Әлеумет
Саябақтарда да сая керек!
Аудан тұрғындары кешкі демалыс уақыттарын саябақтарда өткізеді. Дегенмен шеткері аймақтағы саябақтар қараусыз қалған сыңайлы. Саябақтарға барып көргенде байқағанымыз саябаққа кірер есіктің қисайып жөндеу күткеніне біраз уақыт болған. Орындықтардың, маңдайшалардың әрі кетіп,бояуды қажет етеді. Балаларға арналған саябақта ойнауға арналған құралдар өте аз, көбі істен шыққан. Бәрінен бөлек халықтың жайғасып жайланып отыруына толықтай жағдай қарастырылмаған. Саябақтардағы орындықтар да саусақпен санарлық. Кеш қарая демалуға шықсаңыз ол орындыққа отыруға үлгерсеңіз үлгердіңіз, үлгермесеңіз үйге қайтуға тура келеді. Қарияларымыз бас қосып әңгіме-дүкен құрып шүйіркелесетін бірден бір орын саябақ. Бірақ қазыналы қарттардың сынған орындарды құрастырып өз қолдарымен демалыс алаңдарын ұйымдастырып жүргенін көргенде саялы мекеннің жанға сая болмағаны байқалады. Мамыражай халықтың үлкені мен кішісі қалмай саябақтардан сая іздеп жүргенін жиі көз шалады. Саябақтарда отыратын орындар қарастырылғанымен төбеңнен төнген күннің ыстығынан қорғайтын, желді күні саялайтын ешбір қорғаныш құралдары орналастырылмаған. Саялы саябақ деген аты болмаса, көлеңкелі орын жоқтың қасы. Күннің ыстығында халық саябақтардағы орындықтарға жағалай жайғаспайтынын көруге болады. Керісінше талдардың саясын паналайтыны белгілі. Бүгінде Ойыл ауданында үлкен саябақтар қатарына « Тәуелсіздік», «Даңқ» саябақтары кірсе, балаларға арналған отбасылық алаңқайлар «Балдырған», «Отбасы», саябақтары. Аталған саябақтардың кейбірінің есігіндегі құлыптың алынбағанына да біраз уақыт болған. Ауданымызда сыртқы көрнісі көз тартпайтын, сүреңсіз бейнеге айналған саябақтар тұрғындар үшін саялы мекенге айналмай тұр. Саябақтардағы балалар ойнайтын алаңқайлардың жағдайы да сын көтермейді. Үйге сыймаған бір топ ойын баласы қисайып, қирауға айналған бірлі жарымды ойнайтын спорттық құралдарға таласып тармасып жүріп кеш батырады. Оның өзінде балалар ойын құралдарының ішінен сынбай пайдаға жарайтыны табылғанына қуанады. Сонымен қатар атрибуттардың саны да өте аз. Бұл көрініс саябақтардың бүгінгі ахуалы. Қазір халық қоңыр күздің әдемі ауа райымен жайлы саябақтарда демалуды қалайтыны анық. Соған сай саялы орындар да жанға жайлы болса дейді.
Венера АСҚАРҚЫЗЫ,
Ойыл селосы.