ӘкімдікӘлеуметБасты тақырып

«АУЫЛ АМАНАТЫ» БАҚЫТБЕККЕ БАҚ БОЛДЫ

Бақытбек Ертілеуов – Саралжынның тумасы. Біраз жыл мұнайлы өлке Маңғыстауда әскери қызметте болды. Былтыр отбасы жағдайымен туған жеріне табан тіреді. Бес баланың әкесі ауылға келе бала-шағаның ырыздығы үшін кәсіптің көзін іздеді. Жасынан ауылдың шаруасымен шыныққан жігіт үшін мал бағу мехнаты көп болғанымен қыр-сыры таныс кәсіп. «Ауылда тұрып мал ұстамау айып» - деп түсінетін жігіт туған жерінде де дайын тұрған ештеңе жоқ екенін білді.

Келіншегі Қызғалдақтың да екі қолы алдына сыймай, еңбектің көзін іздеп, ауыл әкіміне жолығады. Әкім болса, «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытуға арналған Ұлттық жобаға» қатысуды ұсынды. Жобаның жай-жапсарымен танысқан Қызғалдақ құжаттарын тапсырып, өзінің бизнес жоспарын қорғап, 1225 мың теңге өтеусіз грантқа ие болды. Алдымен тігін машинасы мен жабдықтарын алып, ауылдастарына өнімін ұсынып, өтініштер қабылдай бастады. Ал, Бақытбек үшін Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың бастамасымен қолға алынған «Ауыл аманаты» жобасы «көктен іздегені жерден табылғандай» болды. Былтыр «Берік-А» шаруа қожалығынан 4 сиырды тауарлы несие беру шарттарымен алып, жобаға қатысты. Алтыншы баланың дүниеге келуін күтіп отырған Ертілеуовтер отбасы көп балалы санатына жататындықтан, жобаға қатыстыру кезінде басымдық берілді.
«Қыста алған төрт сиырымыздың екеуі бұзаулады. Қалған екеуінің төлдегенін күтіп отырмыз. Шаруашылығымызды ұлғайтқымыз келеді, маған тағы 6 сиыр керек. Сонда біз сүтті қайта өңдеуді қолға аламыз, артығын сатамыз, отбасымызды асыраймыз», – деді Бақытбек облыс әкімімен кездесуде.
Жуырда Бақытбектің ауласына алты бас қашар «келді». Яғни, алты бас қашардың үшеуін «Айтан» шаруа қожалығының басшысы «Ораза айындағы көмегім болсын!» деп тегін берсе, үшеуін «Мұрагер» шаруа қожалығынан тауарлы несие шарттарымен алды.
Бақытбектің ағасы Әділбек болса, ірі қара малын бордақылаумен, құс шаруашылығымен айналысады және жоба аясында өз ісін кеңейтуді де жоспарлап отыр. Кезінде шаруашылықтың салған екі пәтерлік үйдің ауласын ағайынды жігіттер мал мен құсқа толтырды.

Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл селосы

Басқа жаңалықтар