ӘкімдікСұхбат

Міндеттердің алғашқы легі жүзеге асып жатыр

СӘУІР АЙЫНЫҢ СОҢЫНДА БАРЛЫҚ ДЕҢГЕЙДЕ ДЕПУТАТТАРДЫҢ САЙЛАНҒАНЫНА 100 КҮН ТОЛҒАНЫ КӨПКЕ МӘЛІМ. ОСЫ ОРАЙДА БІЗДЕ 100 КҮН ІШІНДЕ ЖАҢАДАН САЙЛАНҒАН АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТТАРЫНЫҢ АТҚАРҒАН ЖҰМЫСТАРЫ МЕН САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАЛАРЫНЫҢ ОРЫНДАЛУ БАРЫСЫ ЖАЙЫНДА ОЙЫЛ АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТ ХАТШЫСЫ СӘКЕН ЗАЙМОЛДИНМЕН АРНАЙЫ СҰХБАТ ҚҰРҒАН ЕДІК. ЕНДЕШЕ АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТ ХАТШЫСЫМЕН БОЛҒАН ШАҒЫН СҰХБАТЫМЫЗДЫ ОҚЫРМЕН НАЗАРЫНА ҰСЫНАМЫЗ!

— Армысыз! Ойыл аудандық мәслихат депутаттары қатарына жастарда кірді. Елдің көшін алға сүйреуге ұмтылған бастамашыл жастардың бары бізді де бір қуантып тастады. Жаңадан сайланған депутаттар қаншалықты елмен етене қызмет етуде?

— Ойыл аудандық мәслихатында 11 депутат бар. Олардың басым бөлігі, яғни 7-і ер адам. Ал баршасының орташа жасы – 42 жас. Жыл басынан бері 3 сессия өткізілді. Аудандық мәслихаттың сессияларында аудан өмірі үшін маңызды мәселелер қаралып, 33 тиісті шешімдер қабылданды. Сондай-ақ 2021-2025 жылдарға арналған «Аумақты дамыту» бағдарламасы бекітілді. Сонымен қатар аудандық мәслихатта әлеуметтік-экономикалық даму, бюджет, әлеуметтік қорғау және аграрлық сала мәселелері жөніндегі 2 тұрақты комиссия жұмыс жасайды. Ауданда ветеринариялық бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру жұмыстары туралы қаралды. 12 елді мекеннің бас жоспары бекітіліп, 2021-2023 жылдарға арналған аудандық, ауылдық бюджеттер нақтыланды. Аудандық мәслихат депутаттары жоспарға сай межелі жұмыстардың орындалу барысымен бөлінген бюджетті тиімді пайдалануды үнемі назарда ұстап, бақылау жүргізіп отыр. Аудандық мәслихат депутаттары 100 күн ішінде 18 қабылдау өткізіп, 158 адамды қабылдады. Оның ішінде 51 өтініш толықтай қанағаттандырылып, қалған өтініштер Заңнамаларға сәйкес тиісті жауаптар берілді.

— Келесі сауалымыз депутаттық мандаты бар жандар халық қалаулылары деген атқа әбден лайықты ма? Ол үшін қандай қызмет қылу қажет?

— Депутат жұмысының маңыздысы ел мүддесіне қатысты кезек күттірмейтін мәселелерді дер кезінде анықтап, уақытында көтере білу. Нақтырақ айтсақ, кез-келген азамат адам деген атқа лайықты болуы керек. Адами асыл қасиеттерді бойына жинаған жандар өз ортасында құрметке бөленетіні айқын. Туған жері мен еліне жанашыр болу үшін депутат болуы шарт емес. Себебі адамның білімі мен мамандығы өнегелі тәрбиемен ұштасып жатса, сөзі мен ісінен кісілік келбеті көрініп тұрса, міне, нағыз азамат, елінің патриоты да сол адам! Сонымен қатар өзіне жүктелген жауапты міндетті адал атқаруға ұқыпты болуы керек. Бізде кейбір тұрғындар арасында депутаттар не бітіріп отыр, деген секілді кері пікір қалыптасқан. Керісінше біз мұндай кері көзқарастан арылып, ел мүддесі үшін бірлесіп қызмет ету керекпіз. Өйткені халық қалаулыларының ел үшін атқарған жұмыстарына ешқандай жалақы төленбейді. Олардың барлығы да қоғамдық негізде қызмет қылуда. Ауданымыздың көркейіп, ілгері дамуы жолында, кейбір кенже қалған кәсіптердің алға басуы үшін мәслихат депуттары көршілес аудандарға шығып даму барысын бақылап келеміз.

— Жалпы аудан деңгейінде қоғамдық жұмыстар мен қайырымдылық шараларға депутаттар қаншалықты деңгейде қатысады? Соларға толығымен тоқталып өтсеңіз!

— Қоғамдық және қайырымдылық істерге атсалысу кез-келген халық жанашырының міндеті деп ойлаймын. «Жақсылыққа ұмтылған жан алдымен қайырымдылық жасайды», — демекші, осы орайда аудандық мәслихаттың депутаттарының атқарған жұмыстары жетерлік. Жағдайы төмен отбасыларды қолдауға байланысты қайырымдылық шарасын тұрақты өткізіп отырады. Шара барысында аз қамтылған отбасыларға үйге қажетті азық-түліктер беріледі. Оған қоса қоғамдық жұмыстардан қалыс қалған емес. Ауданды абаттандыру, өзен жағалауларын тазалау, мұқтаж жандарға көмек қолын созуда мәслихат депутаттары белсенділік танытып келеді. Жуырда ғана Көсембай елді мекенінде депутаттардың ұйымдастыруымен апаттық жағдайда тұрған мұқтаж отбасының үйін қайтадан салуға 40 куб экотон тастары алып, тұрғылықты жеріне жеткізіліп берілді. Осындай әртүрлі жағдайда ел басына қиын жағдай туғанда өздерінің халықпен бірге екендіктерін дәлелдеп, алғашқылардың бірі болып көмектерін беріп келеді. Ойыл аудандық мәслихат депутаттарының қатарында әр салада қызмет етіп жүргендерден бөлек жеке кәсіптерін дөңгелетіп отырған жандар да бар. Айта кетсек, мәслихат депутаттары ауданның барлық іс-шараларына демеушілік көрсетіп, қайырымдылық көмекте көрсетіп келеді.

Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан: Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар