Спорт

Шебер жаттықтырушы, шыңдалған шәкірт, «тұғырлы жеңіс!»

Есімізге түсірсек ақшатаулық палуан қыздарымыз Толғанай Мансатова мен Ұлболсын Елубаеваның боз кілемдегі тұғырлы жеңістерімен сүйінші сұрап баспа беттеріне бірнеше рет шығарған едік. Міне қос аруымыздың күрес өнеріндегі жарық жұлдызы қатар жанды. Олай дейтін себебіміз бұрындары жарыса жарыстардан қалмай облыстық, республикалық додаларда топ жарып жүрген қыздарымыз жүлделі орындардан құр қалған емес. Ешкімге есе жібермеуге тырысты. Талай тер төгіп, үнемі дайындықтарын үзбеді. Бұл жолы Нұр-Сұлтанда өткен белбеу күресінен халықаралық бәсекеде Ұлболсын Елубаева 60 килограмм салмақ дәрежесінде жүлделі екінші орынды жеңіп алды. Ақтық бәсекеде ресейлік палуанмен белдескен Ұлболсын ұпай санымен ұтып тұрған жерінен тез жеңуге ұмтылып, асығыс жасаған әдісі нәтижесінде қарсыласына жол беріп қойды. Әрине әттеген-ай дегенмен Ұлболсын болашағынан көп үміт күтеміз. Алар асуы әлі алда. Сондықтан оны жүлделі жеңісімен құттықтаймыз. Ал, +60 килограмм салмақ дәрежесінде нәтижелі айла-әдісінің арқасында қарсылас шыдатпаған Толғанай Мансатова жеңімпаз атанды. Ауданның ғана емес Ақтөбе облысының намысын қорғаған қос қызымыздың жеңісі команданың ұпай санын еселеп, команда бойынша ақтөбеліктер ІІІ орынға жайғасты.

Күнінде күрес өнерінің жілігін шағып, майын ішкен Мінсізбай Жайлыбаев ағамыз күреске икемі бардың бәрін де әрқашан шыңдаумен болды. Темірдей тәртіппен тынымсыз еңбегінің нәтижесінде спорт шебері атағын алған шәкірттерінің бірі Ардақ Жасақова әлемнің қола жүлдесін жеңіп алды. Шебер жаттықтырушы Мінсізбай ағамыз Ұлболсын мен Толғанайды әлем чемпионы қылуға үмітті. Күрес өнерінің арқасынды Қазақстанды толық аралап шыққан қыздарымыздың да бар мақсаты әлемді бағындыру. Олай болса халықаралық дода да қалт етпей күресіп, туған жерге тұғырлы жеңістерімен оралған қос палуан мен шағын ауылдан чемиондар шығарып жатқан Мінсізбай Жайлыбаевты құттықтап, ұстаз бен шәкірттің алға қойған мақсаттарына жетуге сәттілік тілейміз.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар