Білім
Ойын әдісімен оқыту
Жуырда педагогтардың тың идеялары мен шығармашылығын дамытуға бағытталған республикалық «Үздік авторлық бағдарлама» байқауы өтті. Бұл байқау – білім беру жүйесіндегі жаңа бастамалар мен педагогикалық құндылықтарды айқындайтын маңызды дода.
Аталған байқауда Ақтөбе облысының командасы жоғары нәтижеге қол жеткізіп, жеңіс тұғырынан көрінді. Облысымыздың намысын қорғаған команда құрамында жерлесіміз Көсембай ауылының бастауыш сынып мұғалімі Ерсайын Аққошқаров өзінің ерекше бағдарламасымен үздік атанды.
Білікті ұстаздың жеңіске жеткен бағдарламасы – «4-сыныптың қазақ тілі сабақтарын геймификация әдісімен оқыту». Бұл әдіс қазақ тілі пәнін оқытуды қызықты әрі тиімді етуге бағытталған.
Қысқаша айтқанда, геймификация ойын элементтерін оқу процесіне енгізу арқылы оқушылардың белсенділігін арттырып, пәнге деген қызығушылығын ояту. Мұндай тәсіл ойын балаларының оқу материалдарын жеңіл қабылдауына, білімін тәжірибеде қолдануына және шығармашылық қабілеттерін дамытуға септігін тигізеді.
Ойын элементтері арқылы оқушылар өзара жарысып, білімді ойын барысында игереді. Бұл әдіс балалардың қазақ тіліне деген сүйіспеншілігін арттырып қана қоймай, белсенді оқу дағдыларын қалыптастырады.
Ерсайын Аққошқаровтың осы жеңісі – оның кәсіби шеберлігінің, шығармашылық ізденісінің және білім беруге деген үлкен сүйіспеншілігінің дәлелі.
Білім көшін биікке сүйреген білікті ұстаз Ақтөбе облысының ғана емес, тұтас ел мұғалімдерінің мақтанышы. Жас ұрпаққа сапалы білім беріп, үздік нәтиже көрсеткен Ерсайын Аққошқаровқа жаңа белестер мен толағай табыстар тілейміз!
Ұстаз еңбегі әрдайым бағаланып, шығармашылық жетістіктері жалғасын таба берсін!