ӘкімдікБасты тақырып

Ойылдағы онлайн есеп интернеттің игілігі

Өткен сәрсенбі аудан әкімі Асқар Қазыбаев санитарлық талаптарға сай, өзінің аудан халқының алдындағы қорытынды есебін алдын-ала хабарланғандай, аудан әкімдігінің инстаграмм әлеуметтік желісіндегі парақшасында тікелей эфирде өткізді.

Өткен жылғы есеп беру кездесулерде тұрғындардың көтерген автокөлік жолдарын және әлеуметтік нысандарға жөндеу жүргізу, материалдық-техникалық базасын нығайту мәселелерi жөнінде 10 мәселе аудан деңгейіндегі іс-шаралар жоспарына енгізілген болатын.
Оның ішінде, аудандық маңыздағы «Ойыл-Қараой», «Ойыл-Көптоғай» автокөлік жолдарын жөндеу жұмыстары былтыр басталып, ауылдық елді мекендерді қосымша жарықтандыру, Қараой ауылындағы мектеп жанындағы балабақша ғимаратын жөндеу, Қайыңды, Сапақкөл ауылдық клубтарының материалдық-техникалық базалары нығайту мәселелері шешілді. Ш.Берсиев, Ақкемер, Тайсойған ауылдық клуб ғимараттарын жөндеуге жобалау-сметалық құжаттары дайындалып, қаржыландыруға ұсынылды. Әсіресе, Ойылға «Жұмыспен қамтудың жол картасы бағдарламасының» тигізген иігілігі көп. Бір ғана мысал, осы бағдарлама шеңберінде жөндеу жұмыстары жүргізілген 12 әлеуметтік нысанда, жолдарды жөндеу және құрылыс жұмыстарында жұмыспен қамту орталығы арқылы 108 адам жыл бойы табыс тапты.
Сонымен қатар, осы бағдарлама аясында республикалық бюджеттен бөлінген қаржыларға Саралжын, Берсиев, Жекенді дәрігерлік амбулаториялары мен Көсембай дәрігерлік пунктіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе, Қараой мектеп-балабақшасының балабақша ғимараты мен Құрман және Сапақкөл орта мектептерінің жаңаруына да осы бағдарламаның септігі тиді. Ал, «Ауыл ел бесігі» аясында Ш. Бекмұхамбетова атындағы мектеп-гимназияның ескі ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Соңғы жылдары тұрғындардың көтеріп жүрген негізгі мәселелерінің бірі – жол қатынасы. Бұрнағы жылы Ойыл мен Қараталдың арасындағы автокөлік жолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілсе, былтырғы басталған «Ойыл-Қараой» жолына күрделі жөндеу жұмысы биыл да жалғасын табады. Сондай-ақ, Көптоғай, Шұбарши ауылдарына жол құрылысы басталды. «Саралжын — Қайыңды», Сарбие ауылына кіреберіс 16 шақырым автомобиль жолдарын орташа жөндеу бойынша жобалау-сметалық құжаттары дайындалып, жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп отыр. Бестамақ, Ақкемер, Ойыл, Кемер, Қаракемер, Құмжарған, Екпетал ауылына кіреберіс және Ақшатау-Қаракемер автокөлік жолын орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттары жасақталуда.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы» және «Ауыл ел бесігі» мемлекеттік бағдарламалары аясында бюджеттен қаржы бөлініп, Ойыл селосындағы Көкжар, Желтоқсан, Бақаев, Молдағұлова, Аманкелді, Шернияз көшелеріне асфальттау  жұмыстары жүргізілді.
Алдағы жылға 9 көшеге асфальт төсеуге жобалау-сметалық құжаттары жасақталды.
2021 жылдан бастап, ауылдық округ орталығы көшелеріне жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін Көптоғай ауылдық округінде 2,9 км 4 көшеге, Сарбиеде -3,35 км 4 көшеге, Ш.Берсиев атындағы ауылдық округінде 2,4 км 2 көшеге, Қараой ауылдық округінде 3,2 км 3 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттары жасақталды.
Аудан тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету деңгейі қарқын алып, Мемлекеттік бағдарламалар аясында республикалық және облыстық бюджеттен былтыр 159, 853 млн теңге бөлініп, Ойыл селосындағы жаңа тұрғын-үй құрылысы алаңына ауыз су құбыры тартылса, Қайыңды ауылдық округі Көсембай елді мекенінде 221,5 млн. теңгеге, Ойыл ауылдық округі Ақшатау елді мекенінде 361,5 млн. теңгеге, Қаракемер елді мекенінде 287, 2 млн. теңгеге, Саралжын ауылдық округі Ақкемер елді мекенінде 259,8 млн. теңгеге орталықтандырылған ауыз су құбыры құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді. Яғни, бүгінгі таңда аудан халқының 92,6 % сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілді. Тұрғындар саны аз шағын 5 елді мекенді суды тазартудың кешенді блоктық модулін орнату арқылы сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарланып, Қаракөл және Шұбарши елді мекендері бойынша жобалау-сметалық құжаттары дайындалып жатса, Қоңырат және Құбасай елді мекендерінде жер асты ауыз су қорына іздестіру-барлау жұмыстарын жүргізуге ұсыныс берілді. Бестамақ елді мекенінде жалпы сметалық құны 241,4 млн. теңге тұратын орталықтандырылған ауыз су құбырын жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттары жасақталып, 2021 жылы құрылыс жұмыстарына 234 млн. 569,0 мың теңге бөлініп отыр.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасымен бірлесіп жалпы сметалық құны 547 млн. 778,0 мың теңге тұратын «Қаратал ауылына жеткізуші және ауылішілік газ құбырының құрылысы» жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынып, 2021 жылы құрылысты бастауға облыстық бюджеттен 50,6 млн. теңге қаржы бөлініп отыр. Аталған жоба бойынша ауданның Екпетал, Аманкелді, Көптоғай, ауылдарын газдандыру үшін жобалау-сметалық құжаттарын дайындауға 51,9 млн. теңге қаржы бөлінді.
