Денсаулық

Вакцина алып, көлік ұтты!

Ақтөбе облысы бойынша ВАКЦИНА алдырғандар арасында жақсы сыйлықтар ойнатылғаны мәлім баршаға. Екі бірдей «Chevrolet Cobalt»  машинасын көпшілік «ой, оны ертең таныс-тамыр алады, әділ болмайды, өтірік нәрсе» деп сенбеп еді. Тікелей эфирдегі ойын қалай өтірік болады?
«Aqtobe» телеарнасындағы «Екпе ал да, автокөлік ұтып ал!» ұтыс ойынының соңғы шығарылымы 26 қыркүйек күні өтті. Тікелей эфирдегі ұтысқа үш smart phone, үш smart-сағат, үш велосипед және бір «Chevrolet Cobalt» автокөлігі шығарылды. Оған 25.06-25.09 аралығында коронавирусқа қарсы вакцина алғандар қатысты.
Акцияны ұйымдастырушы Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы. Көлік демеушілердің қаржысына сатып алынған. Шілде айында өткен ұтыс ойындарына қойылған бірінші көлікті Қарғалы ауданы Қосестек ауылының тұрғыны, бес баланың әкесі ұтқан еді. Бұл жолы автокөлік Ернұр Ізғалиев деген жігітке бұйырды. Бағы жанған жігіт біздің жерлесіміз. Саралжын ауылдық округіне қарасты Шиқұдық ауылының тумасы. «Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын!» — деген ұлттың ұрпағымыз ғой. Жерлесімізге аудан тұрғындары атынан құтты болсын айтамыз!

Басқа жаңалықтар