ӘкімдікӘлеуметБасты тақырып

Зорлық-зомбылыққа қарсымыз!

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетіне берген «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» деген сұхбатын оқып шықтым.

Сұхбатта қоғамды толғандыратын бірқатар мәселе қозғалған. Соның ішінде Президент зорлық-зомбылыққа қатысты алдағы уақытта іске асырылатын заңнамалар туралы айтып берді.
Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасына сәйкес зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында елімізде нақты іс-шаралар қабылданып жатыр.
Оның мысалы ретінде Президент әйелдер мен балаларға жасалған зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстарды тергеумен әйел тергеушілер айналысатынын, ішкі істер органдарында әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғаумен шұғылданатын мамандардың штаты қалпына келтіріліп, олардың құзыреті күшейтілетінін айтты.
Былтыр елімізде отбасындағы тұрмыстық құқықбұзушылықпен күрес тәсілдері қайта қаралғаны белгілі. Бұл ретте 1 шілдеден бастап полиция жәбірленушінің шағымын емес, қылмыстың анықталуын негізге алып, қылмыстық істі тіркеуге көшкені де айтылды.
Ақтөбе қаласы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссия отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында көптеген іс-шаралар жүзеге асыруда. Мәселен, өткен жылы комиссия мүшелері 700-ден астам адамға моральдық қолдау көрсетті. Бала күтіміне байланысты үйде отырған аналар «Бақытты отбасы» орталығы арқылы білім алып қана қоймай, жаңа кәсіп ашып жатыр.
Сондай-ақ былтыр «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн белсенділік» акциясы аясында халыққа үнпарақтар таратылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Биыл да бұл іс-шаралар өз жалғасын таба бермек.
Нұрсәуле ЖЫЛҚЫБАЕВА,
Ақтөбе қаласы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшесі

Басқа жаңалықтар