Мәдениет

«Тахауи» атындағы бас жүлде жас режиссердің жеңісі

Біздің өңірде «Театр» өнері 1935 жылдан бастап, «Ойыл колхоз-совхоз музыкалық театры» болып құрылған. Кейін 1966 жылы Бейімбет Майлиннің «Шұға» спектаклімен дара шығып, Ойыл халық театры атағын алған. Одан бері қарай да біршама уақыт тоқтап қалғанымен өңіріміздегі театр өнерінің шамы өшкен жоқ. Талай-талай шоқтығы биік актерлер ауданның теарты тарихында өз қалтаңбаларын қалдырды...

Осы орайда жуырда Ақтөбе облысы орталығында Тахауи Ахтанов пен Қуандық Шаңғытбаевтың шығармашылығына арналған облыстық халық шығармашылық үйінің ұйымдастыруымен «Театр — өнердің ұлы көші» атты Х аймақтық театрлар фестивалі өтті. Оған біздің ауданнан Ойыл халық театры арнайы қатысқан болатын. Есімізге алсақ, былтырғы жылы біздің театр тарландары «Үздік режиссер» атағын еншілеген еді. Осы «Үздік режиссер» атағын абыроймен арқалап жүрген жас жігіт Ерболат Есенбекұлы бұл жолы қазіргі қоғам дертіне айналған сыбайлас жемқорлықпен күрес желісінде жазылған Тахауи Ахтановтың «Арылу» кей жерлерде «Арыстанның сыбағасы» аталатын спектаклін таңдаған. Өйткені алдын-ала зерттеу кезінде бұрыннан дайындалған қойылымдары басқа аудандармен қайталанып кететінін естіген Ерболат жоғарыда аталған спектакльді қоюға бел байлап, нәтижесінде 10 күн ішінде дайындаған спектакль сәтті шыққан. Аталған спектакльді ойнау үшін Ойыл халық театрын сахнаға алғаш шыққан мектеп оқушылары толықтырған. Алайда Ерболат олардың өнерін кәсіпқой актерлердің деңгейімен тең бағалайды. Сондықтан болар 90 жылға жуық тарихы бар Ойыл халық театрының таланттары «Тахауи» атындағы бас жүлде мен 300 мың теңгемен марапатталды. Сонымен қатар «Қаратан» әйелдің рөлін сомдаған театр мүшесі Жаңылдық Бисенғалиева «Үздік эпизод» номинациясымен 100 мың теңге сертификатына ие болды. Жарайсыңдар, жерлестер!

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар