Сұхбат

ҚАУЫШУ

Үлкейгенде жасыңды еске түсіріп, ойлаудың өзі қорқынышты екен. 67-ге келдім. Бұрынғы жас кезіміздегі егде көрінетін әжелеріміз бен аталарымыздың жасы. Міне, мен де солардай болдым. Бірақ өзіме жаным жас, қартаймаған секілдімін. Бәрібір балалық бал дәуренім, қызылды-жасылды жалауы желбіреген жалынды жастығым, қызығы мол қимас шақтарым сағым болып алыстап кеткенін мойындамасқа шарам жоқ.
Осыдан 3 жыл бұрын облыстық «Мерейлі отбасы» байқауынан жүлделі орынға ие болғанда елордадан тілшілер хабарласып, отбасымыз туралы бірнеше сұрақтар қойды. Соның ішінде “Жұбайыңызбен қашан және қалай таныстыңыз?” — деген сауал да бар еді.
Ойланып қалдым. Қысқаша, “Оралда таныстым” деп айта салу оңай, әрине. Бірақ біздің таныстығымыз бір киноға жүк болардай ұзақ хикая ғой… Сонымен, ойлана келе жас күнімдегі көмескі тарта бастаған көріністерді көз алдыма әкеліп, бәрін әңгіме түрінде баяндауды жөн көрдім.
***
Облыс орталығынан шалғай жатқан Ойыл ауданындағы қаймағы бұзылмаған қазақ ауылында 10 жылдықты бітірдім. Төртінен бесі көп аттестатымды қолыма алған менің арманым актриса болу еді. Өйткені бойымда өзім сезінген талант бар еді.
Сол мектеп бітірген жылы біздің «Жекенді» совхозы ауыл шаруашылығынан үздік шығып, Ақтөбедегі телевидениеден арнайы түсіру тобы келді. Совхоз директоры мектеп қабырғасында-ақ танымал болған мені “дикцияң жақсы” деп ауыл өмірі туралы айтуға көндіріп, камераға сөйлетіп қойды.
Менің талабымды бірден таныды ма, телеарна мамандары “Ақтөбеге кел, дикторлықты үйренесің!” — деп үгіттей бастады. Мен үзілді-кесілді қарсылық білдіріп, басымды алып қаштым. Біріншіден, өмірінде қала көрмеген, орыс тіліне шорқақ ауыл қызы үшін бұл ұсынысқа жүрексінбеу мүмкін емес еді. Екіншіден, жалғыз анам да бұл жаңалыққа қуанып, қоштай қойған жоқ. Оқымаған адам бойымдағы талантымды кез-келгенге бұйыра бермейтін мүмкіндік екенін қайдан ұқсын.
Мені көндіре алмаған соң қалалық қонақтар біржола үмітін үзген шығар десем, олай болмай шықты. Кейін қолқа салып ауылға тағы екі рет келді. Надандық-ай, десеңші! Бәрібір бармадым.
Совхоз директорының да, ауыл адамдарының да айтқан ақылы өтпеді. Алдымда кесе-көлденеңдеп көп кедергілер тұрғандай көрінетін. Актриса болу үшін Алматыға бару керек, орыс тілін білмеймін, сондықтан біреу жетектеп апару керек. Одан қалса, қаражатым да жоқ. Жалғыз анамнан басқа иек артар қамқоршым болмағандықтан, ол мақсатым арман болып қала берді.
Ауыл тірлігінен аса алмайтын апа-жезделерімнен де көмек болмады. Бірақ арманым асқақ еді – қайткенде де оқуға баруым керек. Алдыма қойған мақсатым сол болды.
Анамның: «Қызым-ау, үлкен қаланы көрген жоқсың, жақын жерден, ауданнан ашылып жатқан дүкеншілікті, бухгалтерлікті оқып алсаң да кем болмайсың» — деген өтініш-ұсынысына да құлақ аспадым. Анамның алаңдауы орынды еді. Мектеп бітіргенше Ақтөбе түгіл ауданға да сирек баратынмын. Үлкен қаланы өмірімде көрген емеспін. Көрсем жалғыз шығар ма едім, шықпас па едім?.. Үлкен қаланы базарлап келгендерден немесе қалада оқитындардан ғана естіп, көз алдыма елестететінмін. Біздің заманымызда, ауылдық жерде теледидар, телефон дегенді шырақпен іздеп таба алмайтынсың.
Сонымен, белді бекем буып, Орал қаласына қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне оқуға баруға жиналдым. Ол кезде филология факультеті Ақтөбеде жоқ болатын.
