Басты тақырып
Аймақтық спартакиада Елеусін ағамыздың мерейтойына арналды
Елеусін Сағындықовты Ойыл жұртшылығына таныстырып жату азаматтығымызға сын. Алайда кейінгі буынға үлгі етіп, еңбегін ұлықтау бүгінгі күнде біздің міндетіміз. Өйткені Ойылдағы орайлы шаруалардың қолдаушысы болып келген Елеусін Наурызбайұлының еңбегі ұшан-теңіз. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» - дегендей-ақ, оның ойылдықтар үшін тындырымды атқарған істерін киелі Көкжар тарихына алтын әріптермен жазса да артық болмас. Ойылдың қалаға қатынайтын күре жолын асфальттау, Саралжын мен Сарбиеге көпір салу, бертін келе өзі білім алған қара шаңыраққа жаңа, заманауи үлгідегі оқу корпусы мен жатақхана салу жұмыстарын жасауға ықпал етіп, қаржы мәселесін де шешіп берген осы Елеусін ағамыз еді. Ешқандай өндірісі жоқ, шалғайда жатқан Ойыл ауданына көгілдір отын тарту мәселесін шешуде де істің басы-қасында болғанын айтпай кетуге болмайды. Міне, бүгінде сол Елеусін Сағындықов ағамыз мерейлі 75 жасқа толды.
Осы орайда өткен сенбі күні ел ішінде «Мамандар даярлайтын қара шаңырақ» аталып жүрген Ойыл аграрлық колледжінде Мемлекет және қоғам қайраткері, Ойыл ауданының құрметті азаматы Елеусін Сағындықовтың 75 жас мерейтойына арналған аймақтық спартакиада өтті. Айтулы шараға қоғам қайраткерінің апасы Ақпатша Наурызбайқызы апамыз арнайы келді. Сонымен қатар шараның ашылу салтанатына еңбек, спорт ардагерлері мен мекеме басшылары қатысты.
Ойыл аграрлық колледжі директоры Серік Ғазизұлының тікелей мұрындық болуымен өткен спорттық шараның шымылдығы Елеусін ағамыздың ел үшін еткен еңбек жолы мен өмір жолы топтастырылған бейнебаянмен түрілді. Елеусін Наурызбайұлының білімі мен беделі, іскерлігі ойылдықтарға бұрыннан мәлім. Әйтсе де әр ауданнан келген спортшыларға бұл шараның мән-маңызын мәлімдеген сөз сөйлеушілер Елеусін Наурызбайұлының өскелең ұрпаққа жол көрсетер өнегелі істерін айтып, құттықтау тілектерін жеткізді. Алдымен Елеусін ағаның апасы Ақпатша Наурызбайқызы інісінің мерейтойына арнап, жоғары деңгейдегі аймақтық спартакиаданы ұйымдастырушылар тарапына алғысын білдіріп, рақыметін айтты. Ақпатша Наурызбайқызына ерекше сый-құрмет көрсетіліп, естелік сыйлықтар табысталды. Аудан әкімі Асқар Қазыбаев өзінің құттықтау сөзінде мерейтой иесінің шыққан биігін, туған еліне адал перзент ретінде еңбегін айрықша жоғары бағалайтынын тілге тиек етті. Оның еңбек жолында жеткен жемісті табыстары мен өнегелі істеріне тоқталды. Еңбек ардагері Ғазиз Займолдаұлы Елеусін ағамыз еңбек жолынан бөлек отбасылық құндылықты сақтап келе жатқан жан екенін айтып, оның өмір жолын үлгі етіп, көп өнеге алуға болатынын айтты. Келесі кезекте спорт ардагері Рақым Қарабалиев Елеусін Наурызбайұлының еліміздің болашағы үшін атқарған жұмыстарын сөз етсе, спорт ардагері Әділ Жұмағазин мемлекет және қоғам қайраткеріне деген құрмет ешқашан тоқтамау керектігін айта келе, барша спортшыларға сәттілік тіледі.
Әрі қарай спорттық ойындар өз кезегінде жалғасын тапты. Спорттың 6 түрінен өткен додаға 7 команда қатысып, бақтарын сынады. Тоғызқұмалақ, үстел тенисі, пневматикалық мылтық ату, гір тасын көтеру, қол күрес, волейбол бойынша кіл мықтылар тартысты ойын көрсетті. Бірінен бірі озсам деген спортшыларымыз есе жібермеуге тырысты. Қол күрестен 60, 70, 80 килограмм салмақ дәрежесі бойынша Темір ауданының спортшылары қарсылас шыдатпай, аймақтық спартакиаданың жеңімпазы атанды. Гір тасын көтеруден 63, 68 килограмм салмақ дәрежесі бойынша Мәртөк ауданының спортшылары алға шықса, 78 килограмм салмақ дәрежесінде байғаниндік Ш.Аққозин топтан дара шықты. Пневматикалық мылтық атудан ерлер мен әйелдер арасында мергендіктерін дәлелдей көрсеткен мәртөктік спортшылар жеңімпаз атанса, үстел теннисінен ойылдық спортшылар топ жарды. Тоғызқұмалақтың бірінші орны ерлер арасында Байғаниннің, әйелдер арасында Ойылдың еншісінде қалды. Ал, волейболдан командалар арасындағы әр кездесу тартысты өтті. Әр кездесуде Мәртөк ауданының спортшылары волейбол ойынын әбден меңгергендігіне куә болдық. Ойыншылары да бірі-бірінен асып түсті. Шетінен «сен тұр, мен атайын» дегендей, айрықша ойын көрсетті. Алайда, Ойыл, Темір, Байғанин аудандарының командалары да осал еместігін дәлелдеп берді. Волейбол ойыны жанкүйерлердің қызу қолдауларымен үндесіп, ақтық бәсекеге жақындаған сайын ойыншылардың қарқыны үдей түсті. Нәтижесінде Темір ауданы жеңімпаз атанды.
Ал, командалық есеп бойынша тарқатсақ, Ойыл ауданының бірінші командасы 3 орын, Мәртөк ауданы екінші орын, Ойылдың екінші командасы жеңімпаз болды.
Спартакиада соңында барша жеңімпаздар мен жүлдегерлерге медальдар мен кубоктар, қаржылай сыйлықтар табысталды. Айтулы доданы қорытындылаған Ойыл аграрлық колледжінің директоры Серік Ғазизұлы спартакиаданың өткізілуіне демеушілік көрсетіп, қолдау білдірген азаматтарға айрықша алғысын білдірді.
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.