Рухани жаңғыру

ӨТКЕНІН ҰЛЫҚТАҒАН ЕЛ МӘҢГІ!

Киіз үйдің іші жып-жылы. Төрге тігілген текемет, қабырғаға ілінген кестелі орамал, шаңырақтан түскен жарықпен шағылысқан өрнекті бұйымдар – бәрі де бір сәтке жүректі елжіретіп, жан дүниеңді тербетіп өтеді. Бұл кеш – жай ғана көрме емес, бұл – қазақтың жанымен тілдескен руханияттың кәусар бұлағы.
Қолөнер – көнеден жеткен аманат. «Ата көрген оқ жонар» деп бекер айтылмаған. Бір кезде киіз басып, жүн иіріп, тұс киіз тіккен аналарымыз бүгінгі күнде де сол өнерді өшірмей, өрнектеп келеді. Тоқыманы жанына серік еткен әжелердің қолындағы шұбар шәлі, көз майын тауысып кестелеген көрпешелері – әр жіпке тарихты тоқығандай.
Осы кештің өн бойында аналық мейірім мен ұлттық болмыстың иісі аңқып тұрды. Әсіресе, «Замандас» аналар клубы мен «Қазақ аналары – дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің Ойыл аудандық филиалының аналары — кештің шынайы жүрегіне айналды. Олар тек өнер туындыларымен ғана емес, салмақты сөздерімен, тәрбиелік мәні терең тәжірибелерімен рухани кештің көркін аша түсті. Осындай аналар барда – дәстүріміздің де, ұрпақ тәрбиесінің де іргесі мықты болмақ.
Қазақтың өнері – тамырын тереңнен тартқан шежіре. Домбыра үнімен өрілген баллада кеш бойы ескі мен жаңаны тоғыстырғандай, саз бен сөздің үндестігіне ұласты. «Домбыра – қазақтың жаны» деген сөз рас қой. Өнер мен руханиятты қатар ұлықтаған осы бір кеш – өскелең ұрпаққа сабақты сәт, тәлімді тағылым болары анық.
«Кесте тіккеннің де, киіз басқанның да, шебердің де қолы алтын» деп бекер айтылмаған. Айнұр Максотқызының шеберлік сабағы – соның айғағы. Жаңа заман үлгісін киізбен қиыстырып, сән әлеміне қазақы бояу дарытқан жастар – бұл ұлт өнерінің өлмегенінің белгісі.
Киіз туырлықты қазақпыз. Шаңырақтың иесі, қара шаңырақтың мұрагеріміз. Бұл кеш – тек өнер мерекесі ғана емес, бұл – ұлттың рухани жаңғыруына бағытталған ақ тілек, адал мұрат. Шебердің қолы ортақ, өнердің тілі ортақ. Бір кештің аясында сан салалы шеберлік пен тұңғиық руханият түйіскенде, біз кім екенімізді ұғынамыз. Жаңғыру – өткенін ұмытпау деген. Өткенін ұлықтаған ел – мәңгі ел.

Related Articles

Back to top button