Ана байғұс уайымдап, шыр-пыры шығып жүр: — Құлыным-ау, Оралда дені орыстар дейді, қалай күн көресің? Ауылдың екі баласы Оралда оқиды екен деп соларға сеніп баруға бола ма? Өзің қыз баласың. Райыңнан қайт, айналайын, — деп күйіп-пісіп, жалынып-жалбарынды.
Анам айтқан ауылдың екі баласы – Күләш Бақтыгереева (қазір марқұм болып кетті), Айтқожа Құтқожин деген екі студент сонда оқиды екен. Солардың оқу орындарының, жатақханасының адрестерін жазып алдым. Бар үмітім сол. Сонда да айтқанымнан қайтпадым. Іштей қатты қорқынышым болса да, «Нартәуекел» деп жолға жиналдым.
Марқұм анам мектептің пешін жағып, еденін жуатын. Сол маңдай термен тауып, жинаған ақшасын қолыма ұстатып, апа-жезделерім қолындағы барын беріп, Ақтөбеге мал алып бара жатқан көлікке мінгізіп жіберді.
Ол кезде киімім де жұпыны, сәнмен киінуді білмейміз. Тіпті киінгің келгеннің өзінде жалғыз анаңның 25 сом ақшасына «Киім алып бер» деп қайдан қиғылық саласың.
Сонымен, қолымда үлкен қара чемодан, ішінде аз ғана киім-кешектен басқасы сықасқан оқулықтар. Емтиханға дайындыққа керек деп бірін қалдырмай салып алғам. Сыймағандарын (ол кезде сумка, пакет дегендер жоқ) жіптен жасалған, қазіргі пияз қаптайтын тор дорбаға тоғыттым.
Ұзақ жүріп Ақтөбеге де жеттік. Қабат-қабат үйлерді, жөңкілген көліктерді, жосылған адамдарды көргеннен-ақ есім шығып кетті. Жүрегім дүрсілдей соғып, бойымды қорқыныш биледі. Арман да, мақсат та жайында қалып, «Осы көлікпен кері кетіп қалсам ба екен» — деп те ойладым. Бірақ оқуға барамын деп кетіп, қайтып баруға намысым жібермеді. Бұл – Ақтөбе, алда Оралға баруым керек. Алдым – мұнар. Жалғызбын.
Келесі күні, мединститутта оқитын сыныптасым, туысымыздың баласы Болат Аймағанбетов ұшаққа мінгізіп жіберді.
Ұшаққа тұңғыш отыруым. Айналама қараймын, бәрі орыстар. Менің алдымда шляпалары шошайып екі қазақ ағай отыр. Қорқудың көкесі енді басталды. Жүрегім дүрс-дүрс, атқаяқтай соғып, өз-өзімнен буын-буыным босап, әлсіреп кеттім. Бойымды әлдебір дәрменсіздік билеп алды.
Қазір ұшақтан түскеннен кейін де қайда барып, кімге жолығатыным беймәлім. Бар үмітім – алда отырған екі қазақ ағайда. Олармен жүздесіп сөйлеспесем де, соларды бір туысымдай сыртынан жақын тұтып отырмын.
Екі сағатта ұшақ Оралға келіп қонды. Жұрттың бәрі жапа-тармағай түсіп, бір бағытқа кетіп барады. Менің көздегенім – екі ағай, солардың соңынан қалмай ілесіп келемін. Қолымда зілдей қара чемодан мен кітап толы тор дорбам.
Бір кезде бәрі бір автобусқа мінді. Мен де сол автобусқа жанталаса мініп алдым. Бәрі бір жерге келген соң түсіп қалды. Мен де түстім. Әркім әр жаққа тарап кетіп жатыр. Мен екі қазақ ағайдың соңынан ілестім. Ағайлар артына – маған қарап қояды. Ілесе қуып жеткен мен ағайларға:
— Ағалар, менің Оралға бірінші келуім еді, пединституттың жатақханасына жеткізіп салмайсыздар ма? — деймін, аянышты, жалынышты дауыспен. Ағайлар бетіме қарап: Қарағым, өзіміздің де бірінші келуіміз, — деді де ары қарай жүре берді. Жыларман болып тұрып қалсам да соңдарынан қалмадым. Олар менен қашқандай болып бір автобусқа мінді. Мен де сол автобусқа міндім.
Артқы жақтан мінген екі ағай шапшаңырақ алға қарай шығып кетті де, мен қолымдағы асай-мүсейім болғандықтан кептелдім де қалдым.
