ӘкімдікБасты тақырыпСұхбат

Үлкен ауылда үмітті істер көп

Ойыл – аудан орталығы болғандықтан, барлық жағынан аудандағы үлкен ауылдық округ. Демек, халқының табысы да, мәселелері де ауқымды. Сондықтан, ауылдық округтің әкімі Сәндібек Дәулетқалиевпен сұхбатымыз ауқымды мәселелер төңірегінде өрбіді.

-Аумағы да, халқы да үлкен ауылдың сұранысы мен талап-тілегі де көп болатыны түсінікті. Бүгінгі күні тұрғындардың көтеріп жүрген негізгі мәселелері қандай?
-Уақыттың ағымына орай өтініштердің де өзгеріп отыратыны белгілі. Бәрі де өркениет көшіне ілесуді көздейді. Соңғы жылдарғы тұрғындардың өтінішінің өзегі – көше жолдарының жайы. Сол себепті, биыл көшелерді жөндеуге көп мән бердік. Сол үшін «Ақтөбе Құрылыс Аймақ» ЖШС-мен 253 млн. теңгеге келісім шарт жасалған еді. Мәселен, Екібаев, Тәуелсіздік, Қлипанов, Ержанов, Құрманғазин, Иманов көшелеріне асфальт төселсе, Жолмырзаев көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.
-Ойыл – аудан орталығы дегенімен халықтың басым бөлігі малды қосымша табыс көзі санайды. Малды бақтыру да негізгі мәселенің бірі екені рас.
-Округте сиыр мен жылқы басының өсуінде жақсы көрсеткіш бар. Жалпы округ бойынша 5 бағытқа сиыр бағу табыны ұйымдастырылған. Алдарында 110-150 бас шамасында сауын сиырлар бар. Белгілі бағыттар бойынша шыққан мал табындарына да малдарын қоспайтын азаматтарда бар. Қоғамдық табындарға 20 бұқашық қосылды. Дегенмен, Ойыл селосындағы Ашықбай бағытына қарай ұйымдастырылған күтуге мал қосушылар болмады. 2022 жылы жануарларды асырау қағидаларын сақтамаған округ ішінде қараусыз жүрген малдарды қамап, мал иелерін анықтап, Ойыл селосының 26 тұрғынына хаттама толтырылып, 9-на ескерту беріліп, 17-не айыппұл салынды. Қамалған үй жануарларының 23 басы МІҚ, 35 басы жылқы малы.
-Тұрғындардың малдан да басқа табыс көзі бау-бақша. Бағбандықты меңгергендер де көп табысқа кенеліп отыр…
-Бау-бақша өсіру бойынша ауыл сыртындағы өзен жағасына мекемелер, жеке тұрғындар 3 га жерге картоп екті, сай астындағы бау-бақшадан жер алып, көкөніс егушілер көбейді. Ауласындағы шағын бақшаларын айтпағанда, биылдың өзінде бес адам 60 сотық жер алды. Осыдан-ақ, халықтың бұл бағытқа да бетбұрысын аңғаруға болады.
-«Тазалық – денсаулық кепілі» — дейміз. Ортақ үйіміздің тазалығы да ортақ болуы керек.
-Ауылдық округтің санитарлық тазалығын сақтау, көгалдандыру жұмыстарын, абаттандыру басты назарда. Аудан орталығының көшелері ақылы қоғам қызметкерлеріне бекітіліп, тазалық жұмыстары жүргізіліп отырады. Жолмырзаев 42 үйдің төбесі демеушілер арқасында бикрос материалымен жабылып, электр желілері жөнге келтірілді. Ойыл селосы Қарауылтөбе бағытындағы үш дамба көтеріліп, көктемгі қар суының Сегізсайға бұрылуына «жағдай» жасалды. Қаңқайдың басындағы бейітке темір тормен қоршау жүргізілді. Ойыл селосындағы көшелерге жаңадан жол белгілері қойылып, жолақтар салынды, сонымен қатар қозғалыс көп көшелерге жасанды кедергілер орнатылды. Көкжар көшесінің бойындағы суағарлардың 200 метрі жаңасына ауыстырылып, ескі суағарлар Шернияз көшесінің төменгі жағына орналастырылды. Ойыл селосының жеті көшесіне, (яғни Алтынсарин, Тапалова, Байғанин, Қойшығұлов, Амангелді, Ержанов, Молдағұлова көшелеріне) Ақшатау, Қаракемер елді мекендерінде 20 нүктеден 40 жерге қосымша жарықтандыру жұмыстары жүргізілді.
Мамыр айынан бері аудан басындағы, елді мекендер аумағындағы қалдықтар жиналған орындардан (165 тонна) әртүрлі қоқыстар мен тұрмыстық қалдықтар шығарылса, дендрологиялық жоспар бойынша биыл 20 га жерге талдар егілді.
-Әңгімеңізге рахмет!
Еңбектерің жемісті болсын!

Басқа жаңалықтар