Әкімдік

Толғақты мәселелер тұрақты бақылауда

ЕЛІМІЗДІҢ ҚАРҚЫНДЫ ДАМУЫ ҮШІН ӘР ӨҢІР, ТІПТІ ӘР ЕЛДІ МЕКЕН БЕЛГІЛІ БІР ТАЛАП ҮДЕСІНЕН ШЫҒА БІЛУІ ТИІС. МЕМЛЕКЕТ САЯСАТЫНЫҢ АСТАРЫ ЕЛІМІЗДІҢ БАРЛЫҚ АЙМАҒЫНЫҢ ДА ДАМУЫ ҮШІН АУҚЫМДЫ ЖОБАЛАРДЫ КЕЗЕҢ-КЕЗЕҢІМЕН ШЕШУ. СОНДЫҚТАН БИЛІК ПЕН ХАЛЫҚ АРАСЫНДА ОҢ КӨЗҚАРАС ҚАЛЫПТАСТЫРУ ШАРТ. СОНДА ҒАНА ЖҰМЫЛА ҚЫЗМЕТ АТҚАРУ ЖАРҚЫН БОЛАШАҚҚА БАСТАЙТЫНЫ ШҮБӘСІЗ. ҚАЗІР БАРЛЫҚ ДЕҢГЕЙДЕГІ ӘКІМДЕРДІҢ ХАЛЫҚПЕН ТЫҒЫЗ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫ БИЛІК ПЕН ХАЛЫҚ АРАСЫНДАҒЫ АШЫҚТЫҚТЫ БАЙҚАТАДЫ. СОҢҒЫ УАҚЫТТА ЖЫЛ САЙЫНҒЫ ДӘСТҮРГЕ АЙНАЛҒАН ӘКІМДЕРДІҢ ХАЛЫҚ АЛДЫНДА ЕСЕП БЕРУІ ОСЫ МАҚСАТТЫ КӨЗДЕЙДІ. МІНЕ ОСЫ ОРАЙДА ӨТКЕН СӘРСЕНБІ КҮНІ 2019 ЖЫЛЫ АУДАНЫМЫЗДЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ КӨРСЕТКІШТЕРІ БОЙЫНША АУДАН ӘКІМІНІҢ КЕЗЕКТІ ЕСЕП БЕРУ ЖИЫНЫ САРАЛЖЫН, АҚЖАР АУЫЛДЫҚ ОКРУГТЕРІНДЕ ЖАЛҒАСТЫ. ҚОС ОКРУГТЕ ДЕ АУДАН ӘКІМІНІҢ ЕСЕПТІК КЕЗДЕСУІНЕ ХАЛЫҚ КӨП ЖИНАЛДЫ.

Саралжын ауылдық округі ауданның алтын қақпасына айналған Ойыл-Қобда тас жолы бойында орналасқан бірден-бір округ. Бұл округтің жылдан-жылға даму көрсеткіші артып келеді. Жалпы округ бойынша жаңадан салынған әлеуметтік нысандардың қатары аз емес. Былтыр округ орталығына жаңадан ауылдық клуб салынса, округке қарасты Тайсойған, Ақкемер елді мекендерінде жаңа мектептер бой көтерді. Қазір жергілікті халық жасалған істің игілігін көріп отыр. Оған қоса Тайсойғанға көгілдір отын кіргізілді. Осындай атқарылған игі шараларды үлкен қуанышпен жеткізген округ әкімі Абат Мүбараков өткен жыл ішінде әр сала бойынша жұмыла жасалған жұмыстарды есеп беру баяндамасында толық қамтыды. Округ әкімінің есебін мұқият тыңдаған тұрғындар ауылға көгілдір отын мен дәрігердің қажеттігін жеткізілді. Дәрігер бойынша тұрғындар сауалына жауап берген аудандық аурухананың бас дәрігері Сәндібек Нұрбаев кадр тапшылығы биыл шешімін табатынына сенім білдірді. Ал, газдандыру мәселесі бойынша облыс орталығынан арнайы келген өкіл Ақтөбе облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшының орынбасары Қаржаубай Ыбырайымұлы тұщымды жауап берді. Оның айтуынша Тайсойғанға келген газдың қысымы зерттеліп жатыр.

Ал, ауыл әкімі Абат Қаратауұлының алға қойған мақсат-міндеттері орасан. Ағымдағы жылы Саралжынға наубайхана, тойхана, жанар-жағар май бекетін салуды жоспарлап отыр. Сонымен бірге округте суармалы егістікті  яғни, алма бағын, картоп, бау-бақша егу жұмыстарын кеңейтіп, жүзеге асыру. Ақкемерге ұялы байланыс орнатуды қолға алып, «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында мектеп, клуб ғимараттарына жөндеу жұмыстарын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттар жасақтау.

Аудан әкімінің міндетін атқарушы Аслан Кенжебаев ауданда атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер бойынша кеңірек тоқталды. Сондай-ақ, биыл Ақкемерге ауыз су құбыры жүргізілетінін айтып, Саралжындықтардың көкейіндегі маңызды мәселелер бойынша жан-жақты жауап берді.

Сол күні түстен кейін Қайыңды ауылдық округінде өткен аудан әкімінің есептік кездесуінде ауыл әкімі Талғат Қожахметов ауылдың тыныс-тіршілігі, 2019 жылы жасалған жұмыстары мен алдағы міндеттерін толықтай баяндады. Бүгінде ақжарлықтар да тіршіліктерінің тірегі ретінде өз кәсіптерін ашып, мал басын көбейтіп, жыл сайын ауыл шаруашылығы саласының дамуына тер төгіп келеді. Жергілікті тұрғындардың тілегі бір. Жол мен көгілдір отын. Одан бөлек көшелерге жарық шамдарын орнату, клубтың көрермен үстелдерін жаңалау, жедел жәрдем көлігі мен далалық өрттер бойынша техника қажеттігі, мектепті жылыту сынды мәселелерді ауылдастарының атынан аудан әкімінің қоғамдық көмекшісі Дархан Өтегенов қозғады. Рас, білім ошағындағы қатты отынның сапасы нашар. Осы мәселелер мен, басқа да сауалдар бойынша жауап берген аудан әкімінің міндетін атқарушы Аслан Кенжебаев көшелерді жарықтандыру, клубтың көрермен үстелдерін жаңалау бойынша мәселе шешімін табатындығына сенім білдіріп, өрт сөндіру бойынша екі округке ортақ өрт сөндіру бекетін салу жоспарда тұрғандығын атап өтті. Ал, газдандыру, жолды жөндеу жұмыстары келер күннің еншісінде қалды. Әйтсе де толғақты мәселелер қашанда аудан әкімінің бақылауында болады. Аудан әкімінің кезекті есеп беру жиынының соңында тұрғындардың жекелеген ой-сауалдары бойынша сала басшылары қоғамдық қабылдау өткізді.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,

Ойыл-Саралжын-Ақжар-Ойыл.

 

 

Басқа жаңалықтар