Әкімдік
Тұрақты комиссияның отырысы тұрғындар тілегін талқылады
Жуырда Ойыл аудандық мәслихатының әлеуметтік-экономикалық даму, бюджет, халықты әлеуметтік қорғау және аграрлық сала мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысы өтті.
Комиссия отырысына Ойыл аудандық мәслихатының хатшысы Сәкен Займолдин, Қоғамдық кеңестің төрағасы Берік Бисекенов, аудан әкімінің орынбасары Саян Сүлейменов, бірқатар аудандық мекемелер басшылары қатысты. Күн тәртібінде үш мәселе қаралды.
Бірінші мәселе Қазақстан Республикасының «Жайылымдар туралы» Заңын ауданда жүзеге асыру бойынша аудан әкімінің орынбасары Саян Сүлейменов баяндама жасап, жеке тұрғындардың малы көбеюіне байланысты жайылымдық жерлерде кеңейту жұмыстарына тоқталды. Бұл мәселе әсіресе ауданның Ойыл, Берсиев, Көптоғай, Сарбие ауылдық округтерінде байқалады. Осы орайда аталған мәселе қоғамдық кеңесте қаралып, селоға жақын жерде орналасқан шаруа қожалықтарға ескерту, түсінік жұмыстары жүргізілген. Шаруа қожалықтарға жақын жерден берілген жерлерді қайтарып алу үшін жергілікті билік жұмыстанып жатыр.
Ал, екінші мәселе бойынша аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының атқарған жұмыстары туралы аудандық сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушысы Жанұлан Тумышов жан-жақты ақпарат берді. Бұл сала бойынша Ойыл-Көптоғай көтерме жолы бойынша мәселе қозғалды. Себебі көптоғайлықтардың канадалық әдіспен жасалған жолдың сапасына көңілдері толмайды. Оны төрт көзіміз түгел отырыпта көріп отырмыз. Канадалық әдісте жасалған жолмен көктемде жүру мүмкін емес. Сондықтан бұл проблема Жанұлан Тумышовтың айтуынша жолды жөндеуден өткізген мердігерді сотқа беру арқылы сот тәртібімен шешіледі дейді.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе ауданда шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту барысындағы аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің атқарған жұмыстары аясында өрбіді. Айтулы сала бойынша аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушысы Ақмарал Есбатырова баяндама жасады. Бұл сала бойынша ауданда атқарылған жұмыстар жоқ емес. Әйтсе де кәсіпкерлік саласын дамыту жұмыстарын әлі де жандандыра түсу керектігі айтылды.
Комиссия отырысында хабарламашыларға депутаттар тарапынан тақырыптар бойынша сұрақтар қойылып тиісті жауаптар алынды және тұрақты комиссияның қаулылары қабылданды.
Сондай-ақ, аудандық мәслихат хатшысы Сәкен Займолдин ауданның экономикасына тікелей қатысы бар мәселелерді шешілу жолдарын талқылап, бірлесіп жұмыс жасауға шақырды.
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.