ЖҮЙЕЛІ ЕҢБЕКТІҢ НӘТИЖЕСІ

Өткен аптада Ақтөбе облысының білім басқармасына қарасты бөлім басшыларының және әдістемелік кабинет меңгерушілерінің қатысуымен облыстық әдістемелік күн өтті. Бірнеше бөлімнен тұратын мазмұнды шара барысында өткен жылдың қорытындысы шығарылып, әр ауданның білім саласындағы жетістіктері мен кемшіліктері жан-жақты талданды, алдағы кезеңге нақты тапсырмалар берілді.
Бағдарлама аясында Ақтөбе қаласында «Келешек мектеп» жобасы бойынша салынған №80 жаңа мектептің жұмысымен танысу мақсатында экскурсия ұйымдастырылды.
Сонымен қатар 9–11 сынып оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша облыстық олимпиаданың қорытындысы шығарылды. Аталған білім бәсекесінде Ойыл ауданы командалық есепте III орынды иеленіп, білім басқармасының басшысы Б. Күзембаеваның Алғыс хатымен марапатталды.
Бұл – аудан тарихында облыс көлемінде алғаш рет командалық есеп бойынша жүлделі орынға ие болу. Бұл жетістік – кездейсоқ нәтиже емес. Оның негізінде мемлекетіміздің ауыл мен қала арасындағы білім сапасындағы алшақтықты біртіндеп жоюға бағытталған жүйелі саясаты жатыр. Соның арқасында ауыл мектептерінде заманауи әдістер кеңінен қолданыла бастады, мұғалімдердің кәсіби ізденісіне, оқушылардың өздігінен дамуына мүмкіндік артты. Ата-аналардың да білімге деген көзқарасы өзгеріп, бала болашағына саналы түрде атсалысу үрдісі қалыптасып келеді.Осындай мемлекет, мектеп және ата-ана арасындағы өзара үйлесімді жұмыстың нәтижесінде бүгінгі ауыл мектептері қала мектептерімен бәсекелесе алатын деңгейге жетіп отыр.
Осы орайда, Ойыл ауданында білім саласындағы мемлекеттік саясатты тиімді жүзеге асыруға үлес қосып жүрген білім бөлімі қызметкерлеріне, барлық білім беру ұйымдарының басшылары мен педагогтеріне зор алғыс білдіреміз. Жүйелі еңбек пен ортақ мақсат алдағы уақытта да жаңа жетістіктерге жетелейді деп сенеміз.



