МәдениетРухани жаңғыру
КІТАПХАНАШЫҒА ҚҰРМЕТ – БІЛІМГЕ ТАҒЗЫМ!
24-қазан “Кітапханашылар күні” болып кәсіби мерекелер күнтізбесіне енді. Бұл кітапханашы мамандығының мәртебесін көтеріп, кітапханашының қарапайым еңбегінің қоғам дамуында алатын әлеуметтік рөлі айрықша екендігін көрсетіп отыр.
Ал, Абайға жүгінсек, «Артық білім кітапта..». Яғни, хакім Абай атамыздың өзі аманаттағанындай рухани азықтың бастау бұлағы болып табылатын кітаптың адам өміріндегі алар орны бөлек.
«Білімнің бұлағының» тұнығын таза ұстап, оқырманымен ортадағы дәнекер кітапханашы өмірде мақсатқа жеткізетін нәрсе — оқу-білім мен үнемі ізденіс екенін насихаттаудан еш жалыққан емес. Көп оқып, көп білген еш уақытта артық болмайды, керісінше, сол арқылы кедергілердің кілтін табуға болады…
Осыған орай аудандық ОКЖ-нің ұйымдастыруымен кітапханашылар күні қарсаңында “Жас библио көшбасшы-2024” атты мерекелік мәдени шара ұйымдастырылды. Шараға аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Айдарбаев қатысып, кітапхана саласындағы абыройлы еңбектері үшін кітапханашыларды, отбасылық оқуды мақсат еткен кітапхана оқырмандарын, кітап жанашырларын алғыс хаттармен марапаттап сый-сияпаттарын табыстады.
Одан кейін мәдениет үйі өнерпаздары әсем әндерімен әрлеген мерекелік шарада Ойыл аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Ұлмекен Төлеушова, Ойыл аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Жангүл Ізғарина, Ойыл аудандық өнер және өлке тарихы музейінің директоры Балқия Рысбаева, аудандық мәдениет үйінің директоры Индира Суқашевалар кәтапханашыларды кәсіби мерекемен құттықтап шығармашылық табыс тіледі.
Р. S. Ауылдық кітапханашылар арасында “Жас библио көшбасшы-2024” байқауының нәтижесінде Саралжын модельді кітапханасының кітапханашысы М.Мұхамбетқазиева 1-орынға ие болды.