Басты тақырып
САРБИЕ – БЕРЕКЕ-БІРЛІГІ ЖАРАСҚАН АУЫЛ!
АУДАН ОРТАЛЫҒЫНАН ШАЛҒАЙ ОРНАЛАСҚАН АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ ТҰРМЫСЫ ЖАЙЛЫ, ТІРШІЛІГІ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫМЕН ТЫҒЫЗ БАЙЛАНЫСҚАН ҚАЗАҚЫ ҚАЙМАҒЫ БҰЗЫЛМАҒАН ҚҰТТЫ МЕКЕН. КЕҢЕС КЕЗІНДЕ ТӨРТ ТҮЛІГІ ТӨСІНДЕ ӨРІП, АЛҚАБЫНАН АЛТЫН ДӘН ӨНГЕН АУЫЛДЫҢ ТЫНЫС-ТІРШІЛІГІ ТОҚЫРАУ ЖЫЛДАРЫ БІРАЗ САЯБЫРЛАП ҚАЛҒАНЫН ҮЛКЕНДЕРДЕН ЕСТІП ӨСКЕН ЕДІК. СОЛ БІР КЕЗЕҢДЕРДЕ ЖҮДЕУ КҮЙ КЕШКЕН САРБИЕНІҢ ЖАҚЫНҒЫ ЖЫЛДАРДАН БЕРІ БЕРЕКЕСІ АРТЫП, ТУҒАН ЖЕРДІҢ ТІРЛІГІ ЖАДЫРАЙ ТҮСКЕНДЕЙ. ҚАЗІРГІ ТАҢДА БҰЛ АУЫЛДА БИЛІКТІҢ ТІЗГІНІН ДӘУРЕН ҚАРЖАУБАЙҰЛЫ ҰСТАП ОТЫР. ЕЛ-ЖҰРТЫН ЕҢБЕКПЕН ДАМУДЫҢ ДАҢҒЫЛ ЖОЛЫНА БАСТАҒАН ӘКІМНІҢ ШАЛҒАЙ АУЫЛДА ЖАСАП ОТЫРҒАН ШАРУАЛАРЫ ШЫРАЙЛЫ. ЕЛДІҢ СЕНІМІН АРҚАЛАҒАН АУЫЛ ӘКІМІНІҢ ХАЛҚЫНА ҚЫЗМЕТ ЕТУ ҚАРҚЫНЫ ҚУАНТАДЫ. ҚАРАМАҒЫНДАҒЫ КАДРЛАРЫНЫҢ ДА ДЕНІ ЖАСТАР. «ЖАС КЕЛСЕ ІСКЕ», - ДЕГЕНДЕЙ ЖЕКЕ ШАРУАСЫН ЫСЫРЫП ҚОЙЫП, ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ҰСЫНЫС-ТІЛЕГІН ТЫҢДАП, ЖАСАЛҒАН ІСТЕН НАҚТЫ НӘТИЖЕ ШЫҒАРЫП КЕЛЕДІ.
