ӘлеуметРухани жаңғыру

Ешнияз Ишан мешіті

Ұлан байтақ еліміздің дархан даласында бәрі біле білмейтін құпиялар көп. Кімдер келіп, кімдер кетпеді, бұл ұлы далаға! Қазіргі заманда ашылмаған сырымен өз уақытын күтіп жатқандай. Соның бірі Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Аққудық аулының «Ешнияз Ишан» мешіті.

«Ешнияз Ишан» мешіті өлкетанушылардың еңбектерінің арқасында «Ойыл энциклопедиясына» жазылып түскен. Мен сол Ишан атаның шөбересі – Испулатова Рабиға Жусанқызы (Ермекова). «Ойыл энциклопедиясын» оқып отырып сол кісінің өз атам екенін танып қатты қуандым. «Ойыл энциклопедиясына» толық жазылмағанын көріп, өзінің тарихын, сырын ашылуын күтіп тұрғандай сезіндім. Ешнияз Ишан атамның ауылы — Аққұдық, Ойыл ауданы мен Темір ауданының шекаралары тоғысқан жерде орналасқан. Ауыл мекені «Аққұдық» сонау ғасырларда Әлімұлы, Кете оның ішінде Әлімбет әулетінен тараған. Аққұдықтың табиғаты әдемі, қызғалдағы мен жусаны мүңкіген жайқалған бұлақтың басы — Ақшат тауының баурайында орналасқан.
Ауылға келе жатқан жолаушы ол жерді бірден байқамай, таба ала алмай қалуы мүмкін. Баяғы заманда ұры — қарақшы, барымташылар айдаған малымен түнімен адасып, таң ата сол ауылдың іргесінде айналып жүргендерін байқаған. Бұл дегеніміз осы жердің кез-келген адамға таптыра бермейтін киелілігінде!
Сонымен қатар, сол замандағы адамдардың ақылдылығы және жердің рельефін қолдана білгендігі, яғни бұлақтың аққан көліне күріш еккендігі. Осы ауылда Пұсырман атты көріпкел, шөппен кісі қарайтын емші тұрған. Сол кісінің 1820-70 жылдар аралығында Еспай, Ешнияз атты ұлдары болған. Ешнияз атты баласы ауыл молдасынан білім алып, молдалық етіп жүреді. Өзінің білімі тайыздау екенін аңғарып, әкесінің рұқсатымен сонау Бұхара, Ишан- қала (сол замандағы ірі, діни-біліми орталық) деп аталатын Өзбек еліне оқуға кетеді. Ол заманда керуендер жібек жолымен қатынаған. Сол Өзбек елінде 25 жыл оқып, «Ишан» дәрежесін алып елге оралады.
Елге оралғаннан кейін Аққұдыққа мешіт салып, дін қызметіне кіріседі. Ислам дінін насихаттап, елінің рухани тәрбиесімен Ешнияз ақылын айтып, балаларды оқытып, елінің қорғаны болған. Атаның аруағы болған. 25 жыл оқудың соңында пірленген деп айтылады. Ауыл арасында небір даулы жағдайларды шешіп, билер орнына келісімге келтіріп, төрелігін айтқан би де болған. Ешнияз Ишан атаның атағын, білімін айналасындағы барша Кете руы танып, аруақты ата деп санаған. Ешнияз Ишан өмірінің соңы, кешегі аласапыран келеді. Біресе ақ әскер, біресе қызыл әскер елді шауып, мүліктерін тартып алып, атып, зорлық — зомбылық көрсетіп, мешіттерді сындырып, діни адамдарды, байларды ұстап алып кетіп жатқан жылдар болатын.
Халық сол уақыттағы Лениннің «Декрет о религии» деген жарлығына сеніп отырып қалады. Соңынан бұл келе жатқан өзгерістер көп уақытқа созылатынын, енді дін де, мешіттер де қорланатынын байқайды. Соны байқаған ата 85 жасында еліне өсиет айтады. Мешіттің төбесін ашып өзін соның ішіне жерлеуді сұрайды. Әкесінің өсиетін орындап, сол жерге жерлеп (яғни Аққұдыққа), балалары және ағайын-тумалары 1927 жылы елден көшеді. Алдымен Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстан елдеріне өтіп, Ауған шекарасына келіп тоқтайды. Жаңа үкімет жауып тастайды деп қауіптенеді және де соңындағы ұрпақтарының болашағының қан тазалығын ойлап, кейін қайтады. Бірақ елде көп отыра алмайды, содан Ресей жеріне, соның ішінде Башкұртстан, Татарстан еліне кетеді. Қиын, ауыр, аштық заман басталып, шытырманға толы оқиғаларды бастан өткізеді. Адам баласы бұрын көрмеген, талай боздақтар кеткен зұлым соғысты бастарынан өткізіп, 1956 жылы Ешнияз Ишан атаның ұрпақтары асқан ерлік көрсетіп өз еліне оралады. 1998 жылдары Ешнияз ишанның үлкен немересі Ғұбайдолла Убниязұлы, яғни, менің әкем — Ермеков Жусан, лақаб аты «Қазақ молда» болған. Сонау Орынбор облысы, Соль-Илецк ауданынан әкеліп, атасының жанына, яғни Ойыл ауданы мен Темір ауданының бұрышында орналасқан «Аққұдық» жеріне жерленеді, ол өзінің өсиеті, тілегі еді.
Қазірде Ишан ата жатқан мешіттің басына  білетін адамдар барып мал сойып, Құран бағыштап, атаның басына түнейді. Менің ата-анам да біздерді алып сонау 60-жылдардан бері басына барып мал сойып, балаларына ата жайлы неше түрлі әңгімелер айтып, құран бағыштап тұрамыз.
Атамыздың әруағы артындағы ұрпақтарын, елін қорғап, қолдап жүрсін!

Рабиға ЖУСАНҚЫЗЫ,
 Ешнияз Ишанның шөбересі.

Басқа жаңалықтар