ҚАҢТАРДЫҢ АЯЗЫ МЕН ТАКСИДІҢ БАҒАСЫ АРҚАНЫ «ҚАРЫП» БАРАДЫ!
Қара танымаса да кешегі қазақтың кез келгені синоптик болатын. Аталарымыз ауа райын табиғат құбылыстарына қарап-ақ болжайтын. Қазақы пайымда айдың тосын табиғатына қарай тұрақты тіркестер де қалыптасқан. «Қаңтарда күн қарға адым, ақпанда атан адым ұзарады», «Қаңтарда қатқан мұздай», «Қаңтардағы жараған бурадай», «Қаңтардың сақылдаған сары аязы» деген тіркестер тек осы мезгілдің табиғатына тән.

Қашаннан қыстың күші – қаңтар мен ақпанда. Бұл екі айдың алды – ақшұнақ аяз, соңы – ақбасқын боран. Алайда табиғаттың мінезін адам біліп болмайды. Олай болмайтын да жылдар бар. Мысалы, кейінгі жылдары біздің өңірде есте қаларлықтай қатты қыс болған жоқ еді.
Биылғы қаңтардың жөні бөлек болып тұр. Сан құбылып басталған ай ортасында нағыз күшіне мінді. Бір апта соққан үскірік жел енді түкірік жерге түспейтін сақылдаған сары аязға ұласты. Аяз буғалы әлеуметтік желіде бір-бірімізге көшіріп «лақтырып» жүрген «Қыс шілдесі» деген осы шығар? Халық есепшілері болса, Үркер мен Ай арасындағы бұрыш тіктөртбұрыш жасап орналасса, «Қыс Шілдесі» уақыты басталады деп есептеген. Бірақ, оған қарауға бәріміздің бірдей «сауатымыз» жете бермейді. Біздің сауатымыз — «Бөрі сырғақ» деген әңгімені әрлі-берлі «сырғытудан» аспай тұр. Ертеде бабаларымыз осы күнгі сумен нәрестені қырқынан шығарып, жүкті әйелдері жуындырған нәрестелер қасқырдай батыр болар деп. Көшпенді халық болған соң, таңғы төрт бестерде бұлақтың таза суын ішкен қасқырдай жүректі болады деп. Бұл біздің ата бабаларымыздан қалған ырым-дәстүр. Бірақ, қыстың бұл кезеңін христиандардың діни мерекесімен байланыстырып «Крещенские морозы» деп атайтындар аз емес. Дегенмен қазақта мұндай аяздың өз атауы бар. Қазақ бұрыннан табиғатпен етене болған соң құбылыстарды да терең біліп, зерттеп отырған. Мәселен, бізде ең қатты аязды үш түрге бөлген. Ол – сарышұнақ аяз, ақшұнақ аяз және қызылшұнақ аяз. Тек әлі күнге дейін кейбір құбылыстарды орысшадан сіңген қалыпта атап келеміз.
Малды да, жанды да қаңтарған айдың санаулы күндері қалды. Әрине, «күннің жаманы кетеді». Дегенмен, «жаман күндерде» тұрмысы жадаулар «жаурап қалған» жоқ па? Өйткені, соңғы кездері ватсап топтарда шөп іздеушілердің қарасы көбейді. Бұл нені білдіреді? Қанша ескертілсе де, кейбіреулердің есебі шықпай қалып, қолындағы қарасына қажетін түгендей алмай отыр! Әрине, көп шаруа кәсіпкерлердің күшімен атқарылатындықтан бағасына байланысты «байламдар» да әртүрлі. Қаңтардың аязымен бірге таксидің бағасы да арқаны «қарып» барады!
Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл селосы.



