Басты тақырыпСұхбат

Жер – «жұмыстың» бастауы  

«ЖЕР ЫРЫСТЫҢ КІНДІГІ», - ДЕЙДІ АТА-БАБАМЫЗ. ОЛАЙ БОЛСА ЫРЫСЫМЫЗДЫ ЫСЫРАП ҚЫЛЫП ЖАТҚАН ЖОҚПЫЗ БА? СЕБЕБІ ҚАЗІР ШАРУА БАҚҚАН ЖАНДАР ДА, ЖЕКЕ ТҰРҒЫНДАРДА ЖЕРДІҢ ТАПШЫЛЫҒЫНА КУӘ БОП КЕЛЕДІ. ЖЕР ЖОҚ. БІРАҚ БОС ЖАТҚАН ЖЕРЛЕР КӨП. МІНЕ ОСЫНДАЙ КӨПТІҢ КӨКЕЙІНДЕГІ КӨКЕЙКЕСТІ МӘСЕЛЕНІ МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ «ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ. БІРТҰТАС ҰЛТ. БЕРЕКЕЛІ ҚОҒАМ» АТТЫ ЖОЛДАУЫНДА ҚОЗҒАҒАН БОЛАТЫН. ЕНДЕШЕ БІЗ ОСЫ ОРАЙДЫ ПАЙДАЛАНЫП, ОЙЫЛ АУДАНДЫҚ ЖЕР БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ, МӘУЛЕН ТӨРЕМҰРАТОВПЕН АРНАЙЫ СҰХБАТТАСҚАН ЕДІК.

— Мәулен мырза «Жер дауы» қазақтың ең «жанды жері» екенін жақсы білесіз. Алайда қазір ауданымызда жеке тұрғындардың малдары жайылатын жайылымдық жерлер тапшы. Оның себебі неде?

Біздің аймақ негізінен ауыл шаруашылықпен айналысатын қазақы аудан. Мұнда ешқандай өндіріс көзі болмағандықтан жер телімдері айтулы салаға арналып беріледі. Жалпы аудан аумағы 1 миллион 145 мың 868 гектарды құрайды. Оның 735 мың 737 гектары ауыл шаруашылық бағытында берілген жерлер. Сіздің сауалыңыз өте орынды. Бұл мәселе көптен қозғалып келеді. Оның басты себебі бұрын ауылдар мен елді мекендерге жақын маңнан жер телімдері берілген. Олардың құжаттары заңды болғандықтан ешқандай шара қолдана алмай отырмыз. Әзірге түсінік жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жақын жердегі шаруа қожалықтарға қашықтау жерлерден жер телімдерін беріп, ауылдың айналасын босатып алуға жұмыстанып келеміз.

— Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы кезекті Жолдауында игерілмей жатқан жерді қайтарып алу жөніндегі комиссияның қызметіне жеке тоқталып, «Игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген жер көлемі 10 миллион гектарға жуықтайды», — деді.

Ал, соның ішінде біздің ауданда ше?

Расында біздің ауданда да ешқандай шаруашылықтың ізі де, ісі де байқалмайтын, бірақ жерлерін заңдастырып алып алған шаруа қожалықтар шаш етектен. Ел Президенті Үкімет пен әкімдіктер келесі жылдың соңына дейін осы жерлерге қатысты нақты шешім қабылдауға тиіс екендігін нақты атап өтті. Мәселен біз ағымдағы жыл басынан бері 15117 гектар жерді қайтарып алдық. Мемлекет басшысы еліміз бойынша комиссия жұмысының аясында ауыл шаруашылығы мақсатындағы 2,9 миллион гектар жер мемлекетке қайтарылғанын мәлімдеді. Жылдың соңына дейін кемінде 5 миллион гектар жерді қайтарып алу жоспарланып отыр. Сондықтан бұл жұмыстар әлі де жалғасын табатын болады.

— Өнім өндіру үшін, ең алдымен, жер керек. Жері жоқ адам бизнеспен айналыса алмайды. Сондықтан кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарға жер телімдерін ашық, әрі жедел бөлудің тиімді тәсілдері айқындалуы керектігі жөнінде тапсырма берді. Бұл жөнінде не айтар едіңіз?

— Ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану «жалға алу» құқығын беру жөніндегі конкурс негізінде жүзеге асырылады. Сондықтан конкурсқа шаруашылықтар қатысып, қажетті жер телімін жалға алу мүмкіндігіне ие бола алады. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалануымыз қажет. Сонда ғана біз айтулы саланы айтарлықтай дамыта алар едік. Айта кетсем, қазір жер мәселесін тексеруге жарияланған мораторий де күшін жойды. Бұл қадам жерін игермей отырған шаруашылықтардан жерді қайтарып алу шараларына оң ықпалын тигізіп келеді. Соның нәтижесінде биыл 8 шаруа қожалық құрылымы тексеріліп, жер телімін тиімсіз пайдаланып отырғанын анықтадық. Шаруа қожалық жерінде ауыл шаруашылық техникалары түгілі малы да жоқ екендігіне куә болдық. Ол шаруашылықтарға ескерту берілді. Егер ескертуден кейін еш нәтиже шықпаса, жерді қайтарып алуға толық мүмкіндігіміз бар.

— Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан: Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар