АҚ ХАЛАТТЫ АБЗАЛ ЖАНДАРҒА ҚҰРМЕТ
Медицина қызметкерлері күніне орай аудандық мәдениет үйінде «Өмірге үміт сыйлаған жандар» атты салтанатты шара өтті. Адам өмірі мен денсаулығын сақтауды басты міндет еткен ақ халатты абзал жандарға арналған мерекелік кешке денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, ардагерлер және аудан тұрғындары қатысты.

Шара барысында медицина мамандарының қоғамдағы орны мен жауапкершілігі ерекше атап өтілді. Себебі дәрігер мамандығы — тек кәсіп қана емес, адам өміріне араша болып, халық денсаулығын сақтауға бағытталған үлкен жауапкершілік пен адалдықты талап ететін мамандық. Күн сайын тұрғындардың саулығы үшін аянбай еңбек етіп жүрген медицина қызметкерлерінің еңбегі әрдайым құрметке лайық.
Cалтанатты жиында аудан әкімі Асқар Қайырғалиұлы сөз сөйлеп, медицина саласы қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады. Өз сөзінде аудан басшысы халық денсаулығын сақтау жолында еңбек етіп жүрген мамандарға алғысын білдіріп, олардың ауданның әлеуметтік дамуына қосып отырған үлесін жоғары бағалады. Сондай-ақ аудандық аурухананың бас дәрігері Алмат Байдуллаев әріптестеріне ізгі тілегін арнап, сала мамандарының күнделікті еңбегі мен кәсіби жауапкершілігіне тоқталды.
Мерекелік шара барысында денсаулық сақтау саласының дамуына үлес қосып, өз міндеттерін жоғары деңгейде атқарып жүрген бірқатар медицина қызметкерлері марапаттарға ие болды. Атап айтқанда, «Денсаулық саласындағы еселі еңбегі үшін» төсбелгісімен Ойыл аудандық ауруханасының оташылар бөлімшесінің меңгерушісі Қаныш Атағалиев пен терапия бөлімшесінің меңгерушісі Гүлхан Қабдрахманова наградталды. Ал «Мейірім» төсбелгісі аудандық аурухананың оташылар кабинетінің мейірбикесі Рита Бекетаеваға табысталды.
Сонымен қатар Ақтөбе денсаулық сақтау кәсіптік одағы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сабыр Қанатұлының Алғыс хатымен аудандық аурухананың медициналық қызметтердің сапасын бақылау жөніндегі орынбасары Нұрбану Арыстанова, жалпы тәжірибелік дәрігер Маханбет Елекеев, аймақтық мейірбикелер Гүлмира Тойлыбаева мен Дана Ерғалиева, Амангелді орта мектебінің мейірбикесі Алмажай Өзбекова, жедел жәрдем жүргізушісі Сапар Қисықов және дәріхана операторы Асылжан Әбіл марапатталды.
Бұдан бөлек, мерекелік кеште денсаулық сақтау саласының өркендеуіне үлес қосып жүрген бірқатар қызметкерлерге аудандағы мекеме басшылары Алғыс хаттары мен естелік сыйлықтарын табыс етті.
Қай кезеңде болмасын медицина қызметкерлері халықпен бірге болып келеді. Әсіресе денсаулыққа қауіп төнген қиын сәттерде дәрігерлер мен мейірбикелердің еңбегі ерекше бағаланады. Адам өміріне араша түсіп, науқастың сауығып кетуіне бар күш-жігерін жұмсайтын мамандардың қызметі үлкен құрметке лайық. Сондықтан кәсіби мереке — олардың еңбегін елеп, алғыс білдірудің маңызды белгісі.
Кеш соңы аудан өнерпаздарының мерекелік концертіне ұласып, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Гаухар АЛЕКСЕЕВА,
Ойыл селосы.






