Сұхбат

Ойыл мешіті – қай жылы салынды?

Көне тарихымызға көз жүгірткен сайын, ата бабаларымыздың ғасырлар бойы сақталып, бүгінгі ұрпаққа мұра болып қалған құрылыс нысандарының күрделі технологиясы таң қалдырады. Қолданған шикізаттарының, өндіріс әдістерінің құпиясын былай қойғанда, көптеген нысандардың тарихы, салынған жылдары нақты деректердің кездеспегенінен анықталмай жүргені рас. Соның бірі, ғасырдан астам тарихы бар, тарихының ақтаңдақтары әлі де ізденісті талап ететін – Ойыл мешіті. Яғни, оның салынған жылы. Бүгінгі күнде ғаламтор сайттарында, басылым беттерінде дәлелсіз әртүрлі жылдар айтылады.
Қысқаша анықтамасы: Мешіт 1893 жылы салына бастады. Ірге тасы жабайы таспен төселіп, тастама белдіктері түйе арбамен Орынбордан тасылған, табаны қызыл кірпішпен қаланған. Мешіт діни ағартушылық бағытында жұмыс жасаған.
Бұл жердің тағы бір тарихи мұра ретінде сақталып қалған жәдігері — ХІХ ғасырдың аяғында салынған көне мешіт. Мешітті 1893 жылы  татарлар салған деседі. Ағаштары Ресейдің Орынбор қаласынан әкелінген. Ал кірпіштері жергілікті жердікі. Мешіттің құрылысы ерекше. Кірпіштерін барқын құмы мен сазды араластырып құйған. Кейбір деректер кірпішті қойдың жүнін қосып, биенің сүтімен илегенін айтады. Айтса айтқандай, мұның ерекшелігі де жоқ емес. Қыста қар жауғаннан соң, жазда жаңбырдан кейін күншығыс жағына шығып қарасаң, ерекше түске енеді, — дейді Ш.Берсиев атындағы аудандық мұражайдың директоры Балқия Рысбаева.
Кездесуден кейінгі сапарымыз тағы бір тарихи орын — Ойыл аудандық орталық мешітіне барып Алаш арыстарының рухтарына құран бағыштадық. Мешіттің бас имамы, «Нұр-Мүбарак» университетінің түлегі Нұрсұлтан Серікұлы мәліметіне сүйенсек,  Мешіт 1873 жылы салынған. Мешіттің алғашқы имамы Сағидолла Ізтілеуов болған. Тастан салынған ғимараттың ішінде жөндеу жұмыстары жүргізілгенімен, оның бөлмелері сол қалпында сақталған
Сұхбат беріп отырған Нұрсұлтан Серікұлына – «қандай дерекке сүйеніп мешіттің ашылған жылын анықтадың?» — дегенде, естігенімді айтқаным – деп жауап берген. Ал Сағидолла Ізтілеуовтің елге оралып, мешітке орналасқаны 1926 жылы екені анық.
Осы көкейкесті мәселеге байланысты, менде бір-екі мәліметті ортаға салғым келеді. Сырым Бақтыгереевтің «Түлеген Ойыл өңірі» (Ақтөбе, 2001 ж.) кітабында (159 бет) мешіттің ашылуына қатысқан Федор Трофимович Карпенконың (1896 – 1972) естелігін, сонымен бірге қызмет еткен Аққали Берғалиевтың деректерін келтіреді. Естелікте мешіт 1906 жылы бастап салынып, 1913 жылдың қыркүйегінде (Романовтар тұқымының патшалық құрғанының үш жүз жылдығы қарсаңында) ашылу рәсімі өткен. Осы дерек жобаға келетін сияқты. Өйткені, келесі архивтік материалдан аттап кете алмаспыз. Орал қаласында (губерния орталығы) 1868 жылдан бастап жарыққа шыққан «Обзор Уральской области по годам. Уральск 1868-1916. Изд. является Приложением к Все под даннейшему отчету военного губернатора»  кітаптарында әр жылдың аяғында губерния бойынша салынған ғимараттар туралы тұрақты мәлімет беріп отырған. Мәселен 1907 жылғы басылымында (№15 ведомость) Темір уезінің Шиповск (Ойылдың бұрынғы аты) болысында тастан салынған мешіт жоқ деп келтіреді. Тек қана 1910 жылдың есебінде (№14 ведомость) тас мешіт көрінеді.
Осыған қоса айта кетер тағы да бір мәселе – мешітті салуға қомақты үлес қосқан меценаттар. Ұрпақтарының естеліктері бойынша және архивтік деректерге сүйене отыра осы қатарда Утешев Хафиз — екінші гильдиядағы көпес, сауда қатарларын ұстаған. Өзінің тұрған үйі мен сауда орны сақталған (Кеңес үкіметі кезінде ол ғимараттарда телеграф, почта орналасқан) (естелікті берген немересі Ахат Утешев 2009 ж.). Кульмаметов Гайнетдин – сауда орындарын, диірмен ұстаған. Тұрғын үйлері мен сауда орындары бір көшені тұтас алып тұрған (Кеңес үкіметі кезінде милиция ғимаратынан бастап бұрынғы кітап дүкенімен қоса). Қазіргі Ветстанция орналасқан мекемеден «Көкжар» дүкеніне дейінгі аралық. Қазаннан саудасымен келіп жүрген Исмагулов Лутфулла атты көпестің Майшараф деген қызын келін қылып мешітке орналастырып, өзі сол мешіттің тұрақты қадағалаушысы болған. (естелікті берген шөбересі Рамиль Кульмаметов, 2022 ж.)
Әрине, бұл тізім толықтырылып, әңгіме жалғасын табады. Ортаға ой қосып, тарихымызды түгендей жүрейік, ағайын.

Нұрлан Жұмағалиев,
«Ойыл» ынталы тобының жетекшісі,
Ақтөбе қаласы.

Редакциядан: Құрметті жерлестер!
Ойылдың тарихын түгендеу, шынайылығын жазу және халыққа жеткізу мақсатында «ТАРИХЫМЫЗДЫ ТҮГЕНДЕЙ ЖҮРЕЙІК» атты Ойыл музейінің әлеуметтік желілердегі парақшасында айдар ашылды.
Ойыл ауданының тарихына қатысты зерттегендеріңіз, естіген ауызша, жазбаша деректеріңіз болса, өлкеміздің шынайы тарихы қамтылатын естеліктер мен зерттеуге негізделген мақалаларыңыз жинақталса, музейге хабарласуларыңызға болады. Музей қызметкерлері жинақтарды қорға алып, газет беттерінде және әлеуметтік желілердің парақшаларында тұрақты жариялап отырады.
 

Басқа жаңалықтар