ӘкімдікӘлеуметБасты тақырып
Ойыл аудандық қоғамдық штабының жолаушылар тасымалдаушыларға үндеуі!
Кешегі алапат су тасқыны кезінде Қазақ халқының бірлігі — көз алдында бар жиғаны суға ағып кеткен біздің жерлестеріміздің де еңсесін түсірмеді, езілмеуіне сеп болды. Әсіресе, Алматы мен еліміздің оңтүстік өңірінен жеткен көмекте есеп жоқ. Жұрт болып жұмылды. Әркім барын ұсынды. Әлі де келіп жатыр. Зардап шеккендерге мемлекет тарапынан да мейлінше қамқорлық жасалып жатыр. Дегенмен, қазақ халқында «тас түскен жеріне ауыр» — деген сөз бар. Яғни, табиғи апаттың зардабын Біз бірге тартып отырмыз! Сондықтан, салмағын да бірге көтеруіміз керек! Бұрын-соңды Ойыл өңірінде болмаған жойқын тасқыннан келген зардап көп. Оның бәрін бір күнде, бір айда қалпына келтіру мүмкін емес! Оның ішінде Ойыл ауданының күре тамыры автокөлік жолының бүлінген жерлерін қалпына келтіру үшін мемлекет тарапынан қыруар қаражат бөлініп отыр. Рас, «жол азабын жүрген біледі». Жолдың кейбір тұстары уақытша жөнделді. Қазір уақытша көпір салу жұмысы қолға алынды. Дегенмен, осындай сәтте жолдың қиындығын сылтау қылып, Ақтөбе қаласына жолаушылар тасымалдаушылардың бағаны көтеруі қисынға келе ме? Қазақта «Қарау адам қара басының қамын ойлайды!» — дейді. Бір ауылдың ауасын жұтып, суын ішкен жерлестердің бір-біріне демеу болуы осындайда көрінсе керек! Киелі өлке Ойылдың халқы қашанда бірлікті ту етіп, қандай қиындықты да ел болып еңсерді. Біз бұл күннен де бірлігімізді бекем, еңсемізді тік ұстап өтеміз!