ӘкімдікӘлеуметБасты тақырыпЭкономика
«Бір ауыл – бір өнім»: Абаттың тарысы Астанаға көрмеге барады
Өңірлік кәсіпкерлер палатасында «Бір ауыл – бір өнім» жобасының бренд-комитетінің отырысы өтті. 13 тамызда Ақтөбеде «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауы аясында өткен көрме қорытындысы бойынша үздік 10 тауар ұсынылды. Үш жеңімпаз республикалық көрмеге қатысады.
Жобаның басты міндеті – ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік әлеуетін арттыру, қолда бар жергілікті шикізатты пайдаға асыра отырып, өнім өндіру, елдімекендерде жұмыс орнын ашу. Жоба Жапониядан бастау алады.
«Бір ауыл-бір өнім» жобасы 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба шеңберінде іске асырылатын «Мен кәсіпкер» бағдарламасының құрамдас бөлігі болып табылады. Оның аясында биыл Қазақстанның барлық қалаларында алғаш рет аттас көрмелер өтті. Ақтөбе облысының 22 әйелі жобаға қатысуға ниет білдіріп, тамыз айында олардың өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылды. Аталған көрмеде комиссия мүшелері үздік 10 тауарды іріктеп алып, бренд-комитеттің қарауына ұсынды.
Іріктеу кезеңінен өткен қыз-келіншектер бренд-комитеттің алдында өнімдерін көрсетіп, жобасын қорғады. Бренд комитетте 21 мүше бар. Бұл жергілікті атқарушы органдардың, кәсіпкерлікті дамыту институттарының, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, бизнес субъектілері мен сарапшылар.
«Өңірлік өнімді әзірлеу жергілікті ресурсты пайдалана отырып жүргізілуде. Алдымен облыс аудандарында жергілікті шикізаттан жасалған тауарларды анықтау және оларды жоба шеңберінде одан әрі дамыту және ілгерілету үшін іріктеу мақсатында жұмыс жүргізілді. Ұсынылған тауарлардың қатарына сүт, киіз өнімдері, тігін бұйымдары және өсімдік өнімдері бар. Іріктеу кезінде өнім немесе тауар жергілікті шикізаттан өндірілуі керек екендігіне баса назар аударылды, сонымен қатар оны жасау кезінде күрделі емес, қарапайым құралдар мен механизмдер қолданылуы керек, олар айтарлықтай қаржылық шығындарды қажет етпейтін. Бұған өнімнің құндылығы қосылады және жоба шеңберінде кіріске айналады. Ұлттық дәстүрді сондай – ақ туризммен жандандыру құпталады», – деп атап өтті Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасының директоры Дана Бекбауова.
Өңірлік брендке қойылатын негізгі талаптар:
— өнім жергілікті шикізаттан өндірілуі тиіс;
— өнімді дайындау кезінде қарапайым құралдар мен механизмдер пайдаланылуы керек;
— өнім мүмкіндігінше өндірілетін аумақтың өңірлік ерекшелігін көрсетуі және қамтуы тиіс;
— тауар құрамында қауіпті немесе зиянды заттардың болмауы қажет.
Бренд-комитеттің шешімімен келесі жобалар көшбасшылар үштігіне кірді:
— Ойыл ауданынан «Еңсеген» шаруа қожалығының алқабында өскен тарыдан дайындалған Гүлжанат Назарованың жобасы. Ол тары және одан жасалған өнімдердің әртүрлі түрлерін жасаумен айналысады;
— Мұғалжар ауданының «Ерекешова Ж» ЖК киікот жинаумен және тұнбаларды дайындаумен айналысады;
— Гүлнар Досмағамбетова Қарғалы ауданынан жұбайымен бірге түрлі түрдегі ірімшік өндірісімен айналысады.
«Біздің ірімшіктер Қарғалы ауданы Қос-Истек ауылының жергілікті брендіне айналды. Біз олардың өндірісімен бесінші жыл айналысып келеміз. Біз ірімшіктің алты түрін жасаймыз — бұл брынза, сулугуни, чечел және басқа түрлері. Шикізатты жергілікті тұрғындардан сатып аламыз. Күніне орта есеппен 40 литр сүт. Біз өнімдерді жол бойындағы кафе арқылы, сондай-ақ облыс орталығында коммуналдық базарда сатамыз. Бұл істі интернет арқылы игердік. Бизнес отбасылық. Ірімшік зауытын салу жобасын іске асырудамыз. «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысушылармыз. Енді «Бір ауыл-бір өнім» жобасына қатысу арқылы қосистек ірімшігін тек өңірлік нарықта ғана емес, ауқымдап, танымал еткіміз келеді», — деп бөлісті Гүлнара Досмағамбетова.
Жеңімпаздарға маркетингтік сүйемелдеу, өнімді (тауарды) брендтеу, одан әрі өнімді нарыққа шығаруға қолдау көрсетіледі. Енді жеңімпаздар республикалық көрмеге қатысады.