Басты тақырыпДенсаулық
Бірлескен істе береке бар
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында бүкіл әлемді алаңдатып отырған пандемиямен күрес жолдарын, оның елімізге алып келген зардабы мен өзгерістерін айта келіп, еліміздің әлеуметтік дамуына, ел тұрғындарының табысы мен жұмыс орындарының сақталуын, халқымыздың денсаулығы мен өмірін сақтау жолындағы жұмыстарға баса назар аудару керектігін атап көрсетті. Сонымен қатар денсаулық саласы қызметкерлерінің еңбегінің бағалануы керектігі және әлеуметтік көмектің тағайындалуын тапсырды. Оның басты себебі бізге мәлім. Пандемияның өршіген уақытында өз өмірін қауіпке тігіп, алдыңғы шепте ауыр дертпен күрескен де осы ақ халатты жандар еді.
Қазіргі таңда бүкіл әлемді толғандырып отырған өзекті мәселе адам денсаулығы екені бәріне аян. Осы орайда бүгін ауданымызда 1 желтоқсан «Тұңғыш Прездент күні» қарсаңында желтоқсан көшесінің бойынан адам жанына араша болып жүрген ақ қалатты абзал жандардың құметіне арналған «Денсаулық алеясы» ашылды. Бұған дейін қоршауы бар бос тұрған ашық алаңды аудандық аурухана ұжымы бірлесіп «Денсаулық аллеясын» ашсақ деп ұйғарған. Өйткені, осы секілді бұдан өзге село көшелерінен бой көтерген балалар ойын алаңдары мен саябақтар ауданның ажарын аша түсуде. Мінекей осылайша бірлескен істе береке болатынын білген ақ халаттылар аурухана алдындағы алаңқайды 4 миллион теңгеге «Денсаулық аллеясы» етіп жасады. Оның ішін абаттандыру жұмыстары да жүргізілген. Мұндағы орнатылған жарықшамдар, орындықтар, төселген өрнектастар қараған көзге тып-тиянақты жасалғаны көрініп-ақ тұр. Ол маңайдан өткен жанның көзіне бірден түсетін тастан мүсінделіп жасалған адамның қос алақанындағы жүрек талайды таң қалдырады. Сондай-ақ, денсаулық аллеясы тақтайшасында голландиялық дәрігер Николас Ван Ральфтың «Өзгелердің нұрлануы жолында өзімді құрбан етемін!» — деген қанатты сөзі жазылған. Денсаулық аллеясының лентасын медицина саласының қос бірдей ардагері Қазбек Нұрымгерейұлы пен Аманқос Қисықов қиды. Ал, денсаулық аллеясының ашылу салтанатында алғаш болып сөз алған аудан әкімінің орынбасары Аслан Кенжебаев медицина қызметкерлерінің жасаған игі істеріне алғысын білдірсе, келесі ретте «Біз бұл денсаулық аллеясын алдымен коронавирус пандемиясы кезінде адам жанына араша түсуде аянбай қызмет еткен дәрігерлердің құрметіне орай және де елге қызмет ету ортақ міндет екенін ескере келе, ауданның ажарын аша түседі деген оймен өз қаражат есебімізден жасадық», — дейді аудандық аурухананың бас дәрігері Сәндібек Нұрбаев. Сонымен қатар аллеяның ашылу салтанатында құттықтау тілегін білдірген медицина саласының ардагері Әмина Ибрашева қауіпті індет кезінде дәрігерлердің жанқиярлық еңбегін мақтан ету артық еместігін айтып, барша әріптестеріне, індет кезінде аудандық ауруханаға демеушілік көрсеткен кәсіпкерлер мен атымтай азаматтарға алғысын жаудырды.
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.