Автобус іші лық толы орыстар. Жұрт қолын созып ілгіштен ұстап алыпты. Ағайларға қарай өте алмасымды білген соң чемодан мен дорбамды аяғымның үстіне қойғаным сол еді, бір орыс келіншегі менің қолыма бір уыс 5 тиындық қара бақырды төге салды. Шошып кеттім. Келіншекке бір, қолымдағы тиындарға бір қараймын. Келіншектің айтқан “передайтесіне” түсіне алар емеспін. Сүйтіп, не істеу керектігін білмей тұрғанымда тәңіржарылқағыр бір орыс жігіті қасымдағы келіншекке тура маған айтқандай “передайте“ деп 5 тиындықтарды бере салды. Әлгі келіншек алдағы біреуді түртіп “передайте” деді де тиындарын соған берді. Мен де жалма-жан “передайте” деп алдымдағы адамға бере салдым. “Уһ” деп бір үлкен пәледен құтылғандай рахатанып тұрғанымда әлгі келіншек тағы “передайте” деп сала құлаш лента қағаз беріп тұр. “Құдай-ау, бұны тағы не істеу керек? Сүйтіп тұрғанда қасымдағы жаңағы келіншекке де сондай қағаз келді. Әлгі келіншек біреуін жыртып алып қалды да ары қарай беріп жіберді. Мен де жалма-жан біреуін өзіме жыртып алып қалдым да ары қарай жалғадым. (Оның билет екенін қайдан білейін?)
Біреу бірдеңе десе, боздап қоя бергелі тұрған менің жағдайым расымен қиын еді. Сүйтіп тұрғанымда есіктен бір қазақ жігіті кіріп келе жатыр. Туған ағамды көргендей қуанған менің көз жасым ытқып шықты. Өзімді қолыма алып, әлгі жігітке жақындадым да: “Ағай, менің Оралға бірінші келуім еді, мені пединституттың жатақханасына апарып салмайсыз ба? — дедім қатты сөйлесем жылап қоярдай дауысым дір-дір етіп.
Шарасынан төгілгелі тұрған көз жасымды көріп менің мүсәпір халіме жаны ашып кетті ме, сөзге келмей: – Жарайды, қарындасым, апарып салайын, — деді.
Мұндай қуанбаспын. Бір кезде: Түсеміз қарындас, — деп чемодан мен дорбамды алды. Біздің түскеніміз институттың алдындағы №1-автобустың аялдамасы екен. Пединституттың артқы жағында жатахана орналасқан. Адрес бойынша іздеп келеміз. Жатақхананың ішіне кіріп, қабырғада ілулі тұрған тізімнен Күләш Бақтыгерееваның аты-жөнін тауып алды да, солардың бөлмесіне әкелді. Есік құлыптаулы. Тағы маңдайым тасқа соғылғандай болды. Жігітке жалтақ-жалтақ қараймын. Байқаймын, жігіт әлденеге асығулы. Ойлағанымдай: «Қарындас, кешіріңіз, мен өте асығыс едім, сіз іздеген Айтқожа Құтқожин деген жігіттің де аты-жөні тізімде бар екен. 3-қабат, 312-бөлме, соған барыңыз, болмаса осы жерде күтіңіз, іздеген қызыңыз келіп қалар, — деді.
— Рахмет, ағай, ары қарай өзім тірлік жасармын деп амалсыз қоштастым. Тіпті аты-жөні кім екенін де сұрамаппын. Ол кезде ондайды білмейтін де едік қой.
Чемоданымды сүйретіп 3-қабатқа көтерілдім. 312-бөлмені таптым. Есік қағуды білмейтін ауыл қызының дағдысымен есіктен баса-көктеп кіріп барсам, төрт жігіт терезені қымтап қойып, жартылай жалаңаш ұйықтап жатыр екен. Мен сасқанымнан кері атып шықтым. Оянып кеткен жігіттер де шошып кеткен болуы керек. Сәлден соң бір жігіт шығып жөн сұрады.
Айтқожа іште екен. Мені көріп таңғалып жатыр. Оқу іздеп келе жатқанымды естіп, Күләштардың киноға кеткенін айтып, ішке кіргізді.
Күләштардың қасында емтиханға дайындалып біраз жаттым. Ол кезде әр сабақтың арасына 5-10 күн салып тапсырамыз. Күләш туған апамдай болды. Сүйтіп сабақтарымның орыс тілінен басқасын 4 пен 5-ке тапсырып, оқуға түстім.
Біраздан соң өз бетіммен институтқа барып келуді, дүкеннен тамақ әкелуді үйрендім. Несін айтасың, Күләштің көп еңбегі сіңді.
Орыс тілі демекші, кейде бір адамдардың жолы жеңіл болады. Мүмкін мінезге де байланысты болар, негізі өзім ешкімді жатырқамайтын, кімге болса да адал жүрекпен қарайтын, үнемі жарқын жүретін жанмын.
