Басты тақырып

1986 жыл. Желтоқсан. Куәгерлердің көзімен…

Көк аспанда еркін қалықтаған қыранға айналуды қазақ жұрты айлар, жылдар, ғасырлар бойы аңсады. Бірлікті, елдікті, ерлікті насихаттаған текті халық бір сәтте аярлық халге түсті. Еркіндікті аңсаған қанша адам опық жеді, қанша боздақ оққа ұшты.

Осы орайда «Шұғыла» мәдениет және демалыс орталығында Ойыл аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен 1986 жылғы желтоқсан оқиғасының куәгерлерімен кездесу өтті. Кештің басты мақсаты — тәуелсіздіктің қандай қиындықпен келгенін, Желтоқсан оқиғасы қалай болғанын жас буынға түсіндіру. Ойыл ауданы әкімінің орынбасары Саян Сүлейменов шараның шымылдығын ашып, желтоқсан оқиғасының мән-маңызы туралы қысқаша тоқталып, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерекесімен құттықтады. Алдымен желтоқсан құрбандарын еске алу үшін бір минут үнсіздік жарияланып, құрмет көрсетілді. Осыдан 35 жыл бұрын, қазақ халқының қабырғасын қайыстырып, дүниені дүр сілкіндірген желтоқсан оқиғасының куәгерлері Қойшыбай Қайырғазин, Сүйіндік Өскенбаев, Өркен Қожағалиев, Берік Құрмашов, Салтанат Бижанова, Бибігүл Қарағұлова, Нұрзия Ертемирова, Талия Өскінбаева, Ардақ Жаңабекова кештің қонақтары болды. Кездесу барысында осынау жайттарды көзімен көріп, қатысқан жерлестеріміз қысқаша баяндап, толқынысты сәттерден сыр шертті.
 «1986 жылы Алматы зоотехникалық- малдәрігерлік институтында 3 курс студенті болдым. Қазақ жастарының көтеріліске шығып жатқанын 16 желтоқсан таңда естідік. Сол күні Брежнев алаңына келдік, қазіргі Республика алаңы. О баста жастардың бейбіт шеруімен басталған жиынды таратпақ болған биліктің іс-әрекетінен ештеңе шықпады. Содан соң өкімет қарсы милиция мен әскер күшін шығарып, алаңдағы жұртты күшпен басып-жаншуға тырысты. Қолында шоқпарлары бар, қалқандары бар әскерлер тұрған халыққа бірден тап берді»— деп еске алды Сүйіндік ағамыз.
Шара барысында мектеп оқушылары желтоқсан оқиғасына байланысты қойылым көрсетті. Аязды күні шеруге шыққан ауыр күндерін еске алып, тарихи және тәрбиелік маңызы зор шарадан кеш қонақтары үлкен әсер алды. Желтоқсан оқиғасына қалай қатысқандықтары жөнінде естеліктермен бөлісіп, « Бұл сәтті есімізге алсақ, ойымызда толқу болады. 16 желтоқсан күні таңертен сабақта отырғанымызда, терезеден айқайды естідік. Бибігүл екеуміз бір курста оқыдық.  Шыны керек, бала болдық па екен, бізде ешқандай қорқыныш сезімі болған жоқ.  Жүрегімізде бір нәрсе оянды. Оны үлкен ерлік деп айтуға да келмейтін шығар, бірақ бір ұлттық сезім бойымызды билегені анық. Әйтеуір бізді ешкім тоқтатқан жоқ. Жаяу кеттік» — деп бөлісті, Салтанат Бижанова.
Иә, шындығында желтоқсан оқиғасын кітаптан оқып, теледидардан көрген бір басқа. Оның қалай болып, қандай зардап әкелгендігін қатысушының өз аузынан естудің жөні бөлек. Желтоқсан оқиғасының қасіретті де қаһарлы үш күні куәгерлеріміздің жадында әлі жаңғырып тұр.
Тәуелсіздікті алу оңай болмағанын, ал тәуелсіздікті  тұғырлы етуде жас ұрпаққа жүктеліп отырған міндеттің ауқымдылығын атап өтіп, жиналғандарды  алда келе жатқан Тәуелсіздік мейрамымен құттықтаған  аудан басшылары сонымен қатар тарихымызда ерекше орны бар, халқымыздың қасіреті мен ар-намысына, мақтанышына айналған оқиғаның куәгерлерін және тәуелсіздік құрдастарын алғыс хатпен марапаттады.
Ендігі елдің ертеңі өскелең ұрпақтың қолында, жастардың қолында, біздің қолда. Кез-келген ұлт өз болашағын ұрпағымен сабақтастыратыны айқын. Әр ұрпақтың пешенесіне жазлған, басына бұйртқан заман ағымы, кезең тынысы болады. Ал бүгінгі ХХІ ғасыр бүгінгі ұрпаққа бұйырған бақ деп білемін. Дербестік жолында жанын қиған тарландардың, батыр, қаһарман ұл-қыздардың есімі тарих парақтарына таңбаланды. Оларды ел де, жер де, келер ұрпақ та ұмытпайды. Туған жер топырағы оларды мәңгі бақи кеудесінде әлдилеп өтеді.

Гаухар АЛЕКСЕЕВА,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар