Экономика

Аудан әкімдері де көп іске куә болды

Облыс басшысы ат басын бұрған шаруашылықтардың жұмысымен аудан әкімдері де танысты. Одан кейін, Саралжын ауылдық округінде болып, Әнуар Дербісалин атындағы Саралжын орта мектебі жанынан Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетімен бірлескен меморандум негізінде ашылған педагогтарды қайта даярлау курсының жұмысымен танысып, мектептегі қолөнер шеберлері мен ауылдан шыққан аты мәшһүр тұлғалардың көрмелерін аралады. Сонымен бірге облыс әкімі Бердібек Мәшбекұлының бастамасымен басталған «Бақытты балалық шақ» жобасы аясында аула клубының ашылу салтанатына қатысты. Онда Қарғалы ауданының әкімі Рахат Мәжитұлы алғаш болып, осындай игі шараға ұйытқы болған саралжындықтарға құттықтау тілегін жеткізсе, өңір басшының барлық ауылдарда да көптеген жұмыстарды жүзеге асырып жатқандығына шын ризашылығын білдірген еңбек ардагері Жақсылық Бисалиев
«Біздің жастарымыз
Азамат болсын ардақты,
Мінезі болсын салмақты.
Білімі болсын жан-жақты,
Осы айтқанымның бәрі келіп,
Жастарымызға Алла берсін зор бақты» деген ақ батасын берді. Сондай-ақ ауылда тұратын жастар мен жасөспірімдердің бас қосып, олардың шығармашылық идеяларын жүзеге асыратын және бос уақыттарын тиімді өткізу мақсатында ашылып жатқан аула клубының лентасын Шалқар ауданының әкімі Бауыржан Қаниев пен ауыл ақсақалы Жақсылық Бисалиев қиды.
Одан соң аудан орталығындағы жеке кәсіпкер Күлжамал Әліптің «Ойыл-нан» кәсіпкерлік нысанында ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеу, нан өнімдерін өндіру, әлеуметтік дүкенінде болып, 54 адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкердің кәсібімен танысты.
Сонымен қатар Ойыл аграрлық колледжіне арнайы барып, матералдық техникалық базасын аралады. Колледж ауласына кірген кезде аудан әкімдерінің көзіне кірпіштен қаланған керуен сарайлары ілінді. Ойыл тарихының бір тіні саналатын сауда үйлері аудан қонақтарын айрықша әсерде қалдырды. Әсіресе, біздің аймаққа алғаш келіп тұрған аудан әкімдері топырағы шежіре тұнған киелі Көкжардың тарихынан көптеген мәлімет алды. Ветеринария клиникасы мен машина-трактор шеберханасының ауыл шаруашылығына қажетті мамандар даярлауда аса маңыздылығын жеткізген колледж директоры Серік Ғазизұлы аталмыш оқу орны жанындағы қосымша асыл тұқымды малдар көрмесін таныстырып, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Оған қоса облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасына сәйкес, атақты рекордшы, ақ тарының атасы Ш.Берсиевтің жұмысын насихаттап, жалғастыру мақсатында осы оқу орнының жанынан атақты диқаншы мектебінің ашылу салтанатына куә болды.

Басқа жаңалықтар