ҚҰРЫЛЫС-МОНТАЖДАУ ЖҰМЫСТАРЫН БАҚЫЛАУ ҮШІН ҚАРЖЫГЕРЛЕРГЕ АРНАЙЫ СЕМИНАР ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Жуырда аудан әкімінің орынбасары Әсет Тілеуқабақұлының төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің тапсырмасына сәйкес, құрылыс-монтаждау жұмыстары (ҚМЖ) шарттарының орындалуын камералдық бақылау институтын енгізу және қолдану мәселелері бойынша семинар-кеңес өткізілді.
Семинар-кеңеске Ақтөбе облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің Сәйкестік аудиті бөлімінің басшысы Нұрлыбек Әлиев, Камералдық бақылау бөлімінің басшысы Нұрлан Құсейнов және Камералдық бақылау бөлімінің бас маманы Мағжан Жеңісұлы қатысты. Іс-шараға аудандық мемлекеттік мекемелердің, қазыналық кәсіпорындардың, ауылдық округ әкімдіктерінің экономика және қаржы саласына жауапты бөлімшелерінің басшылары, есепшілері және қаржы саласында қызмет атқаратын мамандар қатысты.
Семинар барысында құрылыс-монтаждау жұмыстары шарттарының орындалуын камералдық бақылау институтын енгізу және қолдану, онлайн бюджеттік мониторинг, камералдық бақылау жүргізу қағидаларына енгізілген өзгерістер, сондай-ақ электрондық дүкен арқылы сатып алу барысында жылдық жоспарды дұрыс жоспарлау мәселелері кеңінен түсіндірілді.
Қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандардан тиісті түсіндірмелер мен жауаптар алды.
Семинар-кеңес қаржы саласында қызмет атқаратын мамандардың біліктілігін арттыруға, мемлекеттік сатып алуды дұрыс жоспарлауға және бюджет қаражатын тиімді әрі заң талаптарына сәйкес игеруге бағытталды.



