Білім
Мектептегі мамандыққа бағдарлау дәрістеріне жұмысшыларды тартқан дұрыс
Жоғары сынып оқушыларына мамандықты таңдауға қатысты кездесулерге мұғалімдер көңілі түскен адамды шақырады. Түлектер көп жағдайда инженер, технология саласына қатысты ақпаратты ала алмай жатады. «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» осыған байланысты жол мамандарын дәріптеу, осы мамандыққа сұранысты арттыру мақсатында білім ордаларын өздері аралауды қолға алған.
«Былтыр «Мың мектеп» деген науқанды қолға алған едік. Еліміздегі мың мектептің жоғары сынып оқушыларымен кездесіп, жол саласына қатысты түсініктеме жұмыстарын жүргіздік. Ал биыл екі мың мектептің түлегімен кездесуді жоспарлап отырмыз. Ақтөбе облысындағы қырыққа жуық білім ордасында болдық. Оқушылардан «Кім боласың?» деп сұрасаң, әлі күнге дейін заңгер мен қаржыгер болғысы келетіндер көп. Бала көргені мен естігеніне қарай келешекке бағдар алады. Сары желет киіп, күрек ұстағанның бәрі жолшы емес. Жол құрылысына инженер де, зертханашы да, көлік жүргізуші мен қарапайым жұмысшы да керек. Жоғары оқу орнына мамандық таңдауға қатысты өз кәсібіміз туралы кеңестер береміз. Жолдың жайын білмесе ол мамандықты қайдан таңдасын?»-дейді «ҚР Құрметті жолшы» төсбелгісінің иегері, инженер Талғат Бижанов.
Отыз жылдан астам жол саласында еңбек етіп келе жатқан инженер жол саласы мамандығын таңдаудан қыздар да қорықпау керектігін айтады. Ер азаматтармен бірге еңбек етіп жүрген әріптес-қарындастарын мақтан етеді.
«Жол саласында тек ерлер жұмыс істеу керек деген дұрыс емес. Біздің мекемеде Райгүл Миралинова деген инженер әріптесіміз бар. Ол қызметін зертханадан бастады. Сол жерде асфальт, битум, қиыршық тас құрамдарын зерттеп, сапасы мен беріктігін қадағалаудан өткізеді. Мектепке кездесуге барғанда оқушы қыздарым «бізге жол саласында жұмыс істеуге бола ма?», — деп атады. Осы әріптесімді үлгі ретінде айтып жатамын», — дейді Ақтөбе облыстық Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» филиалының инженері Талғат Бижанов.