Әкімдік
Тұрғындардың тілегі көгілдір отын
Өткен аптада Көптоғай ауылдық округінің әкімі Ерлан Асылбаев округке қарасты Қарасу, Амангелді елді мекендерінің тұрғындарымен кездесіп, есеп беру жиынын өткізді. Ауданнан арнайы барған аудан әкімінің орынбасары Асылан Кенжебаев аудан бойынша атқарылған жұмыстар мен ағымдағы жылы жүзеге асатын ауқымды игі істер жөнінде ақпарат беріп, аудан үшін биылғы қуанышты жаңалықтармен бөлісті. Ал, келесі кезекте, округ әкімі Ерлан Базарбайұлы Көптоғай ауылдық округінің 2020 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жөнінде баяндама жасап, алдағы атқарылатын басты міндеттеріне тоқталып өтті. Айта кетсек, округ әкімі Ерлан Базарбайұлы бір күнде екі елді мекенге берген есебінде қос ауылдың да тұрғындарының тілегі көгілдір отын болды. Қарасуда өткен жиында ауыл тұрғыны Ләззат Аманғалиева «Майтамдыкөл» жерінен мұнай қазылып жатыр, оның ауыл тұрғындарына экологиялық зардабы тимейді ме?» — деген сауалын қойып, ауылдық клубқа көрермен орындықтары қажет екендігін айтты. Бұл сауалға аудан әкімінің орынбасары Асылан Кенжебаев «Майтамдыкөл» жерінде әзірше барлау жұмыстары жүргізіліп жатыр, егер мұнай шыққан жағдайда оны өндіру үшін жергілікті халықпен кеңес өткізетін болады», — деп жауап берді. Ал, орындық мәселесі шешімін табатынын айтты. Амангелді де ауыл тұрғыны шөптің бағасы мен көлемі туралы ұсыныстарын айтып, ауылға жедел жәрдем көлігін сұрады.
Ауыл әкімінің халыққа есеп беру жиынының соңында тұрғындардың жеке мәселелері бойынша қабылдаулар өткізілді.
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл-Қарасу-Амангелді-Ойыл.