арнайы бап енгізілді. Осы уақытқа дейін мал ұрлығына қатысты істің 60 пайызы кешірім арқылы жабылып келсе, жаңа заңда мал ұрлаған адам 5 жылға бас бостандығынан айырылады. Ал ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері 12 жылға дейін сотталуы мүмкін.
Ал, Құралай Әнуарқызы әлеуметтік саладағы мәселелерге көбірек назар аударды. Әсіресе, атаулы әлеуметтік көмек туралы кеңірек түсіндірді. Сонымен қатар, үш деңгейлі медициналық қызмет, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру, «Педагог мәртебесі» туралы заңның кейбір тұстарына тоқталды.
Аудандық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Серік Меруенов мұғалімдердің кейбір топтарына еңбек өтілін ескере отырып, зейнеткерлік жасын төмендету туралы ұсыныс білдірсе, Ойыл аграрлық колледжінің директоры Серік Займолдин арнаулы оқу орындарының ауылдық жерлерге мамандарды тартуда мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көре алмай отырғандықтарын айтты. Яғни, колледжге келген кейбір жас мамандар көтермеақы мен жеңілдікпен баспана немесе несие алу мүмкіндіктеріне қол жеткізе алмай отыр. Қыдырғали Жақасов зейнетақы қорындағы қаражатты баспана алуға пайдалану туралы заң жобасындағы жинақтың жалпы көлемі туралы көптің көкейіндегі ойды жеткізді. Еңбек ардагері Тыныштыбай Шалабаев депутат Құралай Қарекеннің Барқындағы жерасты су қоймасы орналасқан аумақты ерекше қорғалатын аймаққа енгізуге сіңірген еңбегі үшін елдің шынайы алғысын жеткізді.
Халық қалаулылары тұрғындар тарапынан қойылған барлық сауалдарға жауап беріп, кейбір мәселелерді тиісті орындарға жеткізуге уәде етті.
Р.S.
Кездесуден соң депутаттар аудан әкімі Асқар Қазыбаевпен бірге аудан орталығындағы әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты.
Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл селосы.