Басты тақырып

КӘСІБИ МЕДИАТОРЛАР АУДАНҒА КЕЛДІ

Қазақстан Республикасының Медиация туралы заңның қабылданғанына он жылдан асты. Медиация - жанжалдарды соттың қатысуынсыз шешу формасы. Ал Медиатор - дауласушы тараптарды басқарушы, ол қорғаушы немесе заңгер емес, тараптардың ешбірінің мүддесін қорғамайды. Ол тек дауласушы тараптарды ортақ мәмілеге келтіріп, келіссөз жүргізуші.

Бүгін ауданға кәсіби медиаторлар, «Халықаралық келіссөздер Академиясы» заңды тұрғалар бірлестігінің төрайымы Светлана Балпеисова, «Тұтынушылардың құқығын қорғау кеңесі» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Әлібек Насрадинов, «Халықаралық келіссөздер Академиясы Қауымдастығы» ЗТБ мүшесі Гүлнұр Тукебаева іс-сапармен келді. Алдымен Ойыл ауданы әкімі аппаратының басшысы және қызметкерлерімен кездесті. Әрі қарай аудан әкімінің орынбасары Саян Сүлейменовтың төрағалығымен аудандық білім, мекеме басшылары және ауылдық округ әкімдері, кәсіби емес медиаторлардың қатысуымен «Қоғамдық қатынастар саласында медиацияның дамуы» атты семинар өтті.

«Тұтынушылардың құқығын қорғау кеңесі» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Әлібек Насрадинов тұтынушылардың құқықтарын қорғау және жалпы медиация жайында тоқталып өтсе, «Халықаралық келіссөздер Академиясы» ЗТБ төрайымы Светлана Балпеисова еліміздегі медиация институтының қалыптасуы, отбасылық жағдайларда жіберетін қателіктіктердің салдарынан шығатын айқай-шудың соңын сотқа жеткізбей екі тарапты мәмілеге келтіру, тіл табыса білу осы медиаторлардың шеберлігіне байланысты екенін айтып, дауды шешудің оңтайлы тәсілдеріне мысалдар келтірді. Сонымен қатар қатысушылар арасында жанжал төңірегінде ойын өткізіп, мәселені шешудің әдістері мен жолдарын практикалық тұрғыда көрсетті. Семинар барысында Ойыл ауданының әкімдігімен өзара ынтымақтастық туралы екі жақты меморандумға қол қойды.

Одан соң әр ауылдық округтен келген қоғамдық медиаторлар жергілікті жерлерде атқарылып жатқан жұмыстары жөнінде, ауылдық жерлердегі, мектептердегі дауларды шешудің жолдары, бағыттары, туралы ойларын ортаға салды. Шара соңында семинарға қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.

P.S. Семинар- тренингтен кейін кәсіби медиаторлар аудандық сот ғимаратының ішінде орналасқан медиация кабинетіне арнайы барып, ондағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Сондай-ақ, «Медиация туралы» Заңға ұсынылатын өзгерістер бойынша сот пен медиаторлардың сөз сөйлеуін, мақала шығаруын талқылап, өңірдегі медиацияны ары қарай дамытуға тілектерін білдірді.

Г.АБАЙҚЫЗЫ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар