Басты тақырып

Ойылдың жолы «ойылып» жатыр

Оған кінәлі кім?

Қобдамен араға тас жол салынғанда көзін ашқалы жол азабын көрген, жамап-жасқалған күре жол әбден титықтатқан ойылдықтардың бөркін  аспанға ата қуанбағаны жоқ шығар… Бірақ  елдің шаттығы ұзаққа созылмай, 15 жылда орта жолдан сап тыйылатын түрі бар. Халыққа дем берген думанның бұлайша су сепкендей басылуының себебі не? 15 жыл бойы сол уақыттағы облыс басшысы Елеусін Наурызбайұлына алғыс жаудырып жүрген жолымыз 10 күнде ойдым-ойдым болып, шашылып қалды.

Оған кінәлі кім? Ойыл – Қараой бағытындағы жол құрылысын жеңіп алған мердігердің 40 градус ыстықта жүрген 40 тонналық ауыр жүк көліктері. «Жер астынан жік шықты» демекші, Қараойдың жолына құрылыс материалдарын тасып болғанша, күре жолдың асфальт төсендісі ойдым-ойдым шұңқырға айналып, үстіңгі қабаты сыпырылып түсіп қалып, баяғы таз қалпына түседі. Осы орайда «Көсегемді көгерткенің бар болсын…» деп басталатын тұрақты сөз тіркесі есімізге еріксіз түседі. Ойдымы шығып, орға айналған мынадай жолдың қаупі көп. Енді шаңы бұрқырап, бетке ұратын бұрынғы грейдер жолымызға жете алмай, жер сипап қалмаймыз ба?

Кеше «AMANAT» патриясының партиялық бақылау комиссиясының мүшелері Ойыл-Қобда бағытындағы күре жолдарға есептелмеген шамадан тыс ауыр көліктердің кесірінен ойықтар пайда болып, жүргізушілерге қауіп төндіріп отырғандықтан, жолдың жағдайымен танысып қайтты. Дереу тиісті шаралар қабылдап, құзіретті мекемелерге ұсыныстар жолданды.

Жүргізушілер базынасын айтып жатыр. Орынды. Жолдың қауіпті тұстарында арнаулы жол белгілері де жоқ. «Жаман айтпай, жақсы жоқ». Неге біз оқиғаның орын алуын күтеміз? Шеті сетінеген жол шашыла береді. Бұл күрмеуі қиын мәселе емес. Сондықтан, дереу ауыр көліктердің жүруін тоқтату керек. Мұны біз бүгін қолға алмасақ, ертең бәрі кеш болады. Енді бізге мұндай жол қайта салынбайды. Ал, жамалған жолдың жайын көріп жүрміз. Қалай болғанда да, қазір осы жолдың мәселесі ушығып тұр. «Ұрыста тұрыс жоқ» деген. Тығырыққа тірелген ойылдық жүргізушілер мұң-зарын айтып, әлеуметтік желіге таратуда. Күйінген қараша араша сұрайды.

Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар