ӘлеуметБасты тақырып
Наурыз мейрамы — жаңаша сипатта
Биылғы Наурыз мейрамы қазақстандықтар үшін жаңашылдыққа толы болды. Бұған дейін тек 21-23 наурыз аралығында алаңдарға киіз үй тігіліп, салт-дәстүрдің белгілі бір тобын ғана дәріптеумен өткізіп келдік. Соңғы жылдары 10 күн тойлау үрдісі қалыптасып келеді. Самарқанның көк тасы еріп, тіршілік атаулыға жылулық әкелетін ұлыстың ұлы күні мерекесі ауданымызда жаңаша сипатта тойланды. Десе де, ауданымызға кеш келген көктем мезгілі бұл игілікті шараларды жүзеге асыруға кедергі болмады. Негізгі несібесін мал мен жерден алатын аудан үшін бұл мерекенің орны бөлек.
16 наурыз — «Жайлау» күні. Наурыз мерекесіне арналған 10 күндік аясында 16 наурыз «Жайлау күні» ауданның барлық ауылдық округтерінде кештер ұйымдастырылып, ән мен күйден шашу шашылса, аудандық мәдениет үйінде «Наурыз- жаңғыру нышаны» мәдени- көпшілік шарасы ұйымдастырылып, аудан өнерпаздарының мерекелік концерттік бағдарламасы өтті. Сонымен қатар, «Ойыл аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімі» ММ-сінің ұйымдастыруымен «Жайлау» күніне ауа-райының қолайсыздығына қарамастан аудан кәсіпкерлері, шаруа қожалықтары белсенділік танытып, наурыз көже, ыстық шай, бауырсақтарын халыққа таратты. Ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесі ұйымдастырылып қой еті, қаз еті, сүт өнімдері құрт, құртмай, айран, қаймақ, сүзбе, тары-талқан, тұздалған көкөністер мен тосаптар сатылды.
17 наурыз — «Сарқыт» күні. Сарқыт — дәстүрлі қазақ қоғамындағы ежелден келе жатқан салттарының бірі. «Сарқыт» бауырсақ тарату акциясын Ойыл аудандық жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды. Аудан тұрғындарына, базарлар мен дүкендерге, сондай-ақ көшемізді қардан тазартып, адамдар мен көлік құралдарының қозғалысын жеңілдеткен коммуналдық қызметкерлерге бауырсақ тарату акциясы болды. Орталық басшысы және мамандары ыстық бауырсақтарын аудан тұрғындарына таратып, халықтың ыстық ықыласына бөленді. Бұл акция бірінші жыл емес, жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп отырады.
Сондай-ақ «Шұғыла» мәдениет және демалыс орталығы жанындағы «Әйел бақыты» жас келіндер клубының «Атадан қалған адал ас» атты онлайн жобасына сәйкес қазақ халқының ұлттық сорпа тағамы салманы әзірлеуді түсіндірді. Толық нұсқасын «Ойыл.Мәдениет» ютуб каналынан тамашалай аласыздар.
18 наурыз — «Игі істер» күні. Наурыз мейірімділік пен қайырымдылық мерекесі. «Наурыз мейірімі» жалпыұлттық акциясы аясында волонтерлік, қайырымдылық және еріктілер ұйымдары арқылы түрлі қайырымдылық іс-шаралар өтті. Акция кезінде көп балалы отбасылар, жалғыз басты, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсетіліп, аудандағы барлық мекемелер ат салысты.
19 наурыз — «Ұлттық спорт» күні. Сонымен қатар, 19 наурыз ұлттық спорт күніне орай Ш.Берсиев атындағы өнер және өлке тарихы музейінің «Жас археолог» үйірмесінің оқушылары арасында ұлттық ойын «Ләңгі тебу» ойыны ойнатылды. Оқушыларға ләңгі жасау және тебу ережесі туралы мағлұмат берілді.
20 наурыз — «Шаттық» күні. Ойыл аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Айтайық жарапазан елімізге» атты аудан жастары шеруге шықты. Шара жарапазанмен басталып, Наурыз- думан атты әсем әнмен аяқталды.
21 наурыз — «Шеберлер» күні. Ұлттық қолөнер шеберлері бұйымдарының негізінде аудандық орталық кітапханасының ұйымдастыруымен «Шеберлер күніне» арналған шеру өткізді. Іс шараның арнайы қонақтары аудандық «оқушылар үйінің» ұжымы қатыстырылды. Кеш барысында шеберлер өздерінің қызығушылықтары, алға қойған мақсаттары жайында айта келе, ұлттық қолөнер ерекшеліктерін, оның түрлері мен қолөнерге қосқан өзіндік үлестері туралы әңгімеледі. Сондай-ақ шеберлер өздерінің жасаған бұйымдарын көрсетіп, ши тоқу, ұлттық сәндік- қолданбалы өнердің жасалу жолдарымен таныстырды.
P.S Ауданымызда өткізілген барлық іс-шараларға ауылдық округтер де үн қосты.
Гаухар АЛЕКСЕЕВА,
Ойыл селосы.