Әлеумет
«Бақытты балалық шақ — жарқын болашақ»
Бала — бақыт, бала базар, бала өмір. Расында, адам өміріндегі ең үлкен бақыт бола тұра ата-ананың алдындағы аса жауапты іс бала тәрбиесі. Өйткені бүгінгі бала — еліміздің ертеңі, ұлтымыздың жалғасы. Әйтсе де әр баланың тағдыры сан алуан. Сондықтан тағдыр соқпағына тәуелді балаларды біздің мемлекет қамқорлығына алып жан-жақты тәрбиелі, саналы өсулеріне аянбай қызмет етіп келеді. Осы орайда облыс орталығындағы Ойыл күні аясындағы ойылдықтардың тартуы түстен кейін Ақтөбе облысының білім басқармасы мемлекеттік мекемесі жанындағы «Ақтөбе облысының кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында» қамқорлық шарасымен жалғасты. «Жанашырлыққа жан риза» демекші, жерлестер арқау болған «Бақытты балалық шақ — жарқын болашақ» атты балаларға арналған мерекелік шара бүлдіршіндеріміздің жүрегінен жол тапты. Әсіресе мейірімділік пен кішіпейілділікке, ізеттілікке тәрбиелейтін қазақ ертегілерінен сомдалған кейіпкерлер қалалық балғындарға қатты әсер етті. Оған қоса өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың «Бақытты бала» жобасын жоғары деңгейде жүзеге асырып жүрген жерлестеріміз аталған орталықтағы балғындарға тегін балмұздақтар мен тәттілер үлестірді.