Білім

Ғалымның мерейтойы қарсаңында

«Мен туған ауыл – Саралжын, мен үшін мәңгі — Сары алтын» деп ақын Нұрлыбек Қалауов жырлағандай, Саралжын топырағында талай-талай тау тұлғалар дүниеге келген. Ақын, жыраудан бөлек Әнуар Дербісалин, Қуанышбек Шүңкеев, Базылбек Жакиев сынды үш бірдей профессор осы жерден шықты. Саралжын топырағынан шыққан алғашқы профессор Әнуар Жақсығалиұлы Дербісалин. Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, филология ғылымдарының докторы, әдебиеттану ғылымының көрнекті өкілінің туғанына 90 жыл толады.
Осы орайда Саралжын ауылдық округі әкімдігі «Астана қаласының 20 жылдығы» мерекесіне орай профессор Әнуар Жақсығалиұлын еске алу құрметіне арналған мәдени-спорттық шараларға ұйытқы болды. Аталмыш шараға марқұмның ұрпақтары Алматыдан арнайы келді. Сонымен бірге аудан әкімінің орынбасары Асқар Қазыбаев профессорды еске алу шарасының ашылу салтанатында әрдайым осындай шараларға ұйытқы болып жүрген Саралжын ауылдық округінің әкімдігіне аудан әкімі атынан алғысын білдіріп, Әдебиеттану ғылымының көрнекті өкілінің 90 жылдығын келер жылы кең көлемде атап өтуге атсалысуға шақырды.
Профессорды еске алуға арналған мәдениет-спорттық шара 40 жастан жоғары ерлер арасында волейболдан жолдастық кездесумен басталды. Егде жастағы ерлер арасындағы жолдастық кездесуде «Аудан әкімдігі», «Қайыңды», «Саралжын», «Саралжынның Ақтөбедегі жерлестері» командалары бақтарын сынап, сонау ХХ ғасырдың екінші жартыжылдығындағы өңіріміздегі волейбол ойынының дүбірін дәйек етті. Атап өтсек, 68 жастағы спорт ардагері Өтесін Қабекешовтың әлі де волейбол ойнаудағы ширақ қимылы жерлестерінің қолдауына ие болса, волейболдан ардагерлер арасында облыстық құрамада ойын көрсетіп жүрген саралжындық Жақсығали Убниямовтың тордан көтеріліп ұрған соққылары жиылған жұртшылықты тәнті етті. Нәтижесінде Ақтөбеден арнайы келген «саралжындық жерлестер» командасы шебер ойын көрсетіп, І орынға ие болса, волейболдан көш бастап жүрген ауылдың «Саралжын» командасы жүлденің ІІ орнынан көрінді. Ал, көршілес Қайыңды ауылдық округінен келген «Қайыңды» командасы тартысты ойын көрсетіп, ІІІ орынды қанжығаларына байлады. Сонымен бірге, атаулы шараға үн қосып, белсенділік танытқан «аудан әкімдігі» командасы алғыс хатпен марапатталды.
Әрі қарай жалғасақ, Әнуар Дербісалин атамыздың құрметіне Саралжын орта мектебінің аты берілген. Қазіргі таңда өңір басшысы үлкен баға берген білім ошағын 2013 жылдан бастап Кенжебай Қазмағамбетов басқарып келеді. Сонымен бірге профессордың бұрынғы тұрған үйі орналасқан көшеге 1991 жылы «Ә.Дербісалин» атауы берілген. Қазіргі таңда оның үйі жиені Самат Жауынбаевтың меншігінде. Атап өтсек, шара кезінде Саралжын ауылдық округі әкімдігінің қолдауымен Әнуар атамыз тұрған үйдің сыртқы қабырғасына орнатылған мемориалдық тақтаның ашылу салтанаты болды. Онда Әнуар Жақсығалиұлын көз көрген ауыл азаматтары оның өмір жолынан сыр шертті. Одан кейін нағашысы отырған қара шаңырақты бұзбай бәз қалпында сақтап отырған Саматтың үйінде жайылған ақ дастарханнан дәм татып, марқұмның аруағына құран бағыштады.
Филолог Әнуар Жақсығалиұлын еске алу шарасы түстен кейін дөңгелек үстелмен жалғасты. Ә.Дербісалин атындағы Саралжын орта мектебінің қазақ тілі, әдебиеті пәнінің мұғалімі Дана Қалауова ауылдан шыққан атағы алып тұлғаның өмір жолынан әңгіме өрбітті. Дөңгелек үстел басына жиналғандар Әнуар атаның 90 жылдығын кең көлемде атау үшін кеңесті. Ауыл әкімі Абат Қаратауұлы, Ш.Берсиев атындағы Өнер және өлке тарихы музейінің директоры Балқия Рысбаева, Ә.Дербісалин атындағы Саралжын орта мектебінің директоры Кенжебай Қазмағамбетов бастаған азаматтар Әнуар Дербісалиннің 90 жылдығы қарсаңында оның ғылыми еңбектері мен өмір жолдарынан зерттеу жасап, аудан көлемінде мектептерде ашық сабақтар өткізуге, өзінің атағы берілген Саралжын орта мектебінде мұражай жасақтап, әдеби сазды кештер мен тарихи танымдық шараларды көбірек өткізуге жоспар жасады. Сонымен бірге осы кісінің атындағы көшені абаттандырып, жарықтандыру шараларын жандандыру керектігін ашық айтты. Ал, Әнуар атаның ұрпақтары оның тұтынған заттарын мұражайға тапсырып, Саралжын орта мектебінде үздік оқитын бір оқушыға арнаулы шәкіртақы тағайындайтындықтарын жеткізіп, әкелеріне аудан, облыс орталықтарынан көше атын беруге ұсыныс жасады.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл-Саралжын-Ойыл

Басқа жаңалықтар