Референдум

«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін»

Ойыл аудандық коалиция мүшелері – Еркін Жиеналин, Назгүл Ешпанова, Молдашқали Қазмұхановтар Ш.Берсиев ауылдық округіне қарасты Қаратал ауылында болып, жергілікті тұрғындармен кездесу өткізді.

Кездесу барысында жаңа Конституция жобасының ауыл халқы үшін маңызына ерекше назар аударылды. Спикерлер ең алдымен жер мен табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, жеке меншікке қол сұғылмаушылық, еңбек ету және кәсіпкерлік еркіндігіне берілетін кепілдіктер туралы кеңінен түсіндірді. Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының тірегі екені ескеріліп, аграрлық секторды құқықтық тұрғыдан қолдау нормаларының күшейтілетіні айтылды.

Сонымен қатар, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіру мәселесі қозғалды. Жаңа өзгерістер ауыл тұрғындарының өңірлік шешімдерге қатысу мүмкіндігін кеңейтіп, халықтың пікірін ескеру тетіктерін нақтылай түседі. Бұл – ауылдық деңгейдегі жауапкершілікті арттыруға және ашықтықты қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам.

Тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарды қойып, ұсыныстарын білдірді. Әлеуметтік қолдау, инфрақұрылым, жастардың жұмыспен қамтылуы, ауыл кәсіпкерлігін дамыту тақырыптары төңірегінде мазмұнды пікір алмасу өтті. Коалиция мүшелері жаңа Конституциядағы нормалардың ауыл өмірінің тұрақтылығы мен дамуына құқықтық негіз болатынын атап өтті.

Қаратал ауылындағы бұл кездесу – конституциялық реформаның мәнін ауыл тұрғындарына нақты әрі түсінікті жеткізуге бағытталған маңызды қадам болды. Мұндай ашық диалогтар халықтың құқықтық сауаттылығын арттырып, ел болашағына қатысты саналы ұстаным қалыптастыруға ықпал етеді.
#референдум
#референдум2026
#жаңаКонституция
#новаяКонституция
#АтаЗаң
#15наурыз

 

Related Articles

Back to top button