202 түтіні бар Сарбие ауылдық округінде, Қаракөл елді мекенін қосқанда 1229 тұрғын тұрмыс кешуде. Мұндағы тұрғындар негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Мемлекеттік бағдарламалардың қолдау-көмектерін тиімді пайдаланып, ауыл шаруашылық техникаларын алуда, жеңілдетілген несиелер арқылы асыл тұқымды мал басын көбейтуде белсенділік жоғары. Шаруаға бейім жұртшылық шаруасын дөңгелетуге ұмтылып келеді. Соның нәтижесінде мал басы артып отыр. Қазір округте 29 шаруа қожалық, 27 жеке кәсіпкер бар. Мүйізді ірі қара 6263 басты құраса, қой-ешкі 15574-ке жеткен. Ал, қамбар атаның төлі 3 мыңнан асады. Аталған ауылдық округте 2 денсаулық сақтау, 2 білім беру, 1 ауылдық клуб, 1 учаскелік полиция жұмыс жасайды. Сондай-ақ, 1 наубайхана, 1 шаштараз, 1 дәріхана, 4 дүкен бар. Ауылдың іші мұнтаздай тап-таза. Көшелері толықтай жарықтандырылып, жаю жүргіншілер жолақтары, жолда жүру белгілері қойылған. Әр көшеде тұрмыстық қалдықтарды салуға арналған арнайы қоқыс жәшіктері (урналар) қойылған. Тұрғындардың көңіл-күйлері көтеріңкі. Ауылдағы еңбек адамдары таң атысымен қызу шаруаларына кіріседі. Әкіміне дән риза ауыл тұрғындары туған жердің көркеюі үшін жұмыла жұмыс істеуге әзір. Екі бағытта мал күтімі ұйымдастырылған. Сондай-ақ көше бойларында тарихи тұлғалар бейнеленген тақтайшалар кешкілік мезгілде жарқырап тұр. Бұл ел үшін қызмет қылған еңбек адамдарына деген шексіз құрмет екенін аңғартады.
«Өсер елдің керегесі кең болар», — демекші ауылдың әлеуметтік әлеуетін таныстырмаққа жол бастаған округ әкімі Дәурен Бисебаев шалғайдағы ауылдың қанаты кеңге жайылып, әлеуметтік нысандармен халыққа қызмет ету орталықтары қарқынды іске қосылып жатқандығын тілге тиек етті. Осы бағытта жасалынып жатқан жұмыстарды толығырақ тарқатсақ, былтыр ауылдың төрт көшесіне асьфалт жамылғылары төселді. Соның нәтижесінде болар ауылдың болашағына нық сеніммен көз жүгірткен тұрғындар үйлерінің қоршауларын заманауи үлгіде жаңартып, құрылыс жұмыстарына ден қоя бастады. Ауыл әкімінің ауқымды жобаларды жүзеге асырып жатқаны ауыл тұрғындарына серпін беріп, әлеуметтік нысандар кезегімен бой көтеруде. Ағымдағы жылы бір азық-түлік дүкені, дөңгелек жөндеу (шиномонтаж) және балалар жылына байланысты жергілікті бюджет есебінен 6 миллион теңгеге балалар ойын алаңы іске қосылған. Соныдай-ақ Сарбие-Дайра бағытындағы 16 киллометр көтерме жолды жөндеу, асьфалттау жұмыстары «Тайбурыл» ЖШС-і арқылы жүзеге асырылуда. Нақтырақ айтсақ, дөңгелек жөндеу қызметін іске қосып отырған Қазбек Әлібекұлы ауылдастарының алғысын алып жүр. Бұл қызмет түрі әсіресе көлігі бар жандарға көп қуаныш сыйлады. Себебі мұндай дөңгелек жөндеу қызметі ауданға қарасты округтердің ішінде алғаш рет Сарбие де ғана ашылып отыр. Сонымен қатар «Рақым», «Атамекен» шаруа қожалық төрағалары малшыларға арнап екі тұрғын үй салуда. Сондай-ақ, округті аралаған сапарымызда ауылдың кіре берісінде газ құю бекетін салу үшін құрылыс жұмыстары басталып жатқандығын байқадық. Газ құю бекетін Асылхан Бюрин деген азамат жеке қаражат есебінен салуда. Сәтін салса бірер жылда іске қосуды көздеп отыр. Себебі шалғай ауылдағы тұрғындар үшін кейде аудан орталығына барып, көліктеріне газ жасап келу үшін тиімсіз. Әрі бензин секілді оны қажетті құтыларға құйып әкелу мүмкін емес болғандықтан осы бір игі істі қолға алып отыр екен.
