ӘкімдікӘлеуметБасты тақырып

Сессия АУЫЛ ӘКІМДЕРІНІҢ ЕСЕБІ ТЫҢДАЛЫП, ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

Өткен аптада аудандық мәслихаттың кезектен тыс жетінші сессиясы өтті. Аудандық мәслихат төрағасы Сәкен Займолдинның төрағалығымен өткен аудандық мәслихаттың кезектен тыс сессия отырысында аудандық мәслихаттың 2022 жылғы 26 желтоқсандағы №192 «2023-2025 жылдарға арналған Ойыл аудандық бюджетін бекіту туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы, Ойыл ауданы ауылдық округтеріне елді-мекендер аумақтарында жер-шаруашылық жайғастыру жобалары үшін қосымша жер учаскелерін бекітіп беру туралы, Ақтөбе облысы Ойыл аудандық мәслихатының 2022 жылғы 6 мамырдағы № 137 «Ойыл ауданында мүгедектігі бар адамдар қатарындағы кемтар балаларды жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алу тәртібі мен мөлшерін айқындау туралы» шешіміне өзгеріс енгізу туралы және өзге де мәселелер қаралды.
Алдымен түске дейін мәслихат депутаты Сәндібек Нұрбаевтың төрағалығымен өткен аудандық мәслихаттың білім, денсаулық сақтау, құқық тәртібі және жастар саясаты мәселелері жөніндегі және әлеуметтік-экономикалық даму, бюджет, халықты әлеуметтік қорғау және аграрлық сала мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияларының кеңейтілген отырысында ауылдық округ әкімдерінің өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалуы туралы Саралжын, Қараой, Сарбие ауылдық округі әкімдерінің есептері тыңдалып, өзге де мәселелер қаралды.
Аудандық мәслихат төрағасы Займолдин Сәкен Ғазизұлы аудандық бюджеттің соңғы нақтылануына байланысты біріншіден, үнемделген қаражаттың ауданға ең қажетті деген салаларына, соның ішінде халықтың сұранысын қанағаттандыратын мәселелерге бағытталу қажеттілігін, екіншіден, жылдың басында бекілетін бюджет егжей-текжейлі болжанып, әсіресе шығысталатын қаражаттар қандай да бір мәселенің тиімді шешілу жолдарын терең ойластыра отырып әзірленуге тиіс екенін ерекше атап өтті. Ол үшін әрбір бюджеттік өтінім беретін мемлекеттік мекеме, аудандық бюджеттік комиссиясы және аудандық мәслихаттың тұрақты комиссиялары Бюджеттік кодексінің талаптарын бұлжытпай орындау қажеттілігін де еске салса, депутат Тілекбай Әміров аудандағы автомобиль жолдары өз дәрежесінде шешілмеген елді мекендердегі сайлаушылардың талап-арыздарына құлақ асуды, бюджеттің шығысталатын қаражаттары осы мәселелерді шешуде алдыңғы кезекте жұмсалуын ұсынды.

Сонымен қатар, тұрақты комиссиялардың кеңейтілген отырысының барысында депутаттардың кейбір аудандық бөлім басшыларына бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына байланысты орынды сын-ескертпелер айтылды.

 

Ал, сессияда күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысының міндетін уақытша атқарушы Ә.Назаров, аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы М. Төремұратов, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы С.Дәулетқалиев хабарлама жасады.
«2023-2025 жылдарға арналған Ойыл аудандық бюджетін бекіту туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы мәселесі бойынша негізінен нақтылау шеңберінде 256 839 мың теңге қайта бөлінді.
Аудандық бюджетті нақтылау бойынша ұсынылған шығыстар тізбесіне сәйкес жалпы бюджеттік қаражаттардың едәуір бөлігі коммуналдық, материалдық техникалық жарақтандыру және ағымдағы шығын бюджетіне бағытталып отырғандығын айтып өтті.
Депутаттар, мәдениет саласы бойынша материалдық техникалық базаны нығайтуға және басқа да мәселелерді көтеріп, талқыға салды.

Аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының кеңейтілген отырысында депутаттардан түскен ескертулер мен ұсыныстар ескеріле отырып, аудандық мәслихат төрағасы Займолдин Сәкен Ғазизұлы бюджет қаржысының түпкілікті, түбегейлі нәтижесі болу керектігін ескертті.
Сонымен қатар, сессия барысында аудандық мәслихат депутаттары Жангүл Ізғарина, Тілекбай Әміров және Назгүл Ешпанова балаларға арналған ойын алаңдарының салынуы, ауылдық елді-мекендерге ветеринарлық іс-шараларды жүзеге асыруға арналған расколдар және де Ш.Берсиев атындағы орта мектепті газдандыру мәселелері бойынша өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады.

Р. S. Сессия жұмысына қатысқан аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы С.Сүлейменов депутаттар тарапынан көтерілген кейбір мәселелерге орай түсінік берді.

Басқа жаңалықтар