Сұхбат
Жеңілдетілген несие нәтижесінде несібесі артып келеді
МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫМЕН АЙНАЛЫСАТЫН АУДАН ҮШІН БАСТЫ МӘСЕЛЕ МАЛ БАСЫН КӨБЕЙТІП, ОНЫ АСЫЛДАНДЫРУ. ӘРІ ҚАРАЙ ОНЫҢ КҮТІМІ МЕН ҚЫСҚЫ АЗЫҒЫН ӘЗІРЛЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ШАРУАНЫҢ МАҢДАЙЫНА ЖАЗЫЛҒАН МІНДЕТ. БҰЛ МІНДЕТТЕН ЕШБІР ШАРУА ЕНЖАРЛЫҚ ТАНЫТПАЙДЫ. СЕБЕБІ «МАҚ БАҚҚАНҒА БІТЕТІНІН» БҰҒАН ДЕЙІНДЕ ТАЛАЙ МӘРТЕ АЙТЫП КЕЛЕМІЗ.
Өткенге сәл шегінсек, қазақ даласында мал бағып дәулеті артқан таза еңбек адамдарының есімдері ел есінде сақтаулы. Міне осындай «Шопан ата» төлінен мол өнім алғандардың бірі атақты шопан, «Социалистік Еңбек Ері» Бекіш Ғалымов еді. Жүз саулықтан 163 қозыға дейін алды. Қазіргі таңда оның тәжірибесін ауылдастары жақсы біледі. Кезінде мал шаруашылығы қызып тұрған ауылда ата кәсіппен айналысатын шаруалардың ізі суымаған. Оның нақты дәлелі бүгінгі күнде Көптоғайда 50-ден астам шаруа қожалығы бар. Төрт түлігін таңнан өргізіп, сайын даланың сәнін кіргізіп отырған ауылдың жағдайы жаман емес. Мұнда «Бір бас малын екеу етсем», дейтін «еңбекқор», «шаруаға мығым» жандар жетерлік. Солардың бірі Нұралы Аймұқанов. Бірнеше жылдар бойы «Идеят» шаруа қожалығында еңбек еткен ол, қазір мемлекеттік бағдарламалар арқылы бірнеше рет жеңілдетілген несие алды. «Ауыл шаруашылығын қолдау» қорынан алған 2 миллион теңге көлеміндегі алғашқы несиесіне ірі қара малдарын алып, бордақылады. Одан кейін алған несиесіне 40 бас қой алды. Биыл да «Ауыл шаруашылығын қолдау» қорынан 1 миллион теңге алып, қорасындағы ірі қарасының санын 4 бас сауын сиырмен толықтырды. Жастайынан қара жұмысқа шыңдалған шаруа енжарлық әдетті жақтырмайды. Таңнан ерте тұрып шаруаға кірісуге әбден машықтанған. Сәтін салса, алдағы уақытта жер алып, малдарына үлкейтіп қора салуды көздеп отыр. Өз алдына мал алып шаруасын дөңгелетіп отырғанына көп болмаса да сиырларының саны оннан шықса, қойлары жүзге жетіп отыр. Одан бөлек төрт-бес бас Қамбар ата төлі де бар. Оның алдағы уақыттағы басты мақсаты — мал басын көбейтіп, оларды асылдандыру жұмыстарын қолға алу. Біз Нұралы Жақсығалиұлымен арнайы тілдесу барысында ол, мемлекеттік бағдарламалар арқылы берілетін несиелер «шаруасын енді бастағандар үшін өте тиімді», — дейді. Сонымен бірге «оның құжаттарын жинауда аса кедергі келтіретін ештеңе жоқ, тек кепілге қоятын мүліктің құжаттары дұрыс болса болды. Әрине көптеген құжаттарды жинақтау қара шаруа үшін сәл қиындықтар тудыруы мүмкін. Оған бола көздеген мақсатыңды үзілді-кесілді тоқтатуға болмайды. Әр адам сонда ғана ойға алған ісін іс жүзінде іске асыра алады» — деген Нұралының бұл сөздері расыменде шаруасын енді бастағандар үшін үлкен кеңес болмақ.
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл-Көптоғай-Ойыл.