ӘкімдікБасты тақырып

Үлкенге құрмет – кішіге міндет!

Өскелең ұрпаққа ұлағатты өсиетін айтып, ізінен ерген жас буынға ізетін аямайтын қарттар қашанда құрметке лайық. Халқымызды өзгелерден дара ететін бір ерекшелік те осы.  Қарияларды құрметтеу, олардың сөзіне құлақ  асу – бабадан балаға сіңген қасиет. Осы орайда жылына бір рет келетін Қарттар күні Қазақстанда кең көлемде атап өтеді. 

Қазанның 1-і күні бүкіләлемдік қауымдастықта «Қарттар күні» болып белгіленген. Атаулы күн аясында ауданда түрлі іс-шаралар ұйымдастырылатын. Соңғы жылдары санитарлық талапқа сәйкес, ауқымды шаралар өтпесе де, ардагерлер назардан тыс қалған емес. Соның бірі ардагерлерге құрмет, қайырымдылық шарасы. Бұл шара әр мекеме, кәсіпорында дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады.
Ортамызда жүрген қарияларымыздың бір кезде елі, халқы, келешек ұрпағы үшін жасаған игі істері ерекше орын алады. Қазіргі кезде біздің мемлекетімізде қарттарға үлкен мән беріп, көңіл аударып, жан-жақты үкімет тарапынан қамқорлық жасалуда. Қазақстанның өсіп-өркендеуіне, еліміздің бейбітшілік тыныш өмір кешуіне өз үлестерін қосқан осы ардақты да аяулы қарттарымыздың арқасы. Міне, енді айтулы күні саналы ғұмырын Отан деп, тынымсыз еңбектерімен мемлекетіміздің негізін салуға жол ашқан алдыңғы буын ата-әжелеріміздің төл мерекесі. Олардың өмір жолдары бүгінгі ұрпаққа табылмас қазына.
Бүгін аудан әкімі Асқар Қазыбаев бастаған топ Ойыл селосындағы үш еңбек ардагерін үйлерін барып құттықтап, мерекелік сый-сияпатын ұсынды. Алдымен энергетика саласының ардагері Биғали Ахметов ақсақалдың үйіне ат басын тіреді. Аудандағы «Халықтар достығы» медалының жалғыз иегері Биғали ақсақал бүгінгі буынға өзінің еңбегімен үлгі болып отыр. Жоқ деп жасымайтын, бар деп тасымайтын, сөзге жоқ, іске мығым ақсақал аудан басшыларына алғысын жаудырды.
Одан кейін аудан басшысы ұзақ жыл мәдениет саласында еңбек еткен Минамен Нұғымановтың үйіне барды. Шаруа баққан ақсақалдың да шағымы жоқ. Аудандағы атқарылып жатқан жұмыстарға ризашылығын білдірді. Ал, денсаулық сақтау саласының ардагері Аманқос Қисықов аудан басшылығына алғысын айтып, ақ батасын берді.
Қарт кісіні – құт-береке деп таныса, ол ұрпақ көрегендігі. Осы орайда, біздің асыл қазынамыз – қариялар, еңбектің зейнетін көріп отырған шақта әр ұрпаққа игілік пен ізгіліктің, пайым-парасаттың үлгісін танытқаны үшін алғыстарын білдірді. Қарттар аудан басшыларымен емен-жарқын әңгіме құрып, көңілдері бір марқайып қалды.

Басқа жаңалықтар