Әлеумет

САРАЛЖЫНДАҒЫ ҚОНЫС ТОЙЫ

Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Кемер ауылында 2 тұрғын жаңа баспанаға қоныс аударды. Мұндағы құрылыс маусымда басталып, 2 ай 10 күнде аяқталды.

Саралжын ауылдық округінің әкімі Марат Тәжіғалиевтің айтуынша, тасқын кезінде Бестамақ, Ақкемер және Кемер ауылдарында барлығы 23 үйге су кіріп, барлығы жарамсыз болып қалды. Маусымда үш ауылда құрылыс жұмысы басталып, Кемер ауылының бір, Ақкемер ауылының 2 отбасы аудан орталығына көшуге шешім қабылдаған. Бүгінде үш ауылда барлығы 20 үй салынды.
— Ақкемер ауылында 16 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Оны келер аптада қолданыс береміз. Бестамақ ауылындағы үйді сенбі күні аяқтап, иелеріне кілтті табыстаймыз. Ал Кемер ауылында екі отбасы жаңа үйге қоныстанды. Ауылдағы адамдар біржолғы төлемді алды, мүлік шығыны өтелді. Ауылда үйді жөндеген ешкім жоқ. Су кірген үйлер тұруға жарамыз болып қалды,
— Саралжың ауылдық округінің әкімі Марат Тәжіғалиев.
Баспаналы болған Кемер ауылының тұрғыны Бекбол Жаниязовтың айтуынша, су үйге 28 наурыз күні кірген. Сол күні-ақ оның баспанасы құлап қалды.
— Біз үйіміз жарамсыз болып қалған соң пәтер жалдап тұрдық. Өзім ауылда су шаруашылығында слесарь болып жұмыс істеймін. Сондықтан үйдің де осы ауылда салынғанын қаладым. Бізге кеше баспанамыздың кілтін табыс етті. Құрылыс жұмыстары кезінде күнде қарап, көріп жүрдім. Үйім жақсы, құрылысы көңілімнен шықты. Бұрынғы үйімнің де ауданы 80 шаршы метрдей болатын. Ол бірақ саманнан салынған, — деді Бекбол Жаниязов. Сондай-ақ оның көршісі Дархан Хасенов те баспаналы болды.
— Отбасында үш жанбыз. Қаладан ауылға 2012 жылы көшіп келіп, бір жылдан соң шаруашылық аштым. Асыл тұқымды ірі қара бағып отырмын. Ауылға түн ішінде су кіріп, тек бір киіммен ғана шығып үлгердік. Содан тума-туыстың, таныстың үйін жағалап, шаруашылық басына көшіп кеттік. Қазір де сондамыз. Жаңа үй кеше ғана берілді. Құрылысы жақсы жүргізілген, сапалы. Биыл электр тогы арқылы жылытамыз, ал келер жылы газ беріледі деп үміттеніп отырмыз,
— деді ауыл тұрғыны Дархан Хасенов.
Тасқын кезінде 17 бас ірі қара мен жылқы шығыны болды. Шаруа шығынының бір бөлігі өтелген. Еске салсақ, Ойыл ауданында 328 үйге су кіріп, оның 307-сі апатты деп танылды. Ауданда барлығы 176 үй салынып жатыр.

Басқа жаңалықтар