Дайындыққа барып жүргенде тап өзім секілді, көркем мүсінді талдырмаш, ашық мінезді қызбен таныстым. Ол 18-де, мен 17-де, екеуміз шамалас, мінезіміз ұқсас болған соң ба, бірден тіл табысып кеттік. Кейін ол менің жан досыма айналды. Қиын сәттерде, әсіресе, орыс тілі мен әдебиеті сабақтарынан Дариғаның көмегімен тапсырып шығатынмын.
Ия, сүйтіп Дариға екеуміз 1972 жылы А.С.Пушкин атындағы Орал педогогикалық институтының студенті атандық.
Қала өміріне де үйрене бастадым. Дариға маған қарағанда орыс тіліне ағып тұр. Оның сөйлегеніне қызыға қарайтынмын.
Бірде сабаққа кешігіп бара жатқандықтан әдеттегідей лық толы автобусқа алдымыздағыларды кимелей, баса-көктеп міндік. Сол кезде бір орыс әйелі: «Как вам не стыдно,? Бараны!» дегені. Сол кезде найзағай мінез Дариға шыдамады білем: «Біз қой болсақ, сендер арам, сасық шошқасыңдар. Қорсылдамай жап аузыңды», — деп орыс тілінде әлгі байғұс әйелді сыбап салды.
Студенттік өмірдің талай қызықтарымен 3-курсты да бітірдік. Дариға екеуміздің жұбымыз жазылмайды. Оқытушылардың өзі кейде бізді айыра алмай, Дариғаны Ғазиза, мені Дариға деп шатастырып алып жататын.
Бірде жаздың жаймашуақ күнінде Жайық жағажайына суға түсуге бардық. Өзен жағасы күнге қыздырынып, суға түскен адамнан аяқ алып жүргісіз. Дариға әуелден жақсы жүзеді. Ол бірден суға қойып кетті. Мен жүзу білмегендіктен жүзгендей болып, жағада тайыз жерде жүрмін.
Кенет жағада тізесін құшақтап, адамдарға қызықтай қарап отырған жігітке көзім түсті. Таныс бейне. Сол. Сонша жыл кездессем деп, іздеп жүрген, армандап жүрген, баяғы мені пединституттың жатақханасына әкеліп тастаған жігіт.
— Саламатсыз ба, аға?
Жүзіме сұраулы жүзбен аңтарыла қараған жігіттің сәлемімді алуға мұршасын келтірмей бастырмалата: Аға, есіңізде ме, мені бұдан 3 жыл бұрын жатақханаға жеткізіп тастағаныңыз, — дедім аптыға.
— Сол қарындас сіз бе едіңіз? Мүлдем өзгеріп кетіпсіз.
Иә, шынымен де таңдана қараған жігіттің алдында бір кездегі ақ кофта, қара юбка киген, шашын резеңкемен буып алған ауылдың аңғал қызы емес, қала өміріне бейімделіп алған, белі қылдай, шашын сәндеп қидырған көркем қыз тұр еді.
Сол жылы бұл жігіт Алматының кинотехникумын бітіріп келіп, кинотеатрда практикада жүрген кезі екен. Көп ұзамай Алматыға қайта кетіпті. Осы жақында ғана елге оралған беті екен.
Алланың бізді екінші рет кездестіруі – маңдайымызға әуел бастан-ақ бір-бірімізді жұптастыруға жазып қойғаны болса керек.
Сүйтіп біз бір-бірімізге өмірлік жар болдық. Бұл 1979 жылдың 20 тамызы еді.
Бізді ел әлі күнге дейін: «Қыз Жібек пен Төлеген» дейді. Отбасымыздағы бір-бірімізге деген сүйіспеншілік, татулық – біздің бақытымыздың бастауы болды.
Ынтымағы жарасқан отбасымыздан өнегелі де өрелі, саналы 2 қыз, екі ұл өсіп, өнді. Қазір, міне, 9 жиен, 7 немеренің ата-әжесі атандық. Келіндерім Гүлсезім мен Асылзат ақ сүт емген адал, таңнан тұрып сәлем салатын, иманды, текті жердің қыздары болып жолықты. Осы жетістігіміздің бірден-бір себебі адал махаббат пен тәлімді тәрбиенің нәтижесі болса керек.
Иә, жат қалада жақыныңдай жылы ұшыраған сол бір жайсаң жігітті арада үш жыл өткенде тағдыр қайта қауыштырарын және бұл қауышу өмір бойы жұптасып жарасты ғұмыр кешуге жол ашарын ол кезде кім білген? Өмір дегенің осынысымен қызық емес пе?..
Ғазиза РАХМЕТОВА,
Ақжайық ауылы,
Теректі ауданы,
Батыс Қазақстан облысы.

Басқа жаңалықтар