Әлеумет
Талап пен тілек
Наурыз айы қашанда қарбаласқа толы. Мерекелік шаралардан тыс алдағы күннің еншісі де кезек күттірмейді. «Көктемнің әр күні жылға азық» - деуі де сондықтан болар.
Өткен аптада аудандық мәдениет үйінде Ойыл селосы тұрғындарының жиыны өтті. Күн тәртібінде негізінен маусымдық мал бағу мәселесі талқыланды. Алдымен Ойыл селолық округінің әкімі Сәндібек Дәулетқалиев өзекті мәселеге орай өзінің ойларын ортаға салды. Яғни, биыл Ойыл селосында төрт бағыт бойынша сиыр күтуі шығады. Ұсақ жандықты да сыртқа бақтыру мәселесі қолға алынғалы отыр. Бірақ, тұрғындарды да толғандыратын мәселе аз емес. Алдымен сөз алған еңбек ардагері Өтеген Сағатов малдың өрісі тарлығын алға тартса, Мәлік Мамедов Көзді бұлағының көз аршып, тазалау туралы айтты. Малдың өріске кету, келу мезгілі, аталық малдың уақытында қосылуы, малшымен арада келісім-шарттың жасалуы, ауыл төңірегіндегі ауыл шаруашылығы жерлерін мақсатты пайдалану сияқты қосымша мәселелер де қозғалды.
Тұрғындардың сауалдарына Ойыл селолық округінің әкімі Сәндібек Дәулетқалиев пен аудан әкімінің орынбасары Саян Сүлейменов жауап берді. Сонымен қатар, ойылдықтарды мазалайтын мәселенің бірі – биылғы қыс бойғы тұрғындарды қажытқан ренотрохит ауруы. Әсіресе, төлдердің арасында өлім-жітім бар. «Мал ашуы – жан ашуы», — деген сол болса керек. Сондықтан, бұл мәселеге аудандық «Ветстанция» мекемесінің директоры Серік Сармұқанов жауап беріп, басқа да мал ауруларының алдын-алу барысын жеткізді. Сондай-ақ, соңғы кездегі заңнамаларға енгізілген өзгерістерге сәйкес, бұралқы иттердің көбейіп кетуі де көптің көкейіндегі сауалдың бірі. Бұл мәселені де Серік Қадірғалиұлы толық түсіндірді.
С.ХАМЗИН,
Ойыл селосы.