Басты тақырып
Балалық шақтың Баяны
«Тәрбие тал бесіктен басталса», балаға бағыт беру балабақшадан басталады. Бүлдіршіндердің екінші үйі саналатын орында барлық баланың басы қосылады. Бір-бірімен сөйлесуді, ұғысуды, жазуды, сызуды үйрене ді. Бұнда үйдегідей емес тәртіпке бағынады. Уақытпен санасады. Алғашқы тақпағын айтып, қабілетін де көрсете бастайды.
Әрине, оның бәрін үйрететін апайлары болады. Әр үйдің еркесімен жылы-жылы сөйлесіп, еркелігін көтеріп, ыңғайына төзетін тәрбиешілердің жұмысы жеңіл дей алмаймыз. Бір емес, бірнеше баламен күнде-күнде жұмыс істеу қиындығы өз алдына, кейде әрқайсысының көңілін табуға тура келеді. Не десе де, сәбиліктен арыла қоймаған балаларға сот жоқ. Еркіне жіберсең, бәрін бүлдіреді. Бірақ осының қандайына да төзіп, өз баласындай қарайтын тәрбиешілер бар. Солардың бірі Баянгүл Сисенғалиева осындай тентектердің анасы. Аудан орталығындағы «Балдырған» балабақшасында 30 жылдан бері жасап келеді. Сондықтан қызығы мен қиындығы қатар жүретін бұл мамандық оған жат емес. Осынша жыл тәжірибесі бар ол — ауданның «Үздік тәрбиешісі». Кішкентай балалармен бірге жүріп, үлкен жетістіктерге жетті. Мектепке дейінгі тәрбие мен білім беруде еңбегі зор. Бірнеше жобалардың жеңімпазы. Облыстың «Мектепке дейінгі ұйымның үздік педагогы» деген мәртебесі бар. Облыс әкімінің алғысына ие болды.
Сонау 1988 жылы «Балдырғанда» алғашқы еңбек жолын бастаған Баянгүл апай әлі де сол бақшаның бесігін тербетіп келеді. Оның алдынан шыққан балалар қазір орда бұзар отыздан асып, ұлдары әке, қыздары аяулы ана болып отыр. Ең алғаш 1985 жылғы балаларды 3 жасында қабылдаса, қазір олардың балаларына тәрбие беріп жүр.
Ол қызмет қуаламады. Өз мамандығын жанындай сүйіп, балақайларға саналы тәрбие, сапалы білім беруге тырысты. Білімнің негізі бастауышта десек, қазір балабақшада берілетін тәрбиенің маңызы зор.
Бізбен әңгіме барысында Баянгүл апай өз ісінің ерекшеліктерімен бөлісті. «Тәрбиеші-қызық, әрі қиын мамандық. Қиындығы әрбір үйдің ерке ботақандарын, көз қуаныштарын алдыңа әкеп, жөн сілтейсің. Саған әрбір ата-ана үміт артады. Ал сол үмітті ақтау, олардың сенімінен, көңілінен шығу оңай шаруа емес. Сол себепті ерекше шеберлікті, шыдамдылықты, шығармашылықты талап етеді. Әр бала сені анасындай қабылдап, сенен ерекше қамқорлық күтеді. Балалықпен ойыншыққа таласып бір-бірімен шатасып, келісе алмайтын жағдайлар көп болады. Сонда әрқайсысы да саған шағымданып, өзіне қамқор болып, қорғауын қалайды. Екі жақты татуластырып, шекіскен достарды жарастырып, өкпесін ұмыттырып, жадырату үшін тапқырлық қажет болады. Ал қызығы сол. Артта қалған балалығыңмен күнде қауышасың. Балдай тәтті істеріне сүйсінесің. Сәбидің риясыз шат күлкүсін естіп жүру де бір ғанибет қой. Тәтті қылықтары жүректі елжіретпей қоймайды. Баламен бала болып тіл қатысып, кейде баламен бала болып кеткеніңді байқамай қаласың. Бала жақсыны да, жаманды да тез қабылдағыш келеді. Сондықтан адами асыл қасиеттерді баланың бойына көптеп сіңіріп дарыта білсек, ата-ананың, халықтың алғысын алғандығымыз. Әрине бұл жолда жауапкершіліктің жүгі өте ауыр. Бірақ мен балабақша тәрбиешісі болғанымды мақтан етемін» — деп бір шешілді. Баянгүл апайдың баянды ісін ата-аналардан да естіп жүрміз. Ол туралы жағымды пікірлер айтылып жатады. Ал, Баянгүлдің ең үлкен мақтанышы кезінде тәрбиенің «фундаменті» өзінен қаланған бүлдіршіндерінің қазір лауазымды қызметті ұстауы. Өзі айтпақшы, көп шәкірттерінің көз алдында жүргені қуантады.
Бір-бір саланың тізгінін ұстаған олар балалық бал шақтағы Баянгүл апайларын ұмытпаған болар. Ұмытпайды да. Өйткені жаны жайсаң, мінезі кең, мейірімді адам баланың көңілінде мәңгі қалады.
Қаншама баланың анасы болған Баянгүл Тынышқызының алақанынан әлі де талай сәби өседі. Балаға ұнаған адам бәріне ұнайды. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев биыл «Бақытты бала жылы» деп жариялады. Балалар үшін тіпті әр күні бақытқа толы болады, егер де тәрбиенің тамырын осындай тәрбиешілерден алып жатса… Біз де баянды істеріңізге береке берсін, — деп балалардың анасын халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймыз!
Самат НАРЕГЕЕВ,
Ойыл селосы.