Басты тақырып

ШАЛҒАЙДАҒЫ ШАРУАЛАР, ҚАЛЫҢ ҚАЛАЙ?

Әне-міне дегенше, қыстың ортасына да жеттік. «Туған ай - туралған етпен тең» деген осы. Кеше ғана сияқты еді Жаңа жылды қарсы алуға дайындалып қапылып жүргеніміз. Міне бір айын артқа тастадық. Қазақтың ескі күнтізбесінде ай және амал деген екі ұғым болған. Ай дегеніміз – кәдімгі ай атауы. Ал амал дегеніміз – жылдың белгілі бір мезгілінде үнемі қайталанып отыратын табиғи, ауа райы құбылыстары.

Яғни, өткендегі «Қыстың шілдесі» сияқты. Ақпанның да өзіне тән амалдары бар.
Боранды болғасын «Ақпан тоқпанымен екі ай» деген аталарымыз,
Ақпан-тоқпан,
Ай мүйізді алты ай,
Сұрап алған жеті күн,
Қырына алса, қырық күн, – дегенде не айтқысы келгенін түсінуге болады. «Түске дейін киіз, түстен кейін мүйіз» дейтін мезгіл де осы. Бірақ, ауа-райы алдамшы кез.
Ақпан – осы айда келетін амал аты. «Ақпан – дақпан алты күн, аязымен жеті күн» — дейді. Бұл жеті күн нағыз қыс ортасында келеді. Ақпанда өтетін ақпан-тоқпан амалында қар жауып, жел тұрып, боран-бұрқасын болады, аяз күшейеді.
Малшыларға уайым –
Ақ бораны үдейтін.
Қыстың соңғы бұл айын
Бұрынғылар «үт» дейтін.
Қалың қары ақпанның
Сіреу болып қатады.
«Ақпанда күн ат адым
Ұзарады», – деп жатады.
Көктем иісі, лебі бар,
Желі соғып тұрған ай, — деп толғаған ақын осы мезгілді дәл суреттеп отыр. Ал, тіршілігі төрт түлікке тәуелді ауыл үшін осы мезгіл нағыз шешуші сәт. Малдың алды төлдей бастайды. Қалың қалай, шаруа? – деп ауылдағы ағайынның тұрмысына қарайлайтынымыз да рас.
Сондықтан да өткен аптада аудан әкімі Асқар Қазыбаев Сарбие, Қараой ауылдық округтеріне жұмыс сапарымен барып, бірқатар әлеуметтік нысандардың жылу беру жүйесімен, жол қатынасын реттеп, қар құрсауынан тазалайтын арнайы техникалардың жай-күйін бақылады. Сонымен қатар шаруа қожалықтарына барып, мал қыстату барысымен танысты.
Аудан әкімі тұрғындар арасында қауіпсіздік ережелерін және қыс мезгілінде төтенше жағдайлардың алдын-алу бойынша жұмысты жүйелі жүзеге асыруды тапсырды. Сондай-ақ, коммуналдық қызметтің үздіксіз жұмыс жасауына ерекше назар аудара отырып, қатаң бақылауға алуды ескертті. Кезекті сапары барысында Округтердің аумағындағы шаруа қожалықтардың тынысымен танысып, мал азығының қоры мен малшылардың ауа-райының қолайсыз уақытында сақтық шараларын сақтауына назар аударды.
С. ХАМЗИН,
Ойыл селосы.

Related Articles

Back to top button