Біз округ әкімімен арнайы тілдесу барысында ол: «Елу жылда ел жаңа…», — деген сөз бар қазақта. Осы аталы сөзді басшылыққа ала отырып еліміздің өркендеуі жолында қалтқысыз қызмет етіп келеміз. Шалғайдағы ауылдарға мемлекет тарапынан қолдау, қамқорлық көрсетіліп жатқаны бәріне аян. Сондықтан мұндай мүмкіндікті пайдаланып, ауылдарды ажарландырып, болашағын жарқын ету біздің ел алдындағы басты міндетіміз. Алдағы күндердің жарқын белестеріне жету үшін бәріміз бірге жұмылуымыз керек.», — дейді іскер әкім.
Сарбиеде төрт түлігін түлігін түлетіп, мал басын мыңғыртып ұстап отырған шаруалардың қатары көбейіп келеді. Ауыл шаруашылығы саласында мемлекет тарапынан берілетін гранттар мен субсидияларды алып отырған шаруашылықтар да бар. Солардың қатарында «Әлназар» шаруа қожалығы да бар. Шаруа қожалық үкімет беріп отырған грант арқылы шаруашылық жеріне электр желісін тартып жатыр. Арнайы репортаж барысында аталған шаруа қожалықтың шаруа-жайымен танысып қайттық. Қазіргі таңда мал азығын дайындау науқанында қызу жұмыстанып жатқан сәтіне куә болдық.
Мирас Мұратқалиев Сарбиеде учаскелік полиция инспекторы қызметін атқарады. 2012-2016 жылдары Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің құқықтану мамандығы бойынша тәмамдаған. Оқуын бітіре салысымен тырнақалды еңбек жолын Сарбиеден бастаған оның қызмет етіп жатқанына биыл төрт жыл болыпты. Жанұялы болсада шалғайдағы ауылға барып, қоғам тыныштығын күзетіп келеді. Өзіне артылған мол жауапкершілікті кіршіксіз атқаруды қызметі ғана емес, азаматтық парызы санайды. Мирасты қазір сарбиеліктер жақсы таниды. Оның айтуынша соңғы жылдарда мал ұрлығы, қоғамдық орындарда құқық бұзушылықтар орын алмаған. Жаста болса халықпен тығыз қызмет етіп жатқан аға лейтенант заң аясында өзіне жүктелген міндетті адал атқарып жүр.
Сарбиеде білімге құштар, өнерге жақын, өлеңге құмар жастар жетерлік. Туған жерден түлеп ұшып, өнер керуенінде алдыңғы легтен көрініп жүрген жастарымыз қаншама?! Солардың бірі, өнердегі аға-апаларының ізіне еріп, ұлы ақындардың шығармашылықтарына еліктеп өсіп келе жатқан кейінгі буынның ішінде Сапақкөл орта мектебінің 8 сынып оқушысы Әсел Тоғызбаеваның қадамы қуантады. Көркем сөз, мәнерлеп оқудың қас шебері. «Едіге батыр» жырын жатқа біледі. Аудандық, облыстық байқаулардың талай мәрте жеңімпазы атанып жүр. Балауса кезінен бастап жырға жақын өскен қарындасымыз өнер көшінде ауданның намысын қорғап жетістіктерге жеткені үшін Ойыл ауданының «Жыл адамы-2021» атанды. Әселдің ендігі арманы журналист болсам дейді.
P.S. Осылайша аталған округті аралаған сапарымызда сарбиеліктердің бірлесіп, тіл табыса істеген тұщымды тірліктеріне куә болдық. Ендеше округ әкімімен бірге ауызбірлігі бір ауылдастардың алдағы игі істеріне ақ жол тілейміз. Біз Сарбие ауылдық округінің тұрмыс-тіршілігі жайында осыдан бірер жыл бұрын жазған едік. Бұл жолы Сарбиенің ағымдағы жылы атқарылып жатқан, қарасаң көңіл толтырар мардымды жұмыстары жөнінде қалам тербеп отырмыз.
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл-Сарбие-Ойыл.