Басты тақырып
АУЫЛ СПОРТШЫЛАРЫНЫҢ ЖАЗҒЫ СПАРТАКИАДАСЫ ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕ ӨТТІ
Өткен сенбі жыл сайын жастар арасында дәстүрлі өтіп жүрген ауыл спортшыларының жазғы аудандық спартакиадасы Сарбие ауылдық округінде өтті. Биыл жарыс Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерінің 30 жылдығына арналды. Аудандық спартакиаданың биылғы ерекшелігі ұлттық спорт түрлері, яғни теңге ілу,асық ату және бестас ойындарымен толыққан. Ауыл жастарының жазғы спартакиадасын аудан әкімі Асқар Қазыбаев салтанатты түрде ашып, спортшыларға сәттілік тіледі.
Жарыс салтанатты ашылған соң, жазғы спартакиаданың сайыстары басталып кетті. Ауыл спортшыларының басын біріктіретін осынау бәсекеге 400ге жуық спортшы спорттың 11 түрінен волейбол, футбол, қазақ күресі, қол күрес, гір тасын көтеру, 100 метрге жүгіру, асық ату, үстел тенисі, аударыспақ, теңге ілу, тоғызқұмалақ сынды спорт түрлерінен жүлделерді сарапқа салды.
Жыл сайын дәстүрлі жарысқа қатысушылар қатары артып келеді. Екі күн бойы тартысқа толы болған дүбірлі додаға спортшылар жоғары дайындықпен келген. Жалпы сайыскерлердің басым көпшілігі спорттың биік шыңдарын бағындырғандар. Әр спортшы өз ауылының намысын қолдан бермеуге тырысты.
Дода бар жерде мәре бар. Жарысқа қатысуға өз ықыластарын білдірген командалар әдемі ойын өрнегін көрсетті. Тартысты бәсекеде ауыл жастары спорттық іс-шаралардың тек жанкүйерлері ғана емес, белсенді қатысушылары бола алатынын іспен дәлелдеді.
Жарыс нәтижесі бойынша волейболдан Саралжыннан келген ерлер және Ш.Берсиев ауылдық округінен келген қыздар командасы үздік атанды. Шағын футбол бойынша Қайыңды командасы І орынды жеңіп алды. Ал, үстел тенисінен қыздар арасында қайыңдылық спортшылар басым түссе, ерлер арасында көптоғайлық спортшылар жеңіске жетті. Білекті жігіттер күштерін сынға салатын қол күрес және гір тасын көтеру сайысынан көптоғайлық спортшылар өз салмақтарында шеберліктерін көрсетті. Аса шапшаңдықты қажет ететін 100 метрге жүгіру сайысы, ұлттық спорт түрлері тоғызқұмалық, асық ату ойындарынан қараойлық спортшылар бірінші орынға табан тіреді. Қазақ күресінің керемет айла-әдістерін көрсете білген Сарбие ауылының балуандары қарсыластарын шақ келтірмеді.
Ауыл шетінде өткен ат үстіндегі спорт түрлері де өте тартысты өтті. Спартакиаданың сәнін келтірген сайыс ат спорты болды. Аламанға ат қосқан шабандоздар бірінен-бірі оза шапты.Теңге ілуден атақты диқан Ш.Берсиев ауылынан келген спортшы үздік шықса, аударыспақтан 60,70,80кг жоғары килограмм салмақ дәрежесі бойынша Сарбие, Ш.Берсиев, Ойыл спортшылары биік межеден көрінді.
Ауыл спортшыларының жазғы аудандық спартакиадасының үздік үштікті 188 ұпай жинаған Сарбие ауылдық округі спортшылары иеленеді. Екінші орынға 191 ұпай жинаған қайыңдылықтар қол жеткізсе, алтын алқамен қанжығыларын өзгелерден басым түсіп 196 ұпай жинаған Қараой ауылдық округінің спортшылары жеңімпаз атанды. Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Гаухар АЛЕКСЕЕВА,
Ойыл-Сарбие-Ойыл.