Өткен жылы «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік  бағдарламасы аясында оптикалық-талшықты интернет желісінің құрылыс жұмыстары жалғасып, Қараой, Сарбие ауылдарында мемлекеттік мекемелер  жоғарғы жылдамдықты интернет желісіне қосылды. Жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, Құмжарған, Шұбарши, Ақкемер, Қарасу, Қаракемер, Ақшатау елді мекендеріне мобильді байланыс үшін мұнаралар орнатылып, Ақжар және Кемер, Ақкемер, Қараой, Сарбие, Көсембай, Құмжарған, Аманкелді елді мекендерінде 3G KСell, Beeline ұялы байланыстары іске қосылды. Алда 250 адамнан артық тұратын Қарасу (Көптоғай), Шұбарши, Ақшатау, Қаракемер елді мекендерін ұялы байланыспен толық қамту шаралары қабылдануда.
Мемлекеттік бағдарламалардың игілігі мұнымен шектелген жоқ. Осы бағдарламалар арқылы қолдау көрсетіліп, 26 шаруашылық 910 бас мүйізді ірі қара сатып алса, 16 шаруашылық 2459 бас қой сатып алды.
Аудан шаруашылықтарында 1125 бас асыл тұқымды мүйізді ірі қара, 10 шаруа қожалығында 7065 бас асыл тұқымды қой-ешкі, 4 шаруашылықта 231 бас асыл тұқымды жылқы өсірілуде. Тек былтырдың өзінде аудандағы мал басы 310 бас асыл тұқымды мүйізді ірі қарамен толықты.
«Еңбек» Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың  2017 – 2021 жылдарға арналған бағдарламасының «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» жобасы аясында 51 жоба бойынша 237,5 млн. теңге несие алынды.
«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында аудан кәсіпкерлері 6 жоба бойынша 173,0  млн. теңге несие алып, шаруашылықтарын ұлғайтты. Сондай-ақ, аталған бағдарлама аясында өткен жылы құжаттарын тапсырған 2 шаруа қожалығының 51,0 млн. теңге несие алуына көмек берілді.
Ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алуға мемлекеттік қолдау жалғастырылып, 18 шаруа қожалығына 151 млн. 324,0 мың теңгеге лизингтік жүйемен 15 трактор мен шөп шабу агрегаттарын алуға көмек  берілсе, 25 шаруа қожалығы өз қаржылары есебінен 48 млн. 815,0 мың теңгеге шөп дайындауға қажетті агрегаттар сатып алып, материалдық базаларын нығайтты.
Ауыл шаруашылық құрылымдарын Үкімет тарапынан мемлекеттік қолдау жалғастырылып, мал шаруашылығын дамыту жұмыстары үшін   66 шаруа қожалығына 124 млн. 340 мың теңге көмек қаражат – субсидия берілді. «Тәжібай Агро» ЖШС суармалы жеріне жетіспейтін инфрақұрылымдарды жеткізу жобасы (жоба құны 150,0 млн.т) бойынша облыстық бюджеттен 50,0 млн.теңге қаржы бөлу мақұлданды.
Жаңа бизнес идеялар жүзеге асыру үшін 39 адамға 200 АЕК көлемінде 21,0 млн. теңгеге мемлекеттік гранттар беру жоспарланып еді. Тұрғындардың өтініш-тілектері ескеріліп, 64 адамға 35,4 млн. теңгеге мемлекеттік гранттар берілді. Алдағы уақытта «Еңбек» Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың бағдарламасы аясында шағын кәсіпкерлікті дамыту мақсатында бөлінген несиелерді бірінші кезекте өнім өңдеу мен тұрмыстық қызмет көрсету салаларында жаңа жұмыс орындарын ашуға бағыттап, ауданда дәстүрлі емес кәсіпкерлік саласын одан әрі дамытуға мемлекеттік қолдау көрсету көзделіп отыр.
Тек мемлекеттік бағдарламаларға иек артпай, аудан кәсіпкерлері де ауданның экономикасын көтеруге, көркейтуге өз үлестерін қосып жатыр. Мәселен, «Туған жерге тағзым!» жобасының аясында демеушілік жұмыстар жалғасып, былтыр 91 млн. 362,0 мың теңгеге 44 жоба жүзеге асырылды. Оның ішінде аудан орталығында аудандық аурухана ғимараты алдында «Денсаулық аллеясы» жасақталып, Ақшатау ауылында 80 орындық ауылдық клуб ғимаратын салу ұйымдастырылуда. Аудан орталығында демеушілік қаржы есебінен аумағы 500 шаршы метр Музыка мектебі салынып, пайдалануға берілді.
Тікелей эфирдегі онлайн есептен соң, Асқар Қайырғалиұлы тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Тұрғындар негізінен интернет байланысының жылдамдығы, ауылдарға ауыз су, газ құбырын тарту туралы сұрады.
Р.S Аудан әкімінің әлеуметтік желіде жүргізілген есебін тікелей эфир арқылы 306 адам тыңдады.

Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар